Қарағанды көктемі жазушыларды қарсы алды

 Биыл Қарағанды көктемі республикалық әдебиет фестивалін проза жанрына арнады. Естіген елді елең еткізіп, үшінші жылы сөз патшасы өлең-жырды қаңтарып, қара сөзге кезек берді. Қарағанды қалалық әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды филиалы ұйымдастырған рухани басқосуға бір топ жазушы қауымы жиналды. Жазушылар одағы бөлімшесінің төрағасы Жанат Жаңқашұлы: «Қазақ әдебиетін шетелдерге танытатын поэзия емес, проза. Өйткені өлең дүниесі аударылмайды, ұлы ақындарды өзге жұрт терең қабылдау үшін бәрібір түпнұсқаны оқу керек. Негізінен әлем ұлттық әдебиетті проза арқылы айқындайды» деп айтқаны рас. Қарағанды көш бастады, әдеби фестиваль тек ақындарға тиесілі деп қабылдайтын шаблонды бұзды. Енді бұйыртса, әдебиеттің қос жанры жыл аралап алмасып тұрады.

Фестивальдың ашылу рәсімі академик Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінде өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанында құрылған «Алқа» әдеби клубының көшпелі отырысында жазушылар қазіргі заманғы әдебиет мәселелерін, өз ұсыныстарын ортаға салды. Министрлік өкілі, «Геральдикалық  зерттеулер орталығы» РММ директорының міндетін атқарушы Шерхан Талап «Алқа» клубы арқылы бірқатар әдеби үрдіс жүзеге асып жатқанын айтты. Оқытушылар мен магистранттар қатысқан бұл мәжілістің мазмұнын толығымен «Әдебиет порталы» жариялады, авторы жазушы Жадыра Шамұратова.

Жанат Жаңқашұлы «Айбоз-2023» ұлттық сыйлығының лауреаты. «Бұл далада терең тартқан тамыры, Өз жұртың бар қазақ дейтін жады ұлы», «Біздің елде елім деп еміренбеу, Ерлер үшін екшелмес ауыр күнә» деп жыр жазған жас ақынның кісілік болмысы сөзінен бөлек еместігіне біздер екі күнде куә болдық. Мұның алдында Алаштың айтулы ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлының 75 жыл мерейтойы өткен екен. Ірі өндірісті индустриалдық қала руханиятты жатсынбайтыны білінді.

Біз мұнда өткенді де еске алуға келген шығармыз. Қазір қаралы тарихтың бұлтартпас айғағына айналған Қарлагта біздің халық бастан кешкен тілмен айтқысыз ауыртпалықты қос қабатты мұражайдың әр экспонаты, әр қуысы сездірді. Совет қоғамын жаппай террорға ұрындырған зар заман келмеске кеткенімен ащы шындығы санада өлмейді. 1937 жылы халық жауы болып ұсталып кетіп, сүйегі тоң басқан Магаданда қалған Кемелбай атамның ізімен келгендей сезіндім. А.Солженицынның нобельдік деректі повесінен гөрі Варлам Шаламовтың «Колыма әңгімелері» бұл дәуірді айқын суреттеп беруімен құнды. Миллиондардың саяси тұтқын атанып, құлға айналғандардың ұмытылмас жазмышы Арқаның төсінде болған құсасын Серік Ақсұңқарұлы қалай азалайды:

Қаракесек, Қуандық, Қаржастың

Табын-табын жылқысы жайлаған жер еді.

Оңбағандар ордасы қылды Қарлагтың

Абақты көрмеген Арғынға обал да болар демеді!..

Қапас түрменің сызын ілгерілекте Құрманғазы, Иманжүсіп, Мәди білді, бірақ мұншалық жаппай тұтылу, сұмдық тұншығу, беймезгіл өлім, аштық пен суық тұтас бір дәуірді ұрлап, сансыз ұрпақты обал етті.

Бұрын көрмеген жан қайдан білсін. Шахтер музейін көруге барғанда көмір кенін 13-15 метр жер астынан қазып шығаратын жанкешті ерлердің тіршілігі маған о дүниеге жер астына түсетін мифтік кейіпкерлерден бетер көрінді. Күн сайын көрге түскендей қараңғылықта шаң қауып көмір қазатын шахтерлердің ерлігін қатерлі, қиындығы анық мамандықтармен қатар қоюға болмайды, бәлкім, өрт сөндірушілермен тең. Шахтерлердің зейнетке шығу жасы 63 жас болмай, ертерек болса нетті.

Фестивальде жарияланбаған туындыдан ойылып алынған бір парақтан үздік проза таңдалды. Есімі көрсетілмеген авторды жабық конкурс арқылы анықтау қатысушыларды қызықтырып қойған тың эксперимент болды. Бұл жолы қарағандылықтар жершілдік феноменін жатсынып, рушылдық көзқарас кейде елдік мүддеге зияны тиіп жататынын ескеріп, бұра тартуды бұзды десек болады. Сөйтіп осы елдің тумасы Мирас Мұқашқа үздік үзінді үшін лайықты жүлдесін бермей тастады. «Қасым» кітап баспа үйінде бір беттік проза байқауының жеңімпазы Қанат Әбілқайырға Мұхтар Мағауиннің 26 том толық шығармалар жинағы бұйырды. Алты авторға Қарағанды облысының бес ауданының атаулы сыйлықтары тапсырылды.

Өмір Кәріпұлы, Төрехан Майбас, Әлия Бөпежанова, Асқар Алтай, Кенжебай Ахметов, Айгүл Кемелбаева, Дидар Амантай, Думан Рамазан, Мәдина Омарова, Нұржан Қуантайұлы, Серік Сағынтай, Жадыра Шамұратова, Жансая Жарылғап, Ұларбек Нұрғалым, Есболат Айдабосын, Қанат Әбілқайыр, Мирас Мұқаш – барша қатысушы ұйымдастырушылар тарапынан ерекше сый-құрметке бөленіп, оң әсері айқын шығармашылық жүздесуден сүйінішті күйде қайтты. Екі күн бойы Жанат Жаңқашұлымен бірге біздің қасымыздан табылған жан «Әлемді жаяу аралаймын» жобасының авторы, тревел-блогер Асхат Қажытай жол басын Ұлытаудан бастап, кейінірек Анкарадан  Батумиге дейін 1 111 шақырым жаяу жүріп өткен. Ол «Жаяудың жазбасы» атты кітабын жазып жүр, жазда Еуропаны жаяу аралаймын деп отыр.

Қарағандыдан оралған күннің ертесінде Қосшыға жолым түсті. Такси жүргізушісі қоғамның қалай тез өзгеріп жатқанын, еріншек, ысырапшыл жастардың қырық қадам жерге жиі такси шақыртатынын қынжыла айтты. 50 метр жерге такси шақыртқаны үшін 17 жастағы бозбалаға сен не мүгедексің бе деп ұрсып, ызадан ақшасын алмай кеткен екен. Мұндай бойкүйездік қатерлі.

Қаламға қадалған өмірдің мән-мағынасы тек әдебиетпен байланысты. Былтыр мен үшін жыл басы әдеби сапармен басталған еді, Орал қаласында жазушы Мұнайдар Балмолданың шығармашылық кешіне барғанмын. Қайта облыс орталығына айналған соң Семейде 13 ақпан күні 16 кітаптың тұсаукесері өтті. «Фолиант» баспасы шығарған екінші томға балаған кітабым «Мұнара» атауымен жарық көрді. Ақын-жазушылар көбінесе оқшау тіршілік кешуге бейім болғанымен оқта-текте өз саласында әдеби ортаға араласып, ой өрісін жаңғыртып тұруы рухани қажеттілік екені шындық.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы

   

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *