Әдетте оқырман өлеңнен өзін іздейді. Көргенін, естігенін, басынан өткергенін, жанына жақынын тауып жатса тіптен құныға түседі де, сол шығарма есінде қалып қояды. Немесе «осылай екен-ау, ә» деп таңғалған жағдайда көкейде қалады туынды.
Тура сол сияқты, Мұқағали Мақатаевтың «Бозқараған» атты өлеңін мектеп оқушысы кезімде оқып таңғалғаным бар. Өлең қараған туралы болғанымен, шығармадан оның иісін таппағандықтан таңырқасақ керек. Бала күнімізден ішінде мал бағып, аң қағып өскен кәдімгі қараған ғой. Қыста жылқышылармен бірге қоста отына жылынып, жазда самаурын қайнатып, шайын ішкен қараған болған соң, мұның сиреньге не қатысы бар деп ойлағанбыз да қойғанбыз. Қарағанды бізден артық білетін кім бар деген балаң ой ғой, баяғы. Сондағы бізге беймәлімі өлеңнің алғашқы шумағы ғана еді.
Бозқараған…
Көрдің бе бозқараған?
Сирень иісі аңқиды боз даладан.
Бозқараған – тікенек, тікенге өскен
Сирень гүлін ешкім де қозғамаған.
(Соның аты, біздіңше – Бозқараған).
Бұл жерде біздің оқушы санамызға жат көрінгені – сирень иісі. Өйткені көктемде гүлдеген қарағанның өз иісі де жұпар аңқитынын жақсы білуші едік. Кейін қалаға оқуға келгенде сирень гүлімен таныстық. Сирень иісі қарағанның хош аңқыған гүлінің иісіне ұқсап шыға келген де, өлең құпиясы сонда ашылған. Сирень ағашы біздің далада өспейді. Есесіне шоқы-қыраттардың қойын-қонышын толтырып қараған өседі. Күзде – тікенек ағаш, көктемде бірер жұма гүлге айналады қараған. Сирень де солай. Көктемде он, он бес күн жұпар атып гүлдейді, қалған уақытта тырбиған ағашы мен жапырағы ғана қалады. Ал екі өсімдіктің гүлдерінің таңғажайып иісі бірдей. Ақын соны біліп жазған: «бозқараған – тікенек, тікенге өскен, сирень гүлін ешкім де қозғамаған. Соның аты, біздіңше – Бозқараған», деп.
Өлең осылай басталады да әрі қарай қазақ ауылының өмірін сипаттап кетеді.
«Қара судың жағасы бозқараған,
Бозқараған бұтағын қозғама, адам.
Бозқараған ішінде бойжеткенге,
Бозбалалар бозарып көз қадаған.
Бойжеткендер тойларын жасарында,
Бозқараған жанатын ошағында.
Әтір иісін әкеліп аш ауылға,
Желік беріп тұратын жеңгейлерге,
Жер түбіне біреумен қашарында!» дейді. Бойжеткенге көз қадаған бозбаланың немесе бозбалаға көз салған бойжеткеннің ішіндегі от пен ошақта лаулаған оттың байланысын тілмен айтып жеткізу қиын. Абай айтпақшы «Көзбен көр де, ішпен біл». Бір-біріне көз салған қыз бен жігіт махаббатының куәгері – қараған кейін бас құрағанда да ошағын жылытып жанып жатқанын көреміз. Қараған сонда қазақ өмірімен тұтасып шыға келеді. Кең далаға қаптай біткен бұл өсімдік мал мен жанның панасы. Тәңірдің жаратылысы. Ал сирень адам қолымен отырғызған жаратынды болса керек.
«Әтір иісін әкеліп аш ауылға» дегенде автор соғыстан кейінгі елдің тұрмысын айтып тұрғаны одан кейінгі жолдарда анық байқалады. Тамағы тоқ болмаса да, қараған гүлінің әтірі бойға қуат беріп, сезімдерді оятып, желік бітіретін. Демек бір шеттен өмір иісін шығарып қоятынын емеурін етеді.
«Қарасаздың тоғайы – сайран бағы,
Сайран бағын неліктен ойрандады?
…Бозқараған гүлін ап, хатқа салып,
Жіберуші ек туысқа майдандағы.
Бозқараған!
Армысың, қасиеттім, бөзге ораған!
Қайда әлгі бойжеткенің көз қадаған?
Қайда жеңгем? Соңынан сөз бораған…»
Бозқараған гүлін хатпен орап жіберген сүйген жардың сағынышы өтеусіз, үміті ақталмаған. Майданнан сүйгені оралмаған. Сүйгенімен бозқараған түбінде табысқан сол жеңгесі тағы бір көктемде ауыл шетінен әтір иісі аңқып сала бергенде, өзгенің етегінен ұстап кете барды ма, жоқ, бойын желік қысып қалаға бет алды ма, жұмбақ. Соңынан сөз борамағанда қайтеді жеңгесінің?! «Соғыс келіп айналдырған тоз-тозға» дегендей, қазақ ауылдарының тағдыры елестейді көзге…
***
Ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы да ағыл-тегіл құйылып, әртүрлі ағыс қарқынымен ала қашады. Қазанаттың үстінде қалқығандай емес, қазақ сөзінің құдіреті билеп бара жатқандай тұла бойды. Сарқырап, құлдилап, құлдыраңдап екпіндеген бала толқын, жас толқын, ана толқын құйқылжып барып басылыңқырап, қайыра қарқындайды. Аласұрған күйге келіңкірейді. Қайткенде де бірқалыпты ырғақ емес. «Мылтық алған саятшы түгілі, тірі жан маңайынан жүрмейтін», атауының өзі тағдырына көрінген Жетімкөлдің басында бір мазасыздық бары бастапқы бөлімнен-ақ білінеді. Сол мазасыздыққа оқырманды қоса тартып бара жатқанда, кілт тоқтайды да адам тағдыры қосамжарланады.
«Бала жатыр төсекте албыраған,
Әке жатыр еденде қалжыраған.
Түн күзетіп ана отыр, қос жанары,
Шарасыздан шаршаған, жаудыраған», деп манағы аққуларсыз әрі-сәрі күй кешкен Жетімкөлдің жағдайына мына отбасының тағдырын жалғап қояды. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы осылайша әрнеден секем алған жарау аттың құлағын қайшылағанындай тосын басталады да, жүйткіген жыр ағысына бірден батырады. Алты ай қыс айдынын сағынып жеткенімен, келген бойда бірден құлап қона кетпеген аққулардың өзі, одан кейін мүлде жоламай кеткені, құс түгілі кісі баласы жуи бермейтіні, сөйте тұра көл бетінің тыншымауы…
Жалпы біз қасиет дегенді қалай түсінеміз. Шығарма «Қасиет… Қасірет… Қасірет… Қасиет…» деп аяқталады ғой. Автор осылайша түйінінде бәрін айтып тастаған секілденеді. Бірақ бәрібір бір жұмбағы бүгулі қалғандай сезіледі. Өлең сөздің қасиеті де осында. Ауру меңдеген бала, шарасыз сенделген ана, дәрменсіз әке не істеу керек? Көптен ауырған жалғыз баланың өлмелі күйін көрген ата-ананың шығарда жаны. Мұндайда бір ауыз сөздің өзі дәтке қуат. Бағанағы тәуіптің «аққумен аластаңдар» деген сөзі бар ғой, сүйенерге басқа үміт қалмаса, кім де болса сөйтеді. Иә, қайтеді екен? Ақынның сұмдық шешімі осы тұс. Оқиға өмірде болды-болмады, тіпті ол жағы да маңызды емес. Автор осы шешімі арқылы ана образын көтеріп тұрған жоқ па? Туған баласы үшін, ұрпақ үшін ана қандай тәуекелге болсын барады. Баласы сонда кетіп бара жатса арыстанның аузына кіріп аман алып қалуға бар. Сіз Мағауиннің «Шақан Шерісін» еске алыңыз. Онда әке, шеше, бала шай ішіп отырғанда жапандағы жалғыз үйге гүр етіп жолбарыс кіріп келіп, үстелдің шетіндегі бес жасар баланы белден бір-ақ қысып алып жөнелгенде, кім қандай әрекет етуші еді? Азуына ат байлайтындай қайратты Шақан, батыр Шақан қарекет қылмақ түгілі, отырған орнынан тұруға жарамай қалмай ма? Ал әйелі, жолбарыстың аузында кеткен баланың анасы ұшып тұрып, көсеуді ұстап жолбарыстың соңынан қуа жөнеледі. Сол аңырған күйінен айығыңқырап, ақылын жия бастаған Шақан орнынан тұрып есіктен шығуға жарағанда, баланы тастай сала анасына шапқан жолбарыс әйелін көз алдында жайратып кете барады. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында оқиға басқа демесеңіз, ананың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі мен тәуекелі бұдан бір кем түспейді. «Аққуды атпа, досыңды сатпа» дейді қазақ танымы. Тегін айтпайды ғой. Ал ана болса ұрпағын сақтап қалу үшін халық аттамаған қасиетті тәрк етеді. Мүмкін Адамды алма жеуге мәжбүрлеген Хауа ана жерге ұрпақ сүйіп, адамзаттың тұқымын көбейтуді көздеп түскен болар, кім біліпті. Баласының емі үшін аққуды атқан ананың ойы да осындай. Ауырып жатқан өз баласы ғана емес, адам деп есептеген дұрыс. Ал бір адамның өмірін сақтап қалу бар адамды құтқарып қалғанмен тең. Өлетін бала анасы аққуды атпаса да өлетін еді, әрине. Дегенмен, шығармадағы әке мен ананың диалогінде үлкен мән, адамзаттық сезімдер қылаң береді. Күйеуі бара алмаған ерлікке әйелі тәуекел еткені және табиғаттың оған қайырған жауабы… Меніңше бұл Жетімкөлде аққуды атып өлтіргенде, үйдегі баласы да жантәсілім еткен болар. Содан кейін жылқы баққан даланың адамы, оны – табиғаттың тілі деген дұрыс. «Білмеймін, cop аттың ба, бақ аттың ба? Аққуға кезенерде ырым жасап, Тым құрса саусағыңды қанаттың ба?» дей ме әйтпесе? Мұнда да неше мың жылғы қазақ танымындағы нанымдар қатталып тұр. Тәуіптің келуі, қан шығару деген сияқты.
Бағасына жетпесең қасиеттің қасіретке айналып шығуы оп-оңай екен. Бұл қазақ әдебиетінде көнеден жырланып келе жатқан тақырып болса да, ақынның осы поэмасында шырқау биігіне жеткен. «Қасиет! О, қасірет! Осындай ма ең? Сорымның қалыңдығы шашымдай ма ең?! Қасиет! Қасиеттер ұшып кетті, Қасірет! Қасымдағы досымдай ма ең! Қасиет… Қасірет… Қасірет… Қасиет…» деп аяқталады.
Өкініштісі, ана баласынан айырылса, айдын аққуынан айырылды…
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ
