1941 жылы 22 маусымда күндізгі сағат 12-де радиодан Коммунистік партиямен Кеңес халқына және армияларды фашистік отарлаушыларға қарсы күресуді хабарлады. Барлық Кеңестік халықтар сияқты Қарағандының еңбеккерлері Отанын, намысы мен бостандығын қолдан бермеуге, жауын құлату үшін барлығын жасады. № 44, 45 шахтаның бастығы, орден иегері Т.Күзембаев митингіге шығып, былай деді: «Біздің қала бар жанымен коммунистік партияға, Кеңестік басқаруға берілген, қажырлы еңбек ете алады. Біздің әрқайсысымыз өз орнымызды нақты жұмыс істеп, бұрынғыдан да көп көмір беруіміз керек. Егер керек болса, кез келген уақытта қолға қару алып, жауға қарсы шығуға дайынбыз».
№ 1 шахтаның жұмыскерлері 1941 жылы 22 маусымда өткен митингінің ұйғарымына: «Біз отанымызға мемлекеттік жоспардан көп, 100 және 1000 тонна жоғары сапалы көмір беру міндетін аламыз», — деп жазып алды.
Соғыс өрті Қарағандыдан сан мындаған шақырым қашықта өтіп жатқанымен оның тауқыметін Арқа жері де бірден сезді. Соғыстың алғашқы күнінен-ақ Отан қорғауға жарамдылар мен еріктілер қатарынан Орталық Қазақстанда әскери құрамалар жасақтала бастады. Бұлардың қатарында, Қызыл Тулы 72-гвардиялық Красноград атқыштар дивизиясы бар. Ол әуел баста 29-атқыштар дивизиясы ретінде 1941 жылдың соңы мен 1942 жылдың басында Қарағанды және Ақмола облыстарынан әскерге шақырылғандардан құралды. Осы дивизия 64-ші Армия құрамында Сталинградтың оңтүстік-батыс және оңтүстік жағында болған қорғаныс ұрыстарына, генерал-фельдмаршал Ф.Паулюстің 6-шы армиясын қоршап, талқандауға қатысты. Гвардиялық дивизияның одан арғы жауынгерлік жолы Румынияны, Венгрияны және Австрияны азат ету шайқастарымен ұласып, олар соғысты Праганың оңтүстік маңында аяқтаған.
Қарағанды топырағынан майданға аттанған тағы бір әскери құрама 378-ші Перекоп атқыштар дивизиясы. Бұл дивизия 1941 жылы жасақталып, 61-ші Армия құрамында сан ұрысқа қатысады. Дивизия Севастопольді, Бухаресті жаудан босату үшін болған шайқастарда ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ұлы Отан соғысының тарихында өзінің атын мәңгіге қалдырған Ленин орденді Қызыл Тулы 310-шы Новгород атқыштар дивизиясы да Орталық Қазақстанда жасақталды.
Бүгінгі күні тарихи деректер Қарағанды аймағынан 1941-1945 жылдары Отан қорғауға 45 мыңға жуық азаматтың аттанғанын дәлелдеп отыр. Олардың арасынан 18 мыңдай боздақ туған топырағына оралмай, майдан даласында, елден жырақта өшпес ерліктің үлгісін танытып, қаза тапты.
Иә, майдан даласында қарағандылық жауынгерлер ерлікпен шайқасты. Соның дәлелі ретінде 18 қарағандылық жауынгер – Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын алды. Қазыналы Қарағанды өз ерлерін ешқашан ұмытқан емес. Оларды әрқашан мақтан етіп, құрмет тұтады.
Жалпы фашизмге қарсы күресте көрсеткен батырлығы мен ерен ерліктері үшін 6587 жерлесіміз Кеңес Одағының жауынгерлік ордендерімен және медальдарымен марапатталған. Қолындағы қарумен жауына тойтарыс беру үшін мыңдаған кеншілер майданға аттанды. Олардың орнын әкелері, жұбайлары, ұлдары, қыздары басты. № 18 шахтадағы забойға зейнеткерлер жастарды тау-кендік жұмысқа үйрету үшін және көмір қазуға түсті.
Қарағанды қаласында майданға сәлемдеме жөнелтуге арналған салтанатты митингі сол 1942 жылдың 19 ақпан күні өтті. Оған халық көп жиналды. Сарыарқаның төрі Қарағанды майданға аз уақытішінде 28 вагон азық-түлік, киім-кешек басқа да керек-жарақ жинаған еді.
Өткен күндердің куәгері – сарғайған газет беттеріндегі осы оқиғаға байланысты жарияланған мына хабарды назарға алмай кету мүмкін емес. 1942 жылғы 20 ақпанда жергілікті басылымдар:
«Қарағанды шахтерлері, Балқаш пен Қарсақбай металургтері, Қоңырат, Жезқазған кеншілері, теміржолшылар, колхозшылар мен колхозшы әйелдер, біздің облысымыздың барлық еңбекшілері екі аптада даңқты Қызыл Армияның жауынгерлеріне, командирлері мен саяси қызметкерлеріне сыйлық дайындады. Біздің кең байтақ, облысымыздың әр түпкірінен май, ет, шұжық өнімдері, печенье, қант, шарап және басқа да тамақ салынған мыңдаған посылка әзірленді.
Кеше, ертеңгілік сыйлық тиеген эшелон Солтүстік-Батыс майданына жүріп кетті…» деп жазды.
Қарағанды өңірінің майданға жөнелткен бұдан да басқа көмегі ұшан-теңіз. Қазақстан тарихында көмірлі өңірдің бұл игі ісі былайша баяндалады: «Қарағандылықтар еліміздің қорғаныс қорын жасау жолындағы бүкіл халықтық қозғалысқа белсене қатысты. Олар 100 млн. сомнан астам соғыс заемы облигацияларын сатып алды, «Қарағанды шахтері», «Қарағанды теміржолшысы» танк колонналары, «Қарағанды әйелдері» атты санитарлық авиация звеносын құруға көп қаражат жинады. Қарағанды еңбекшілері фашистік басқыншылардан азат етілген Украина шаруашылықтарына зор көмек беріп, оларға 22 мың пұттан астам астық, 55 трактор, 40 трактор соқасын, 11 мың ірі қара, 40 мыңдай қой-ешкі, 2 млн. сомдай ақша жіберді. Қарағанды әйелдері Донбасс балалары үшін бақшалар мен яслилер салып жабдықтауға 3 млн. 307 мың сом ақша жинап, жөнелтті». Бұдан да басқа көмек-жәрдемдер көрсетті.
Соғыстың бірінші жылында «Қарағандыкөмір» трестінде 3268 мамандандырылған жұмыскерлер даярланды, олардың 1354 әйелдер болды.
Жауларын жеңу үшін қарағандылықтар көмір өндіруді екі, үш есеге көбейтті. Еңбек ерлігінің үлгісін көптеген шахталар көрсетті. Осылайша Костенко атындағы бірінші учаскенің ұжымы жоспар бойынша 15 погондық метр жүретін жерге 18 метр жүрді.
№ 18 шахтадағы Петровтың алдыңғы қатардағы бригадасы ауысымды тапсырысты 151% орындады. Осы бригаданың стахановшылары Т.Т.Бекенов, Буламбаев, Т.Петров өз аусымдарын әрқайсысы екі нормадан берді, ал осы шахтаның бекітушісі Т.Котельников тапсырманы 265% орындады, Т.Курмашевтің бригадасы тапсырманы 45 % жапты, бригаданың стахановшылары Т.Сыздықова, М.Абеуов, Жыламбеков 8-10 вогонеткадан көмір берді.
1941 жылы тамызда Кеңес үкіметі 1941жылдың төртінші тоқсанында және 1942 жылғы Еділ жағасы, Орал, Сібір, Қазақстан және Орталық Азия аудандарына «Әскери-шаруашылық жоспар» құрастырады. Бұл жоспар шығыс аудандарға өнеркәсіп пен әскери құрал-жабдықтарды енгізуге арналған. Оның негізгі назары алдағы шығыстың отын базасын кеңейту, Кузнецк, Қарағанды, Челябинск және т.б. көмір бассейндерде өндірісті арттыру еді.
Москваға шабуыл жасау күндері, Қарағанды шахталарында екі жүздіктердің қозғалысы туды. Кеңес Ақпарат бюро мәліметтерінде тек Кеңес Армиясының ерлігі жайлы емес, сонымен қатар, үшінші бүкілодақтық «кочегарканың» кеншілерінің жұмыстары: № 20 шахтаның бригадирі балға ұрушы Митрофанов пен Абдрахманов, айына 23 мың тонна көмір ұрып берген, ұратын машина жүргізушісі Степанов, норманы 700% орындаған Л.Т.Тотяев және т.б. жайлы ақпарат хабарланып тұрды.
1942 жылдың сәуірінде көмір өндірісінде көрсеткен үлгілі еңбегі үшін 800 жұмыскерлер ордендер және медальдарымен марапатталғаны туралы Жоғарғы Кеңес КСРО-ң Президиумының жарлығы жарияланды. Марапатталғандардың арасында 58 қарағандылықтар болды. Үкімет шахтаға соғыстың бірінші күндерінде келген қарт шахтерлар мен тау-кеншілердің тынымсыз еңбегін атап өтті.
№ 18 шахтаның ұжымдарында еңбек өндірісінің жоғарылауына жарыстар кеңейтілді. Бұл шахтада Донбас шахтерларының және тау-кеншілерінің көп отряды жұмыс істеген, 1943 жылы қаңтарда Бүкілодақтық көміршілер әлеуметтік жарысында екінші орынды иеленді. Оған Қызыл Ту берілді.
Қарағандының көмір базасы ретіндегі рөлі өте жоғары болды. Сол жылдары қазыналы өңірдің даңқы кең тарады. Оның өзіндік себебі де бар еді. Батыстағы ірі кен орындары, өндіріс ошақтары жау қолында қалып, барлық салмақ елдің шығысындағы енді ғана аяғьін қаз басып келе жатқан өндіріс саласына түсті. Соғыс Қарағанды аймағының шаруашылық және мәдени құрылыстың үшінші бес жылдық жоспарын орындауына кедергі келтірді. Отанға қауіп төнген сәттен-ақ барлық өндіріс ошақтары соғыс жағдайына қарай қайта құрылды.
Уақыт талабына орай облыс еңбекшілері «Барлығы майдан үшін»,«Барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етті. Қарағандының еліміздің басты көмір базаларының біріне айналуы да осы ел басына күн туған қаһарлы күндерде еді.
Жау басып алған мекендердегі кәсіпорындар елдің шығыс аумағына жаппай көшіріле бастаған сол жылдарда Қарағандыға да бірқатар кәсіпорындар, ғылыми-зерттеу институттары және басқа да мекемелер жеткізілген. Солардың ішінде ең негізгісі деп Пархоменко атындағы Луганск көмір машиналарын жасау заводын айтуымызға болады. Ол соғыстың алғашқы айларында-ақ Қарағандыға көшірілген. Соғыс кезеңінде Кеңес Одағының қолдағы барлық соғыс және өндірістік арсеналарды ұтымды шоғырландырып, жаңа жағдайға шапшаң қалыптастырғанын айту қажет.
Тез арада қатарға қосылып, өнім шығара бастаған Пархоменко атындағы заводтың жасаған кен жабдықтары Қарағандының, Сібір мен Қиыр Шығыстың көмір кеніштеріне жөнелтілді. Қарағандыға кен жабдықтарын жасау заводының көшірілуі, әрі білікті маман-инженерлердің келуі Қарағандыда көмір қазу машиналарын жасау ісін дамытуға кең жол ашты. 1942 жылы Жаңа Қарағанды кен-шахта және машина жасау зауыттарын қосу ісі қолға алынды.
Соғыс алапатына қарамастан өңірде бейбіт өмірдің нышанының бірі ақындар айтысы өтті. Ақындар айтысының жаппай етек алып жандана түскен кезі 1943 жыл болды. Қазақстан жазушылар одағының III пленумы шақырылып, оған көрнекті халық ақындарының бір тобы қатысты. Кенен Әзірбаев пленумда сөйлеген сөзінде халық ақындарының еңбекшілерді жеңіске жігерлендірудегі патриоттық істерін айтады. Аудандар мен облыстарда айтыс өткізу ұйғарылды. Жазушылар одағына, облыс басшыларына да нақты тапсырма берілді. Әуел баста «Советтік Қарағанды» (қазіргі «ОрталықҚазақстан») газет ұжымынан шыққан осы бастаманың ел басына ауыр күн туған шақтағы елге тигізер оң ықпалын жете ұғынды. Айтысты ұйымдастырып, өткізуге қазақ әдебиетінің ірі өкілі, сөз зергері Ғабит Мүсірепов бөлінді. Осы ақындар айтысы туралы газеттің сол кездегі редакторы Ә.Қарағұлов өзінің «Баспасөз және уақыт тынысы» кітабында былай дейді: «… Қарағандыға Доскей Әлімбаев дейтін көпті көрген көне, белгіл халық ақыны барды».
«СоветтікҚарағанды» газетінің редакциясы 1943 жылдың 13 маусымында бассейнде ақын-жазушылар мен кеншілердің кездесуін өткізген. Жиынның ресми бөлігі аяқталған соң ортаға екі ақыншықты. Бұлар №18 және №20 шахталар атынан айтысқа шыққан ақындар Қайып Айнабеков пен Ілияс Манкин болатын. Осы екі ақынның айтысын Ғ.Мүсірепов қорытады. 14 тамызда Қарағанды мен Балқаш қалалары халық ақындарының айтысы өтіп, Қарағандының намысын Көшен Елеуов қорғаса, балқаштықтар атынан Шашубай Қошқарбаев шығады. «СоветтікҚарағанды» газеті редакциясы ұжымының шағын бөлмесінде туындаған осы идея үлкен халықтық дүбірлі сайысқа ұласты.
Тек 1942-44 жылдар аралығында Қарағандыға еліміздің Батысынан 50 мыңнан астам адам көшіріліп әкелінді. Олар шахталарда, өндіріс орындарында, сондай-ақ халық шаруашылығының түрлі саласында еңбек етті.
Қарағандының соғыс жылдарындағы еңбек қарқынын еселей арттыруына Мемлекеттік Қорғаны сКомитетінің 1942 жылдың 13 қыркүйегіндегі қабылданған «Қарағанды көмір бассейнінде көмір шығаруды ұлғайту жөніндегі шұғыл шаралар туралы» және БК/б/П Орталық Комитетінің осы жылдың 24 қыркүйегінде қабылданған «Көмір шығаруды ұлғайту міндеттерінің қойылуына байланысты Қарағанды көмір бассейнінде партиялық жұмысты жақсарту жөніндегі шаралар туралы» қаулылардың маңызы зор болды. Себебі 1942 жылдың күзінен бастап кеніште көмір өндіру көлемі күрт өсті. Жаңа шахталар қауырт ашыла бастады. Егер 1941 жылы өндірістік қуаттылығы жылына 550 мың тонна жаңадан үш шахта ашылса, ал 1942 жылы қуаттылығы анағұрлым жоғары 12 шахта және екі көмір разрезі пайдалануға мына жайды анық байқауға болады. Қарағандыға соғыстың ең қиын кезендерінде көмір өндіру мөлшері үздіксіз өсіп отырған. 1941 жылы Қарағанды кеніші жыл ішінде 7,2 млн.тонна көмір шығарды. Ер азаматтардың майданға кетуі, білікті мамандар қатарының сирексіп қалуы, жер асты ауыр жұмысына әйелдердің, жасөспірімдердің тартылуы көмір өндірудің көрсеткішіне әсерін тигізбей қалған жоқ. Оны 1942 жылы бассейннің бұған дейінгі жылдан сәл аз, 7 млн. тонна көмір өндірілгенінен-ақ анық аңғаруға болады. Алайда бұдан соң жағдай күрт өзгерді. 1943 жылы 9,7 млн. тонна, 1944 жылы10,9 млн, тонна, ал 1945 жылы 11,3 млн. тонна көмір өндірілген. Сол жылдардың деректері тағы да мына жайларды мәлімдейді. Соғыс жылдары Қарағандыда кокстелген көмір шығару 2,3 есеге артқан, егер лавалар мен забойларда соғыс жылдарында 43 мың адам еңбек етсе, олардың 35 мыңы жаңадан қабылданғандар еді. Шахтада еңбек ететіндердің біршамасы әйелдер мен қарттар болды. Кеніштің ауыр жұмысына 12 мыңнан астам әйелдер (соның ішінде 2450-і тікелей жерасты забойына) тартылды. Солардың араларынан ерен еңбегімен көзге түскен Ж.Мұқанова, К.Құлжанова, А.Жданова, М.Каримова, Л.Лукина, З.Раева, М.Смағұлова, Б.Ташкеева, М.Тұрлыбаевалардың есімдерін атап өтуге болады.
Темірғали Аршабеков,
Қарағанды облыстық
ғылыми- техникалық құжаттама жөніндегі
архив басшысы