Әлішер Жақыпбеков. Оны теміртаулықтар біледі, таниды. Қаланы, шаһардың адамдарын жақсы көреді. Қазір зейнетте, бірақ қоғамдық жұмыстан қол үзген емес, өйткені, тағдырын Теміртаумен тоғыстырғалы бойындағы білімі мен білігін, парасат-пайымын осы жердің дамып, гүлденуіне, рухани құндылықтарымыздың арта түсуі жолында сарп етіп келеді. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деген халық мақалын өмірінің өзегіне айналдырғалы бері, бір сәтте те дамыл тапқан емес. Рас, еткен еңбегі, төккен тері оны құрметке бөледі. Қазір ол «Теміртау қаласының құрметті азаматы».
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз қарапайым қала тұрғыны – Әлішер Жақыпбеков. Қарапайым деп бекер атап отырғанымыз жоқ, шындығы сол. Қазақстан Магниткасының алтын бесігі – комбинатта слесарь-механиктен цех басшысы лауазымына дейінгі сан соқпақты сүрлеуді сүрінбей басып өтті. Кеудесінде ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені жарқырайды. Мансапқа масаттанбады, құрметке кеудесін кермеді. Қашан көрсең де үлкен-кішінің алдында қамқорлығымен дараланып тұрады.
– Менің ешкімнен ешқандай айырмашылығым жоқ, ең бастысы бойымызға атаның күшімен, ананың сүтімен дарыған адамдық қасиетті одан әрі дамытып, қысылғанға қол ұшын беру, жылағанды жұбату, қуанышқа ортақтасу, адасқанды тура жолға салу – адамдарды жұдырықтай жұмылдыратынын ұғынсақ, сол жеткілікті. Сонда ісіміз де алға жылжиды, ойымызға алған мақсат-мұраттарымызға жетеміз, – дейді өзі байсалды қалпымен.
Әлішер Жақыпбеков Теміртауға осыдан тура елу жыл бұрын келді. Қазіргі Түркістан облысының тумасы, көпбалалы қарапайым отбасында өсті. Орта мектепті бітірген соң, кейбір сыныптастары ауыл тірлігіне бейімделіп, мал шаруашылығына араласты. Ал бозбала Әлішердің тағдырын күрт өзерткен жайт оның әскер қатарында жүрген кезінде басталды. Бір күні газеттерден Теміртаудағы ВТУЗ-ға оқуға шақырған (қазіргі Қарағанды индустриялық университеті) хабарландыруды оқиды. Сөйтіп, жас сарбаз хат жазып, әскерден соң Теміртауға табан тіреді. Бұл 1973 жыл болатын. Осылайша Әлішер Жақыпбеков «Металлургиялық жабдықтарды механикаландыру» факультетіне оқуға түседі.
– Ол кездері жазғы каникул кезінде студенттер комбинатта жұмыс істеп, тәжірибе жинау және еңбегіне қарай ақша табу мүмкіндігі бар болатын. Мен жазғы еңбек семестріміді ЛЦП-2 цехында өттім, ал бұл цех кейін менің сүйікті жұмыс орныма айналды, – дейді өткен күндер туралы айтқанда.
Жаны қалаған мамандығына деген сүйіспеншілік және металлургияға деген қызығушылық жас студенттің таудай талабына қанат бітірді. Сөйтіп, бұндай тәжірибе кейіннен болашақ инженер-механикке үздіксіз ою қондырғысының жинақтаушысы бойынша лайықты дипломдық жұмыс тақырыбын берді және рационализаторлық мазмұнға ие болды. Металлды оюдың ортаңғы бөлігінің жылдамдығын төмендетпеу үшін Әлішер практикалық цикл құрылғысының дискісін теориялық тұрғыдан қайта құрды. Мұндай құрылғының ерекшелігі, металл жолақтарын ұстауға арналған қақпалар өздігінен ашылады және жұмысшылардың жұмысын жеңілдетеді. Айтып айтпай не керек, осы диплом жұмысындағы Әлішер Жақыпбековтың рационализаторлық ұсынысы 1996 жылы өндіріске толықтай енгізілді. Нәтижесінде механизмді жөндеу мерзімі қысқарды, жинақтағыштың қызмет ету мерзімі ұлғайды, металл өндірісі 15 пайызға өсті, жұмысшылардың жұмысы айтарлықтай жеңілдеді.
Әрине, металлург мамандығының өзіне тән қыры мен сыры, қиындығы мен қызығы бар. Ең бастысы, жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі. Бұл ретте Әлішер Жақыпбеков прокатшылардың жұмысын жеңілдету, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында көптеген тың идея мен нақты ұсыныс-пікірлерін айтып, олардың өндірісте жүзеге асуына атсалысты. Сонымен қатар ол бес клетті станның ою агрегаттары мен эмульсиялық жүйесін қайта құру, кран астындағы жолдарды, жүк көтергіш механизмдерді жөндеу бойынша көптеген пайдалы жұмыс істеді. Мұнан басқа контейнерлерді автоматты түрде ашу, орамды тиеу жақтауын жақсарту және тағы да басқа – металлургтердің еңбек қауіпсіздігі тұрғысынан аса қажетті дүниелерді жасады. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен, әрбірің артында іздену, ойлап табу, оны жүйелеу, елеп-екшеу, жарыққа шығару, талқыға салу, қорғау, тиімділігін дәлелдеу, содан соң өндіріске енгізу секілді қыруар шаруалар бар. Ол осының бәріне төтеп берген, өзінің ойлап тапқан әдісінің өндіріске қажеттігін дәлелдеген жан.
Әрине, «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, ол комбнаттағы Владимир Щеголев пен Михаил Беляков сынды жұмыскер-ұстаздарын әрдайым мақтан тұтады. Өзінің білгенін кейінгі толқын – жас металлургтерге үйретуді де ұмытқан емес, бірнеше буынның тәлімгері бола білді. Комбинаттағы кейінгі он жылында цехтың қауіпсіздік техникасы бойынша инженері болды.
– Менің басты ұстанымым, әрбір жұмыскердің жүрегіне жол тауып, қауіпсіздік техникасы ережелерін білуіне және оны күнделікті жұмыс барысында ұстануына дағдыландыру. Сонда ғана өз өмірімізді сақтап, жақын-жуығымыздың, бала-шағамыздың алдында аман жүреміз, – дейді комбинат ардагері.
Теміртау – металлургтер мекені. 1944 жылы алғашқы Қазақстан құрышы сел боп ақты. Бұл тарихи оқиға қазақ жеріндегі металлурияның тамыры тереңде жатқан мыңжылдық тарихының бүгінмен байланысының айғағы. Мұны айтып отырғанымыз, біздің Орталық Қазақстан аумағында үш мың жыл бұрын металл балқытылғанын біреу білсе, біреу білмес. Сарыарқаның ежелгі тарихы – қола ғасыр мен темір дәуірінің соңына жататын Алат және Атасу қонысында табылған металлургиялық пештер металл өндірісінің жоғарғы технологиялық даму көрінісінің нақты мысалы. Осыған орай қаламызда құрамына тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкерлері, археолог-ғалымдар, инженер-металлургтер, кәсіби суретшілер кірген экспедиция жұмыс жүргізді. Сол «Алат-2019» ғылыми-зерттеу экспедициясы «Үлкен металлдың қайнар көзі» жобасының практикалық бөлігін жүзеге асырғанда, олардың қатарында Әлішер Жақыпбеков те болды.
Әлішер Жақыпбеков 2014-ші жылдан бері зейнеткер болса да, қаланың, комбинаттың қоғамдық өмірінен алшақтаған емес, керісінше, бел ортасында жүр. Қазіргі кезде «Qarmet» АҚ жанындағы этно-мәдени орталықтар жұмысын дөңгелетіп отыр және өзі секілді комбинат ардагерлерінің басын қосып, шаһарымыздың мәдениеті мен руханиатына қатысты мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етуде.
– Менің еңбегімді бағалаған қала билігі үйіме келіп, «Теміртаудың құрметті азаматы» атағын берді. Кейін, өзім оңаша қалғанша ағыл-тегіл жыладым. Өткен өмірім көз алдыма елестеді, бір кездері қарапайым қазақы ауылдың қарадомалағы едім, енді міне, металлургтер мекенінің құрметтісіне айналдым. Бұл талай жылғы маңдай теріме берілген баға шығар, дегенмен, мен үшін әрбір адам өз мамандығын сүйсе, жан-тәнімен жұмыс істесе, атақ өзі-ақ іздеп келеді екен.
Сүттей ұйыған қарашаңырақтың иесі Әлішер ағамыздың жанында жұбайы Гүлжиған Рахметуллақызы бар, жеңгеміз завод зертханасында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, зейнетке шыққан жан, ал Болат, Гүлжан, Олжас есімді перзенттері өмірден өз орындарын тауып, әр салада қызмет етуде. Көз-қуанышына айналған немерелері де өсіп-өнуде.
Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің өмірі мен еңбек жолының бір парасы бұл. Майталман металлург Әлішер Жақыпбековтың амандығын тілейміз.
Руза АЛДАШЕВА