Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-туғанның, абысын-ажынның бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі.
Ата-бабадан жалғасып келе жатқан қазақ халқының өнегелі қасиетінің бірі – қариясын құрметтеу. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтылмаса керек. Қазақ халқы қашанда қариясына ізет пен құрмет көрсеткен.
Қазіргі заманда әрбір жаңа ұрпақ үлкендердің даналығын, тәжірибесі мен қадір-қасиеттерін үлгі тұтады. Осы орайда сіздердің назарларыңызға 96 жастағы қарт әже, заманына қарай өмірдің теперішін көп көрген, Ұлы Отан соғысының тыл және еңбек ардагері, «Алтын Алқа» төсбелгісінің иегері, немере-шөберелермен қоса шөпшектерін сүйіп отырған Күшкеева Күләйша туралы әңгімемді ұсынғалы отырмын.
Қарт әжеміздің өмірге келген заманына қарай балалық шағында зобалаң ашаршылықтың, зұлмат жылдарындағы қуғын-сүргіннің, соғыс жылдарындағы халыққа төнген зардаптың тұспа-тұс келуі бәрімізге белгілі.
Күләйша Күшкейқызы 1929 жылы наурыз айында Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Атамекені қазіргі Тағылы ауылдық округіне қарасты Қарасаз ауылы болса да, сол жылдары анасы Ақсу-Аюлыдағы Батиқа апайларының үйінде уақытша тұрып жатса керек.
Әкесі Күшкей Өңешұлының етікшілік өнері болған. Елге жаңадан аяқ-киім тігіп, жыртылған, кетеуі кете бастаған етік, бәтеңке, саптамаларды қалпына келтірумен айналысқан. Тапқан табысы бала-шағасын асырауға жетіп отырған. Дегенмен әкесі әжеміздің есінде жоқ. Өйткені, небәрі үш жасында денсаулығы сыр беріп дүниеден өткен екен. Артында қалған 1 ұл, 5 қызды аналары Рахиля Қатпақызы әкелерін жоқтатпай өсіріп, жеткізген. Мектепте от жағып, ауылдың басқа жұмыстарына атсалысып жүрген.
Қарасазда өткерген балалық шағы туралы апамыз: «Алланың жазуымен жарық дүниенің есігін ашқаннан бастап қиын-қыстауға толы өміріміз басталды десек өтірік айтқаным емес. Шындап айтсам бізде балалық шағымыз да болмады. Ашаршылық пен қуғын-сүргін, соғыс жылдары халқымызды аяусыз қысып бақты. Оның үстіне әкеміз өмірден ерте кетіп, жетімдіктің қасіретін де тартып бақтық.
Оқуымыз да мардымсыз болды. Бір жағынан ауыр еңбек, екіншіден жүріп жатқан қан майдан оқуға, кәдімгідей білім алуға мұрша бермеді. Мектепте оқып жүрміз дегеніміздің аты ғана. Шынтуайтқа келгенде, қаршадаймыздан колхоздың қара жұмысына жегілдік. Бала болып ойын ойнауға да жарытпадық.
Ұмытпасам, 1 мамыр күні төртінші сыныпта оқып жүргенімізде колхоз басшылары бізді ауылдан алыс жердегі аңызға егін науқанына алып барды. Ол кезде жасымыз 11-де. Бір ұл мен төрт қызға соқаға жегілген 4 өгізді беріп, жер жыртқызып қойды. Өгіздерді қамшылап айдап, бар күшімізді салып, әліміз сондай көп болмаса да, соқамен терең жырту үшін оны төмен басып отырамыз. Артымыздан бидай шашып отырған адамдар жүріп отырады. Қысқаша айтқанда, егін егумен айналыстық.
Бір күні малымызды оқалақ ұстап, соқамыздан бөлініп, мойынағашымен бірге тұра қашпасы бар ма? Жас балалармыз, оның үстіне қыздармыз. Оларға бала түгілі, ересек адамдардың өзіне жетіп алу мүмкін емес еді. Сонымен, не керек! Ертеңінде үш өгізіміз табылды. Ал енді біреуі өзектің батпағына түсіп (көктем уақыты ғой), мойынағашына қиқынып өліп қалыпты. Ауданнан уәкілдер келіп бәрімізді қыспаққа алды. «Колхоздың малын өлтірдіңдер, орнына әрбіреуің бір-бір бұзаудан бересіңдер» деп үлкен талап қойды. Зәре-құтымыз қалмады, жаман қорықтық. Жарытып тамақ та жей алмай жүрген біздерде бұзау қайдан болады? Егін басынан үйімізге салпаңдап жаяу келдік. Ойда жоқ жерде айыпталған қиын екен. Түні бойы ұйқы көрмей, сары уайымның астында болдық.
Бағымызға қарай, ертеңінде аудан басынан басқа уәкілдер келіп, халықпен жиналыс ашты. Тәубасы бар адамдар екен: «Өздері жас балалар болса, оның үстіне арттарында жетім-жесір аналары ғана болса сендерге қандай бұзау тауып береді. Балаларға тиісуді қойыңдар, қайта кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің еңбегіне рақмет айтпайсыңдар ма?» деп аналарды тоқтатқаны бар еді. Сөйтіп, сол кезде бір айыбымыздан құтылған едік», – деп күлімсірей естелігін аяқтады.
Колхозда жүргенде балалар үлкендермен бірге масақ теруге, орақпен егін оруға, шөп тасымалдауға қатысып жүрген. Ауыл науқандарының жұмысы таусылады ма, қай жерден шаруалар шығып жатса, сол жерден табылады екен. Қысқаша айтқанда, ересектермен біте қайнасып, нағыз қызу еңбектің ортасында болады. Отбасындағы бес қыз және жалғыз бауырлары Оспан өзара сыйласып, керек кездерде қол ұшын беріп, бірін-бірі құрметтеп есейеді.
Күләйша Күшкейқызы 19 жасында тағдырдың жазуымен көрші ауыл Қызылтудың жігітіне тұрмысқа шығады. Жұбайы Ысқақ Шәйкөйлекұлының руы Қожа, Шымкент жақтың тумасы болып шықты. Анасы да сол рудан. Есімі елге белгілі, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі болған, бірнеше кітаптардың авторы, жазушы Кәмел Жүністегі немере бауыры екен.
Ысқақ Шәйкөйлекұлы Кеңес Одағы Коммунистік партиясының мүшесінде болған. Партия қандай қиын жерге жіберсе, сол тапсырмасын орындап жүреді. Қарағанды қаласындағы БЗУ-ды (техникалық және кәсіби білім беретін оқу орны) тәмамдаған соң, тепсе темір үзетін жиырма жастағы жігітті ең ірі көмір өндіретін кәсіпорындардың бірі И.Костенко атындағы шахтаға жұмыс істеуге жібереді. Шахтаның жанынан оған үй беріледі. Тамақтан кенде болмайды, шахта әкімшілігі азық-түлікпен жақсы қамтамасыз етеді. Жұмысы да ойдағыдай жүріп жатады. Көмір кәсіпорнында жұмысшылардың жетіспеуіне байланысты белсенділік танытып, өзінің туған өлкесі Шымкент қаласына барып 20 жігітті үгіттеп шахтаның жұмысына алып келеді. Аталған кәсіпорында жас шахтер бірнеше жыл еңбектенеді. Алайда, әкесі Шәйкөйлек баласының жанында болғанын қалайды. Екі ұлы ғана болған әке баласын қайта-қайта шақырып, отбасымен бірге Қызылту ауылына көшіріп әкеледі.
Ауылға қайтып келгендегі тіршіліктері туралы Күләйша әжеміз былайша толғайды: «Қызылту ауылына көшіп келгенде жағдайымыз жаман болмады. Атамызда үйір жылқы, бірнеше сиыр, жүз қойы болды. Жұбайымды бірден жер өлшеуге жұмысқа тұрғызды. Мен болсам мал шаруашылығымен айналыстым. Оның үстіне қолымызда төсек тартып, сырқаттанып қалған қайын жұртыммен жақын аталас апамыз болды. Оның туған бауыры Ыбырахым Жарғақұлы қойма меңгерушісі болып істеп жүрген. Апасына жиі келіп жүретін. Келгенде жай келмей қант-шайын, тәттілерін, сұйық майын, ұнын, жуғыш заттарын, тіпті етке дейін ала келетін. Соғыстан кейінгі жылдары азық-түліктің жоқтың қасы екенін білесіздер. Мұндай жағдай біздің отбасымызға үлкен көмек болғаны рас.
Жалпы менің балалық шағым қиын кезеңдерден тұрса да, кейін тұрмыс құрған соң өмірлік жарым екеуміз дәулетіміз түзу отбасы болғанымыз шын. Аллаға шүкір, бүгінгі күндерімізде де ешкімнен кем емес бақуатты өмір сүріп жатқан жайымыз бар», – деп сөзін аяқтады.
Бір-екі жыл өткен соң күйеуінің Жаман қожа нағашысы болмай Ақадыр станциясына көшіріп әкетеді. Жұбайы локомотив депосына тепловоздарды жөндеумен айналысатын слесарь-автоматшы болып жұмысқа кірсе, әжеміз тігінші болып жұмыс атқарады. Тігінші болғанда жұмысын өз үйінде жасайды. Киім пішуші (закройщица) алған тапсырыстарымен тігілетін киімді пішіп беріп отырған. Апамыздың қолынан балаларға арналған әртүрлі киімдер, жемпірлер, шалбарлар, әйелдердің көйлектері, тағы басқалары шығып отырған. Онымен қоса, елдің сұранысының негізінде шапандарды, жейде-камзолдарды тігіп жүрген. Әріптестер әйелдердің көбісі неміс ұлтынан болған екен.
Жұмыс істей жүре баспана ретінде ел қатарлы жаңадан үй тұрғыза бастайды. Бұл жерде Жаман қожа нағашысы, ауылдастары көмектерін аямайды. Әсіресе, үлкен көмегін сол кезде Мойынты станциясында прораб болып істейтін жан ағасы Оспан береді. «Көптің күші – көл» дегендей көп ұзамай кейін ұзақ жылдар бойы пана болған шаңырақтарын көтереді.
Күләйша әжеміз тігіншілікті қойып, теміржолдың саудамен қамтамасыз ету бөлімінің (ОРС-НОД-5) мекемесінің асханасына аға аспазшы болып ауысады. Қарамағында тағы да 4 неміс әйелі болады. Он екі жыл өткен соң осы мекемеден зейнеткерлікке шығады.
Жоғарыдағыны пайымдай келсек, әжеміз бесаспап маман болғанын байқаймыз. Ол кісінің қолынан тігіншілік те, аспаздық та келген. Мұндай өнер кез келген адамның қолынан келе бермейтіні анық. Онымен қоймай балаларының тәрбиесімен айналысуды да ұмытпаған.
Отағасы болған Ысқақ Шәйкөйлекұлы 1994 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін 66 жасында жарық өмірмен қоштасады.
Қарт әжеміздің еңбегі әрдайым бағаланып келген. Мемлекеттің «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл, 65 жыл, 70 жыл, 80 жыл» төсбелгілерімен марапатталған. Қарағанды облысы, Шет ауданы әкімдерінің Алғысхаттарымен, кент әкімінің Құрмет грамотасымен, теміржол саласының бағалай және ақшалай сыйлықтарымен құрметтелген.
Ысқақ Шәйкөйлекұлы және Күләй Күшкейқызы 9 баланы дүниеге әкелген, олардың жетеуінен 19 немере, 46 шөбере, 3 шөпшек бар.
Әжеміз ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіргені үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Алтын Алқа» иегері атанған. Онымен қоса, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен, «Аналық медалімен» наградталған.
Ерлі-зайыптылардың тұңғыш ұлдары Дабыс (2010 жылы марқұм болған) Қарулы Күштер саласында қызметте болған. Зайыбы Қапия Әмірқызы. Олардан 2 ұл, 3 қыз, 11 немере, 3 шөбере тараған.
Дәржан есімді қыздары 2016 жылы дүниеден озған. Қарағанды қаласының «Болашақ» университетінде жұмыс істеген. Өмірлік жары Серік Нұрғалиұлы. Екеуінен 1 ұл, 1 немере бар.
Дәрігүл қыздарынан 1 ұл, 1 қыз туған. 6 немере сүйіп отыр. Кәсіпкерлікпен айналысқан. Марқұм болған жолдасы Омаров Аманкелді Әлиасқарұлы көп жылдар бойы ішкі істер саласында қызмет еткен. Ақадыр аудандық тергеу, ОБХСС (социалистік меншікті қорғауға қарсы күрес бөлімі) бөлімдерін басқарған.
Тағы бір қыздары Жұмакүл кәсіпкерлік саласында. Жары Нұрлан Аманұлы (марқұм болған) бүкіл саналы өмірінде Ақадыр локомотив депосында электровоз машинисі болып жұмыс атқарды. Бір үл, екі қыздан 9 немере бар.
Қыздың кенжесі Базаркүл де сауда-саттық саласында. Күйеуі Шакизат Мақсұтұлы дүниеден ерте өтті, ішкі істер саласында қызметте болған. Бір қыз, бір ұлдан 6 немере сүйіп отыр.
Мейрам ұлдары да ішкі істер саласында қызмет атқарған. Отставкадағы полиция полковнигі. Аудандық бөлімнің жедел қызметі аға уәкілінен бастап Қарағанды облыстық полиция Департаментінің полиция басқармасының бастығы қызметіне дейін көтерілген. Зайыбы Бақыт Мейрамбекқызы екеуі 1 ұл, екі қыздан 10 немеренің ата-әжесі атанып отыр.
Балалардың ең кенжесі, қарашаңырақ иесі Мейрамқұл теміржол саласында қызмет етеді. Көп жылдардан бері әскериленген күзет бөлімінде жұмыс атқарады. Бүгінгі таңда сол мекеменің басшысы. Өмірлік жары Ләззат Құрамысқызы қайын-апаларындай кәсіпкерлік саласын таңдаған. Бір ұл мен екі қыздарынан 3 немерелері бар.
Қай қоғамның, қай елдің болсын мәдениеттілігі мен болашағы – олардың қариялары мен балаларына көрсетіп отырған мейірімімен, жасап отырған қамқорлығымен өлшенеді. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халқымыздың ықылым заманнан бері келе жатқан игі дәстүрлерін өзінің егеменді ел болып құрылған алғашқы күндерінен бастап бұзбай, сақтап келе жатқан мемлекетіміз балалардан қамқорлығын, қарттарынан құрметін аяған емес. Ендеше бүгінгі кейіпкеріміз Күшкеева Күләйша балалары, немерелері, шөбере-шөпшектерінің ортасында, солардың құрметін көріп бақытты өмір кешуде. Ол кісі мұндай үлкен жетістіктерге маңдай терін төккен ерен еңбегімен, адамгершілігімен, қарапайымдылығымен жетіп отыр. Қарт әжені ауылдастары да құрмет тұтады. Қариясын қадірлеген – ел ардақты.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті