Бала кезімнен естіп өскен «Қарағым-ай» әні Нұрлан Өнербаевтың орындауында жай ғана ән емес еді. Ол — үнсіз ғашықтық, ішкі толғаныс, жүрек сыбырын жеткізген әсем әуен еді. Ал кейінірек сол әнді Димаш Құдайбергеннің орындауында естідім. Керемет дауыс. Биік нота. Техника. Бірақ бір сәтке маған ән өзімнен алыстап кеткендей көрінді.
Сонда мен өз-өзімнен сұрадым: әннің сұлулығы оның дыбысы ма, әлде мағынасы ма?
Ойым дәйексіз, негізсіз болмасын деп аз-кем іздендім. Айтпағымды ғылымнан таптым:
Н. Гиляровская, «Проблемы интерпретации в вокальном искусстве» еңбегінде бұл туралы егжей-тегжейлі зерттеген екен. Осы ойымды жазуға арқау болған жерін түртіп алдым:
«Задача певца — не только следовать музыкальной партитуре, но и раскрыть поэтический и духовный смысл произведения, невидимый на нотном стане.»
және
«Каждое произведение несёт в себе культурный код своего времени и нации. Игнорировать его – значит нарушить художественную истину интерпретации.»
Демек, біз музыка туралы көп айтамыз. Бірақ музыкадағы мән туралы аз сөйлейміз.
Біз вокал диапазонын, сахналық харизманы, ноталық дәлдікті дәріптейміз.
Бірақ бір сәтке тоқтайық:
Сіз соңғы рет ән мәтінін тыңдап жылаған кезіңіз есіңізде ме?
Дауысқа емес, сөзге, ойға, мағынаға егіліп тыңдаған кезіңіз ше?
Н.Гиляровскаяның бұл еңбегінің музыкалық білімдегі орны туралы да іздендім. Нәтижесі: “Книга стала основой для вокальных школ и академий, где изучается интерпретация как творческий акт, а не техническое воспроизведение.”
Содан менде бір сұрақ туындады: біздің өнер академияларында осы пән өте ме екен? Өтсе, бұл пікіріме мамандар қандай ой қосар екен?
- Нұрлан Өнербаевтың интерпретациясы
Нұрлан Өнербаевтың орындауында «Қарағым-ай» — сабырлы тамсану, үнсіз сүйсіну, ішкі мәдениет пен ұлттық естіліктің көрінісі. Оның қоңыр дауысы – дәстүрлі қазақ поэтикасының бейнесі. Әнді жеткізуінде ақындық интонация, лирикалық баяндау, поэтикалық мәтінді сақтау басты орында тұр.
Бұл интерпретация когнитивтік вокалистика аясында көрінеді: әнші мәтіннің мағынасын, лирикалық кейіпкердің психологиясын терең сезініп, әр сөздің бояуын тыңдаушыға жеткізе алады.
- Димаш Құдайбергеннің интерпретациясы
Димаш Құдайберген — вокал техникасы тұрғысынан әлемдік деңгейдегі әнші. Оның орындауында бұл ән драматургиялық қақтығысқа ұқсайды. Жоғары ноталар, эмоциялық кернеу, ішкі жан айқайы — бұл интерпретация романтикалық трагедия стиліне ауысып кеткен.
Мәтіннің мағынасы үнсіз тамсанудан гөрі қасіретті, ішкі күреске айналған. Мұндай тәсілде экспрессивтік деформация байқалады — яғни поэтикалық мазмұн орындаушылық техниканың көлеңкесінде қалып қойған.
«Қарағым-ай» ән мәтінінің табиғаты мен мағынасы: философиялық-поэтикалық интерпретация:
Бұл ән – трагедия емес, тамсану. Бұл – меншіктеу емес, парасатпен сүйе білу. Мұнда поэзиялық сабыр, өмірлік қабылдау және рухани биіктік жатыр. Автор ғашық, бірақ сол ғашықтықты шылқыған эмоциямен емес, парасатты пайыммен жеткізеді.
Мәтіннің мағыналық ерекшеліктері:
- «Сұлулық осындай болады екен…»
— Бұл таңданыс, сүйсіну, бірақ «менікі бол» деген талап жоқ. Бұл – еркіндікке құрмет, сұлулықты бақылаушы көзқарас.
- «Адамдар өмірге қонақ екен…»
— Мұнда барлық сезім уақытша, тағдырға өкпе емес, түсіністік бар. Поэтикалық трансценденттік ой.
- «Сені кімге қосады екен…»
— Қызғану емес. Бұл – тағдырға иек арту, парасатты махаббат. Бір жағынан, пәлсапалық сұрақ, бір жағынан – қабылдау.
Димаштың интерпретациясы неліктен мәтін табиғатына сәйкес келмейді?
Димаш бұл әнді эмоциялық драма, жан айқайы ретінде интерпретациялаған. Бұл — мәтіндегі парасатты, сабырлы, ойлы махаббатты басқа кеңістікке — трагедиялық, жеке қасірет кеңістігіне аударып жіберген.
Мәтінде «жылау», «бөлу», «қайғы», «үмітсіздік» жоқ, бірақ оның орындауында:
- Әр нотада жан дауысы,
- Әр тіркесте күйініш,
- Әннің бүтін табиғаты – драмаға айналады.
«Қарағым-ай» – ғашықтықтың көркем мәдени кодталған нұсқасы
- «Қарағым» – қазақ мәдениетінде мейірім мен қорғауға бағытталған сөз, көбінесе өзінен жасы кішіге, әлсізге, сүйкімдіге айтылады.
- Бұл жерде ер адамның әйелге бұлай қарауы – меншік емес, жүрекпен, оймен сүю.
“Кішінің үлкенге емес, үлкеннің өзінен кішіге айтатын сөзі. Жақсы көргенде, риза болғанда айтатын жасы үлкен адамның сөзі. Сол арқылы ән-өлең туды.”
— Шөмішбай Сариев (автор)
Немесе,
«Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме!
Ойынға, құр қаларсың, көңiл берме.
Оқымай ойын қуған балаларға…»
Мағжан Жұмабаев
«Қарағым» сөзінің семантикалық табиғаты: көздің қарашығындай көру мен қорғау ұғымы.
«Қарағым» — «қарақ» + «-ым»
“…Көз — қарақ,” С.Сейфуллин
«Қарағым-ай» әні арқылы біз екі түрлі көркемдік шешімге куә болдық:
– Бірі — поэзияны сақтаған үнсіз тамсану;
– Екіншісі -поэзияны жаңа формаға салған дауыстық шарықтау.
Бұл айырмашылық -заманауи орындаушылық өнеріндегі басты сұрақтың өзегі:
Әнші өз дауысын көрсете ме, әлде әнді сөйлете ме?
Әр кезеңнің, әр көрерменнің таңдауы әртүрлі. Бірақ бір нәрсе анық: ұлттық поэтикалық интерпретация — жоғалмауы тиіс рухани код.
Бұл- Димашты жамандау емес.
Керісінше — ол дауыспен емес, талғаммен жұмыс істейтін әншілер қатарынан.
Бірақ дәл соның вокалдық техникасымен жасалған интерпретация кейде поэтикалық мәтіннің салмағына қарсы келе бастағанын байқап отырмыз.
Бұл тек Димашқа ғана тән емес. Мұндай жағдай әлемдік сахнада бұрыннан бар үлгі.
Мысалы:
Уитни Хьюстон – “I Will Always Love You” (cover)
- Вокал техникасы тамаша, эмоция күшті.
- Бірақ Долли Партон жазған парасатпен қоштасу, іштей риза болу интонациясы —
Уитнидің орындауында жан айқайына, жоғалту қасіретіне айналып кеткен.
Экспрессивті деформация:
дыбыстық әсер поэтикалық мазмұннан басым түседі.
Андреа Бочелли – “Vivo per lei” (кейбір дуэт нұсқаларында)
- Әнді махаббат туралы романтикалық поп-шлягерге айналдырып жібереді.
- Ал бастапқы мағынасы — музыкамен өмір сүру,
кәсіби жалғыздық пен өнерге адалдық жайлы күрделі философия болатын.
Димаш та осы екі интерпретациялық тәсілді жақсы меңгерген әнші.
Ол техникалық шыңға шыққан,
бірақ кейбір әндерде поэтикалық мәтін тек эмоцияның фонына айналып кетеді.
Поэтикалық жауапкершілік туралы ішкі эксперимент
Бір қарапайым эксперимент жасап көрдім.
Өзімді осы әндерді арнаған адамның музасы, шабыт көзі деп елестеттім.
Егер маған арналған өлеңде:
«Кел десең, неге аяйын аттың терін…»
“Тау ішінде” әніндегі «Білгейсің келгенімді жалғыз өзім…»
– деген сыршыл да батыл жолдар ойнақы, жеңіл, әзіл аралас мақаммен айтылса, мен елең етпес те едім.
Өйткені бұл жолдар — жүректің үнсіз дірілі. Ол ойнақылықпен емес, парасатпен ғана жетеді.
Сезім мен сөздің тереңдігі
Бұл өмірде ойнақылық – тыйым емес. Бірақ күлкіге, пранкке айналған сезім – әсерін жоғалтады.
Мысалы, жігіт қызға шынымен ғашық болса, оған өзінің ірілігін көрсетудің орнына қыз қанша жерден досы я еркекшора болса да оған «брат», «красавчик» деп айтса болмысына сын әрі бұл қылығы сезімін білдірмек түгілі, қыздың көңіліне қаяу түсіреді емес пе?!. “Айта салдым, онда тұрған не бар?” деп ойлайтын жігіт интеллектуалды қызды баурап алмасы анық. Сол сияқты сөз қадірін білетін тыңдарманға әннің сөзін жеткізуде де жауапкершілік керек-ақ.
Ойымды Барбараның (Моник Серф) циататасымен қорытындылағым келеді.
“Il ne faut jamais faire pleurer une chanson plus qu’elle ne pleure déjà.”
«Әннің өз қайғысынан артық жылауға мәжбүрлеме.»
Эмоция — спектакль болмауы керек.Интерпретация — мәннің көлеңкесі емес, оның сәулесі болуы тиіс.
Салтанат ҚАЙЫРБЕК,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын