Қарағанды облысында заманауи спорт кластерінің құрылысы басталды. Аумағы 72 гектар болатын аймақта бұқаралық, балалар мен жасөспірімдер және кәсіби спортты дамытуға арналған нысандар салынады. Кешеннің орталық нысаны UEFA-ның 4-санатына сай келетін стадион болмақ.

— Спорт кластерін құру жобасын іске асырудың алғашқы қадамы — Футбол академиясының құрылысы болды. Жобаның серіктесі — Freedom Holding Corp компаниясының басшысы Тимур Турлов. Бұл мақсатқа 12 миллиард теңге бөлінді, — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бүгінде өңірде спорт нысандарымен қамтылу деңгейі 67,2%-ды құрайды. Қазір сегіз дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Қарқаралы қаласында стадион, Саран қаласында спорт кешені және Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында бассейн салынып жатыр.
Облыста қосымша білім берудің бірыңғай мемлекеттік тапсырысын орналастыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асуда. Ол спорт, мәдениет және білім салаларын біріктірді. Ваучерлік қаржыландыру бағдарламасы аясында 14 мыңға жуық бала спортпен және шығармашылықпен айналысу мүмкіндігіне ие болды.
Биыл мемлекеттік тапсырыс есебінен бес жаңа жекеменшік балабақша ашылып, 525 орын құрылды, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған балабақшаларда қосымша 522 орын пайдалануға берілді. 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 89,6%-дан асты.
Өңірде білім беру нысандарын салу және жаңарту жұмыстары жалғасуда.
— Жыл соңына дейін үш мектепке дейінгі ұйым ашып, қолданыстағы балабақшаларды қосымша 951 орынға кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Алты мектептің құрылысы аяқталды, олардың бесеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынды. Тағы бес мектеп қала және аудан деңгейінде бой көтеріп жатыр, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Биыл білім беру саласындағы 265 нысан жөндеуден өтті, оның ішінде 33 нысанға — мектептерге, балабақшаға, колледжге және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығына — күрделі жөндеу жүргізілді. Ауылдық жерлердегі 35 мектепте ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Мектептердің материалдық-техникалық базасын күшейту мақсатында 78 заманауи оқу кабинеті сатып алынды. Бұл жалпы қамтылу деңгейін 85%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
