Қарағанды облысында құтқарушылардың кәсіби мерекесіне және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында сала үздіктері мерейтойлық медальдармен, құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталып, бірқатар қызметкерлерге кезектен тыс атақтар берілді.
— Бұл күн — жай ғана мереке емес. Бұл — отыз жылдық еңбектің нәтижесі, қиын-қыстау сәтте көмекке келуге, адам өмірін сақтап қалуға әрдайым дайын болудың айғағы. Облыстың төтенше жағдайлар жүйесінде бүгінде екі мыңға жуық адам қызмет етеді. Олардың қатарында әскери қызметкерлер, азаматтық мамандар және мемлекеттік қызметшілер бар. Барлығыңыз – ел сенім артқан, құрмет тұтатын үлкен ұжымның мүшесісіздер. Соңғы бес жылда тек біздің өңірде сегіз мыңнан астам адамның өмірі құтқарылды. Баршаңызды Құтқарушылар күнімен және министрліктің 30 жылдығымен құттықтаймын! Қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін, — деді құтқарушыларды мерекелерімен құттықтаған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңірде төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл заманауи техника мен жабдықтар сатып алынып, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен спутниктік байланыс секілді жаңа технологиялар енгізілді. Теміртау қаласындағы өрт сөндіру бөліміне күрделі жөндеу жүргізілді, сонымен қатар облыс көлемінде алты нысанда реконструкция жұмыстары жүріп жатыр. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерде бес жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды.
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, құтқарушы мамандығы — ерлік пен адалдықтың, жоғары жауапкершіліктің символы.
– Бүгін біз үшін ерекше күн – Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл. Осы жылдар ішінде біздің қызметкерлер талай сынақтан өтіп, кәсіби шеберліктерін жетілдірді. Құтқарушы — бұл жай ғана мамандық емес, батылдық пен адамгершіліктің жолы, – деп атап өтті Марғұлан Аманбаев.
Мереке қарсаңында Теміртау қаласындағы жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Игорь Никулин «Құтқарушы» төсбелгісімен марапатталды.
– Біздің еңбегіміздің еленіп, бағаланғаны қуантады. 2014 жылдан бері Теміртау қалалық құтқару бөлімшесінде жұмыс істеймін. Бала күнімнен өрт сөндіруші болуды армандадым және осы таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Соңғы жылдары бөліміміздің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайып, техника жаңартылуда, – деді Игорь Никулин.
Азаматтық қорғау полковнигі атағы облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары Нұралы Смағұловқа, ал азаматтық қорғау подполковнигі атағы ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы Мақсат Әбүйіровке берілді.
– Мен бұл мамандықты саналы түрде таңдадым. Алдымен политехникалық колледжді бітіріп, кейін жоғары білім алдым. Азаматтық қорғау органдарында он үш жылдан астам уақыт қызмет етемін. Қызмет жолымды өрт сөндіруші болып бастадым. Барлық әріптестерімді министрліктің 30 жылдығымен және кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық пен отбасылық береке тілеймін, – деді Мақсат Әбүйіров.
Сондай-ақ департаменттің бірнеше қызметкері «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен, ТЖМ мен облыс әкімінің құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.
Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті 1995 жылы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың салдарын жою, сондай-ақ азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган ретінде құрылған болатын.