Қарағандының жаңа Бас жоспарын әзірлеу басталды. Кәсіпкерлер қала құрылысы құжатына қатысты өз пікірлерін білдірді.
Бас жоспарды әзірлеушілердің қатысуымен Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы құрылыс, ТКШ және энергетика салалық кеңесінің отырысы өтті.
– Қарағандының бас жоспары 2007 жылы қабылданды. Қазіргі жағдайда ол қаладағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты түзетуді қажет етеді. Бұл өте маңызды құжат, – деді Кеңес төрағасы Төлеген Әшімов.
«Қарағанды қаласының қала құрылысы кадастрлық орталығы» ЖШС директорының орынбасары Виктор Ярошевский бас жоспар елді мекеннің болашақ 25-30 жылға дамуын айқындайтынын атап өтті.
– Біз қазір қаламызды дамыту жолының басында тұрмыз. Бүгінгі таңда материалдар жинау, инженерлік зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Біз қандай да бір тұжырымдаманы наурыз айында ғана көрсете аламыз. Даму барысында басқа қалалардың тәжірибесі пайдаланылады, – деді ол.
Отырысқа қатысушылар штаб ұйымдастыруды немесе тұрғындарға қаланың Бас жоспары бойынша өз ұсыныстарын немесе ескертулерін айта алатын электрондық платформа құруды ұсынды.