Бүгінгі таңда мемлекет қуаты жер қойнауындағы байлықпен емес, жас буынның ақыл-ой әлеуетімен өлшенеді. Өйткені елдің ертеңін айқындайтын басты күш – жаңа идея тудыра алатын, жасампаз ұрпақтың қолында. Осы мақсатта елімізде заманауи аналитикалық ойлау мен стратегиялық шешім қабылдауға бейім мамандар даярлайтын жаңа білім кеңістігі – «Талдау мектебі» жұмысын жалғастыруда.
Бес жыл ішінде бұл жоба еліміздің инновациялық дамуына өз үлесін қосып, бейстандарт шешім қабылдай алатын сарапшылардың жаңа буынын қалыптастырды. Енді аталмыш бастама өңірлерде де жүзеге аспақ. Сол игі істің алғашқысы – Қарағанды облысында іске қосылмақ.
— Біздің өңірімізге сенім білдірген Мәулен Сағатханұлына алғыс айтамыз. Бұл – аймақ жастарының әлеуетіне берілген жоғары баға, — деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Қарағанды – еліміздің индустриялды жүрегі ғана емес, талай білікті маман мен зиялы тұлғаның түлеген қасиетті мекені. Бұл өңірдің жастары еңбекқорлығымен, табандылығымен әрдайым ел дамуының алдыңғы қатарында келеді.
Жоба аясында қатысушылар қоғамдық үрдістерді бағамдау, саясат пен әлеуметтік саланың өзекті мәселелерін саралау, деректерді талдау және аналитикалық материал әзірлеу дағдыларын меңгереді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, еліміздің болашағы – аналитикалық ойлау қабілеті жоғары мамандардың жаңа толқынында.
Іріктеу нәтижесінде ең үздік 30 үміткер таңдалып, 8 қарашадан бастап оқуға кіріседі. Community қатарына 35 жасқа дейінгі кез келген маман қатыса алады.
Өтінім қабылдау шарттары:
Өтінімдер 4 қараша сағат 19:00-ге дейін қабылданады. Құжаттар келесі электронды пошта арқылы жіберіледі:
qaragandy.taldaumektebi@gmail.com
Қажетті құжаттар тізімі:
өтінім;
түйіндеме;
диплом көшірмесі немесе ЖОО-дан анықтама;
мотивациялық және ұсыныс хаттар;
аналитикалық материалдарға сілтеме (болған жағдайда).
Қосымша ақпарат Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының ресми аккаунттарында жарияланады.
«Талдау мектебі» – қоғам өміріне тың серпін әкелетін бастама. Оның түлектері болашақта ел дамуына қажетті шешімдер қабылдайтын, мықты стратег, батыл реформатор, көреген көшбасшы болмақ.
Жасампаз әрі білімді жастардың әлеуеті тек бір өңірдің ғана емес, күллі мемлекеттің дамуына қызмет етеді. Өйткені ұлт дамуы — саналы таңдау мен жүйелі еңбектің жемісі.
