Ардагер

Кеңес дәуірінің сол кездегі кереғар саясатының салдарынан тарих бетінде қалған Ауған соғысының аяқталғанына 15 ақпанда 36 жыл толады екен. «Интернационалдық борышын өтеу керек» деген үкіметтің ұранының арқасында  енді ғана 18-ге толған бозбалалар ауған жерінің  топырағын  басып,  дәмін татты.  1979 жылы осы ана сүті ауыздарынан кетіп  үлгермеген балаң сарбаздар атақ-даңқ үшін емес, тыныштықты қорғаймыз, соғыс өртін өшіреміз деп қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан еді.

1979-1989 жылдардағы кеңестік алып империяның ең соңғы соғысына республикамыздан 22 269 адам қатысса, олардың 924-і қаза болып, 21 адам із-түзсіз жоғалған. 1 770 адам түрлі жарақат алған. Отан алдындағы  азаматтық борышын  абыройлы  орындасам деген отансүйгіштік қасиет бойына дарыған ерендеріміздің  маңдайына міндетті ауған  жерінде  өтеу жазылыпты. 1979 жылдың  25 желтоқсанында  Ауғанстанға кіргізілген Кеңес әскерінің шектеулі контигенті, 1989 жылдың  15 ақпанында Женева келісімдеріне сәйкес  толық шығарылған болатын. Алайда, бұл соғыстың ең үлкен қасіретті ұлдарының орнына темір табыт қарсы алып, аңырап қалған өкінішті жағдайлар  да болғаны баршамызға аян.

Ауған соғысына ауданымыздан, оның ішінде Ақадыр кентінен де өрімдей жігіттер барып, өздерінің интернационалдық борышын өтеп қайтқан. Солардың бірі – Қордабаев Сатай Тезекбайұлы.

Сатайдың әкесі Тезекбай Қордабайұлы кезінде Арқаға аты байлығымен мәлім болған Лекер байдың шөбересі. Алдына 3 мың жылқы, 300-ге тарта сиыр, 2 мың қой – ешкі малын салған екен. 100-ге тарта түйе малы да болыпты. Үлкен әкесі Жалғабек қажыдан (Лекер байдың тұңғыш баласы) 18 жасынан билікке араласып, ел арасында «Дөңгелек би» атанған өз әкесі Қордабай туған.

Тезекең ІІ Дүниежүзілік Ұлы Отан соғысына қатысады. 1942 жылы атқыш-мергендер мектебін бітірген соң бірден майдан шебіне аттанады. ІІІ Украин майданында  атқыш-мерген болады. Украина, Беларусь, Польша, Болгария, Чехословакия елдерін фашисттерден азат етуге белсене қатысады. Жеңіс күнін Берлин қаласына 80 шақырым жетпей Ротенбург қаласында қарсы алады.

Соғыстан кейін елге 1946 жылы қайтады. Бастапқы кезде Жаңаарқа ауданының «Өспен» кенішіне келіп, есепші болып қызмет істейді. Одан кейін Айран, Мойынты станцияларында кассир, «Ортау», «Қызылтау», «Айнабұлақ» кеңшарларында есепші болады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Ақадыр кентіне көшіп қоныс тебеді.

Тезекең бос уақыттарында аңшылықпен айналысып жүрген. Соғыста мергендігімен танылған ардагер өзімен бірге трофейлік неміс винтовкасын ала келген екен. Сонысын кенттегі автокәсіпорынның токаріне жондыртып, 16 калибрлі мылтығына сәйкестендірткен. Өзінің сол кездегі замандастары оның мергендігіне талай рет тәнті болған. Өйткені, ол 25 метрден қарындашқа, 50 метрден сіріңкенің қорабына оғын дәл тигізген. Бір сөзбен айтқанда «құралайды көзге атқан мерген» атанған. Аңға шыққанда қанжығасына байланған олжаларын маңайдағы елге таратып отырған. Бір қызығы, мылтығын тау-тастың арасына тығып жүрген.

Анасы Көпбайқызы Рәбиға үй шаруасымен, балаларының тәрбиесімен айналысқан.

Сатай Тезекбайұлы Ақадыр кентінің тумасы, отбасындағы үш баланың бірі. Ә.Ермеков атындағы мектепке барады. Бала кезінен ұшқыш болсам деп армандайды. Жас кезінде балалардың арманы көбінесе ұшқыш болсам, космонавт болсам деген қиялдарға жетелейтіні белгілі.

Мектеп бітірген бетте Шет аудандық ауылшаруашылық кәсіптік техникумының (СПТУ) Ақадыр кентіндегі филиалына оқуға түсіп, тракторист мамандығын алып шығады.

Алғашқы еңбек жолын кенттегі өрт сөндіру бөлімшесінде (ПЧ-24) қатардағы жауынгер болып бастайды. Жұмысына ұқыпты болып, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете алғаны үшін қарауыл басшысы қызметіне ие болады.

Сатай 1984 жылдың қараша айында Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылады. Жезқазған облыстық әскери комиссариатынан 90 адамды Түрікменстан елінің астанасы Ашхабад қаласына алып кетеді. Сол жақта жаяу әскері (пехотаға) сапына түседі. Бірге барған жігіттерді жан-жаққа бөліп әкетеді. Ал өзін сержанттар мектебіне оқуға қалдырады. Кіші командирлер дайындайтын оқу орнын тәмамдаған соң Ашхабадтан Өзбекстан елінің Термез қаласына апарады. Содан тікұшақпен Ауғанстан елінің Қундуз (Құндыз) провинциясына бірақ алып келеді.

Құндыз провинциясында Кеңес үкіметінің жаяу әскер полкы тұрған. Кіші сержант Сатай Тезекбайұлы жаяу әскер жауынгерлік көлігінің бөлімше командирі болып тағайындалады. Кейіннен взвод командирінің орынбасарына дейін көтеріледі. Әңгімеге шақырғанымда өзінің әскердегі жылдарын былайша тебірене еске алды:

– Ауғанстандағы барған жеріміз кілең құмды болды. Қатты жел соқса топырақтан ештеңе көрінбей кетеді. Ыстық 60 градусқа дейін көтеріледі, тіпті көлеңкелі жердің өзінде 40 градусқа дейін жетеді. Жорыққа шыққанда қышлақтардың халқы бізді жылы қарсы алып жүрді. Ыстыққа шыдамай шөлдесек те, өзіміздегі суды үнемдеуге тырысамыз. Содан олардан су сұрауға тура келеді. Тілдерін білмей әлек боламыз. Кейін су сұрауды да үйреніп алдық. Ауған тілінде су дегені «ау», берші дегені «дори». «Ау дори!» деп сұрасақ су беріп жатады.

Сол елде жүргенде бір мынандай жағдайға кездестім. Айдаланың бәрі құмайт болса да, ылғалы жоқ жерде қарбыздардың өсуі таң қалдыратын. Кәдімгі қарбыз, құмның үстінде домалаңдап өсіп жатады. Жаңағыларды жеп, шөлімізді қандыратынбыз. Өздері сондай дәмді болатын, – деп есіне түсіріп жатты.

– Сатай Тезекбайұлы, сол екі жыл әскерде жүргенде жауынгерлік ұрыстарға қатыстыңыз ба! – деп сұрақ қойдым.

– Әрине, ұрыстарға қатысып жүрдік. Екі жыл әскерде болғанда оның 19 айын Ауғанстанда атқардым. Сол уақыт ішінде жоғарғы әскери басшылығының бұйрықтарын орындауда 39 жауынгерлік жорыққа шыққан екенбіз. Көбінесе ел үкіметінің әскери күштерімен бірігіп жұмыс істейміз. Көтерілістер болған жерде немесе душмандардың шоғырланып қарсылық көрсеткен жағдайда тәртіпті ретке келтіру үшін тікелей араласамыз, – деп жауабын қайтарды.

– Омырауыңызда  Кеңес  үкіметінің  ерекше мемлекеттік  наградасы  – «Батылдығы үшін» медаліңіз бар екен. Бұл марапатты не үшін алып едіңіз, – деген сұрағыма:

– Ол жағдай былай болды. Бізді кезекті жорыққа жұмсағанда, Баглан атты қышлаққа бару керек болды. Өйткені ол жерге Ауғанстанның Ұлттық гвардиясы жауынгерлік бекет орнатпақшы болған екен. Бірақ душмандар қарсылық көрсеткен. Біз дивизия болып барғанымызда қышлақтың маңайындағы қалың талдың арасынан пулемет, пушкадан оқ жаудырып тақалтпай қойды. Араларында бір атқыш-мерген отырды. Ұрыс бірнеше сағатқа созылды. Жау берісер емес. Бір кезде менің  қарамағымдағы атқыш-оператор, өзбектің жігіті Самадов снайпердің қолынан оққа ұшты. Мен дереу оның орнына тұрып алдым. Кримплекс арқылы жан-жағымды қарап шықтым. Бір уақытта жаңағы мергенді байқап қалдым, талдың үстіне жайғасып алыпты. Пулеметті қойып, пушкаға жармастым. Дәлдеп тұрып атып жібергенімде жаңағы мергеніміз талмен қоса жоқ болып кетті, үні бірден өшті. Жаңағы қимылымды командирлерім байқап қалып, мені кейін осы медальға ұсынды. Сол жолғы ұрыста 7 бірдей жауынгерімізден айрылдық. Бәрі сол мен жойған мергеннің кесірінен.

Қышлақты жаудан тазартқаннан кейін, біз бірнеше күн бойы жауынгерлік бекет салынып біткенше оларды қорғаштап, құрылыстың аяқталуын тосып отырдық. Негізі Ауған елінде көп қазақты кездестірдім, ауыл-ауыл болып отырған қазақтар да болды. Көбісі Кіші жүздің Адай елінен екен. Жаңағы Баглан қышлағында тұрғанымызда Ұлттық гвардияның жауынгерінің бірі, қазақ жігіті Сәттармен таныстым, – деп сөзін аяқтады.

Сатай Тезекбайұлы мемлекет тарапынан берілген «Батылдығы үшін» марапатынан басқа «Ауған елінің алғысы», «Кеңес Әскерін Ауған елінен шығарылуына» байланысты 10, 15, 20, 25, 30, 35 жылдығына орай медалымен наградталған.

Ардагердің өзінің айтуы бойынша жылда, 15 ақпанға қарсы аудан әкімі тарапынан бағалай және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жыл сайын аудан орталығы – Ақсу-Аюлыда қанды көйлек достарымен кездесіп, әңгіме-дүкен құрып, мәре-сәре болып жатады екен. Қазіргі уақытта аудан бойынша 17 интернационалист-ардагер қалыпты.

Мемлекет тарапынан Қарағанды қаласының госпиталіне жатып, тегін ем-дом алуға жағдай жасалады. Онымен қоса курорттарға тегін жолдама беріліп, соңғы жылдары Ақмола облысының «Бурабай»,  Қостанай қаласының «Сосновый бор», Қарағанды облысының «Арман» санаторий-шипажайларына барған.

Әсіресе, оның есінде Кеңес заманында Украина, Беларусь елдеріне арнайы жолдамамен барып, «Батыр қалалар – Одессада, Севастопольда, Волгоградта, Харьковте, Кривой Рогта, Брестте»  болған кездері есінен кетпейді екен. 17 күн бойы ардагерлер әдемі жерлерді көріп, жақсы демалыс күндерін өткізіп, шат-шадыманға бөленіп қайтқан.

Әскери борышын өтеп келген соң Сатай Тезекбайұлы Ақадыр локомотив депосының құрылыс цехына кірпіш қалаушысы болып орналасады. Жиырмадан енді ғана асқан жас жігіт бұл мамандықты да толық игереді.

Кейіннен ауылшаруашылық саласында да өз күшін байқап көреді. «К.Мыңбаев атындағы» кеңшарда, Ортау ауыл округінің «Қамқор» шаруа қожалығында қойшы болып еңбек етеді.

Соңғы он жылдың көлемінде Ақадыр кенті әкімдігінде күзетші қызметінде. Еңбегі елеусіз қалған емес. Кент әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғысхатымен марапатталып, бағалай және ақшалай сыйлықтарына ие болып жүр.

Зайыбы Шайзат Махмұтқызымен 4 бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Олардан 8 немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.

Шайзаттың қолы қалт еткенде айналысатын үлкен қасиетті еңбегі бар. Ол табиғаттың сұлулығын білдіретін, жердің көркіне айналған – гүлді өсіру. Қысы-жазы үйдің ішінде, көктем-жаз айларында үйдің ауласында ол өсірген алуан түрлі гүлдер көздің жауын алады. Бір жылдары аулада өсірген гүлзар үшін еңбегі еленіп, кент әкімдігі оны «Ең үздік аула» аталымы бойынша жеңімпаз етіп таныған. Сол жолы ол арнайы дипломмен, бағалы сыйлығымен құрметтелген.

Ерлі-зайыптылардың үлкен ұлы Диас музыкамен әуестенеді. Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы музыкалық колледжін бітірген. Ондаған эстрада әндерінің авторы. Қазіргі кезде жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Зайыбы Руана Мұратқызы Алматы қаласының Көлік және коммуникациялар академиясын бітірген. Полиция саласында оператор – механик. Екеуі Сезім есімді қыз баланы, Жантөре, Ақтөре есімді егіз ұлдарды тәрбиелеп отыр.

Екінші ұлы Медет Ақадыр станциясындағы  ЭЧ-12 мекемесінде механик. Еңбектен қол үзбей теміржол академиясында оқиды. Зайыбы Ләйлә Саятқызының мамандығы су лаборанты. Екеуін де Мұхаммед есімді ұлдары бар.

Әсел есімді қыз балалары Қарағанды қаласындағы «Болашақ» университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Полиция аға лейтенанты. Қазіргі уақытта Шет аудандық полиция бөлімшесінің кадр бөлімінде қызмет етеді.

Кіші қыздары Меруерттің мамандығы бастауыш сынып мұғалімі. Бас кезінде колледж, кейін «Болашақ» университетін бітірген. Шет ауданының Мойынты кентіндегі балабақшада әдіскер болып қызмет атқарады.  Жұбайы Қуат Бейбітұлы теміржол саласында машинист көмекшісі болып жұмыс істейді. Аңсар, Заңғар, Әмір, Айғаным есімді балаларының әке-анасы.

Ауған соғысы – Кеңес  дәуірі тарихының ең қаралы беттерінің бірі. Отан алдындағы борышын адал атқарған, әрі болашағына сенген жас ұрпақ саяси орынның құрбанына айналды. Көптеген жастарымыз жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандасымыз оқ пен оттың ортасынан жарақатпен оралды. Баласын, бауырын, ағасын, інісін майданға шығарып салған отандастарымыздың да, қанды қырғынның ортасынан оралған сарбаздардың да жүрегінде Ауғанстан мәңгілік жара болып қалды.

Міне, сол сарбаздарымыздың бірі жерлесіміз Қордабаев Сатай Тезекбайұлы. Әкесі Тезекбай Ұлы Отан соғысына қатысып, елімізді фашисттерден қорғаса, баласы Сатай тағдырдың жазуымен Ауған еліне барып, интернационалдық борышын өтеп келді.

Соғыс қашанда елге қайғы-қасірет әкеледі. Сондықтан берекесі мен бірлігі жарасқан Тәуелсіз елімізде соғыстың аты аулақ болып, баршамызға бақытты ғұмыр кешуге жазсын.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *