АРМАНДА КЕТКЕН ЖОҚ, АЛАҢДА КЕТТІ…

Қазақ ғылымы қара жамылып, Арқа жұрты аңырап қалды. Жаңаарқаны жұбата алай жатырмыз. Сұңқар Сәкен ақбоз атының дүбірі қалған Иманақ жермен жексен болғандай… Кешегі Шоңның Қызылағашы, бүгінгі Темағаңның Қызылағашы қан жұтып қалды… Қазақ елі, Арқа жұрты тұрмақ, Жапония жабырқап, Америка абдырап, ағылшындар аза тұтып жатқан шығар… Сарша тамызда санамызды сарылтып, жүйке-жүрегімізге салмақ салған мына қайғының жүгі неткен ауыр еді?..

Иә, Темкең, қазақ ғылымын әлемге танытқан, танытып қана қоймай, алты құрлық ғалымдарын мойындатқан Темірғали Көкетаев көшті өмірден. «Ғасыр адамымен» бірге қазақ ғылымының тұтас бір дәуірі көшіп барады. Кешегі Ебіней Бөкетов секілді ұлы тұлғаның аманатын арқалап, ұлтының жоғын іздеген жоқшының жалғандағы соқпағы түйінделді.

…Абыз Ақселеу досы туралы сөз қозғай қалсаңыз, жанарына жас үйіріліп, жабырқап қалатын еді. Сөйлесе – сөздің шешені, көсілсе – ойдың көсемі, кешегі сал-серілердің сарқытындай болған академик Ғабдолла Құлқыбаев бауыры жайлы естелік айтса, еңкілдеп қоя беретін. Заң саласының заңғары Қазкен Мүсілімов, қажырлы қайраткер Қасымбек Медиев құрдастарын сағынып жүрген. Сол жақсылардың соңынан аттанды…

Ковид алқымынан алып, көп ит балағына жармасқанда, мұқалмаған еді. Қажырлы еді, қайратты болатын. Ауырмай-сырқамай мүлгіп кетеді деп кім ойлаған?!

Сексен жасқа толған мерейлі сәтінде сұқбаттасқанымызда:

– Біз – өзіміздің ғылыми тұжырымдарымызды физикалық формулаға бағындыруға барынша тырысатын фанаттармыз. Ал, өмірдің заңы формулаға бағына ма? Әлемдегі ғылыми жетістіктер мен соны жаңалықтардың барлығы – адам ізденісінің жемісі, әрине. Ал, өмірдің формуласына Алла мөр басқан. Сондықтан, Алла ғана – ақиқат, – деген еді. Міне, сол өмір формуласының түпкі шешімі осылай болып, Алланың ақиқат әмірі осындай үкім етті. Амал нешік…

Темірғали аға – Оксфордта дәріс оқыған тұңғыш қазақ. Өзін ғана емес, қазақ ғылымының деңгейі мен мүмкіндігін әлемге мойындатты. Әлемнің таңдаулы университетінде дәріс оқуының өзі – бір тарих. Бәлкім, бақ шығар, яки, мүмкіндік шығар, әлемнің «Менмін!» деген 70 профессоры қазақ ғалымының дәрісін тыңдауға жиналды. Темкең болса, «Дәрісті қазақ тілінде оқимын» деп, Оксфордты аяғынан тік тұрғызған. Әттең, ілеспелі аударманың мүмкіндігі болмай, физика ғылымындағы қазақша-ағылшынша тәржімәнің бір жүйеге келмеуі себеп болып, Темкең амалсыз орыс тілінде дәріс оқиды. Осы жағдайдан кейін физикалық терминдердің қазақша-ағылшынша сөздігін жасауға кіріскен. Оны жарыққа шығарып үлгерді.

Міне, Темірғали ағаның ұлтқа деген жанашырлығы мен ана тіліне деген құрметі! Ол ұлтын сүйді, тілін қадірледі. Соңғы демі үзілгенше, «Тілім!» деп өткен қайраткер болды. Ғылымның қия шыңын бағындырды. Абырой асуына көтерілді. Мынау бес күн жалғандағы сейіл-серуені 87 жасқа қараған шағында түйінделді. Шүкір етерлік ғұмыр. Арманда кеткен жоқ, алаңда кетті… Ұлт ұпайын түгендеп, ана тілін қайтсем төрге оздырамын деген алаңмен жүрегіне жүк артып, жүйкесіне салмақ түсіріп алды.

Екеуміз әдебиет, тарих, жалпы руханият тақырыбында көп әңгімелесетінбіз. Нияз батырдың тікелей ұрпағы ғой, пікірлерін батыл, ақиқатын ашық айтатын. Бірбеткейлігі мен өткірлігіне сүйсініп отырып, физик-лириктің ұлттық рух жайлы тұғырлы тұжырым, батыл байламдарынан ордалы ой түйетін едік. Енді әңгімелеспейіз. Жүздеспейміз. Қандай ауыр?!

Темағаңның бірбеткейлігі мен өткірлігі жайында айтқан кезде өзі айтып берген мына бір жағдай ойыма оралып отыр. Темкеңнің Эстонияның Тарту университетінде тағылымдамадан өтіп, сонда академик Чеслав Лущиктің жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғағаны (1970 ж.) туралы үнемі жазып жүрміз. Ал, жас ғалымның «Мыс пен күміс иондарының сілтілі-галоидтық кристалдардағы люминесценция орталықтарының табиғаты» атты ғылыми жұмысы өз жетекшісінің ғұмыр бойы зерделеп-зерттеген идеясына түбегейлі қарсы бағытта болғанын білмейді екенбіз. Чеслав Брониславович басында келіспеген сыңай танытады. Бірақ, шәкіртінің тұжырымдары тұщымды екеніне көзі жеткеннен кейін ғана тәуекел етіп, қорғауға жіберген. Жетекші мен аспирант арасында мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған екен. Сол ұстазы шәкірті «Ғасыр ғұламасы» атанғанда телефон шалып, ағыл-тегіл жылайды. Қызғаныштан емес, әрине. «Ломоносовты тудырған ұлы орыс халқының өзі мұндай атаққа қол жеткізіп, Оксфордта дәріс оқыған жоқ. Сен – Оксфордта дәріс оқыған тұңғыш қазақсың!» деген қолтаңбасы бар кітабын сыйға тартыпты.

Міне, біз осындай дарынды ғалым, парасатты аға, текті азаматтан көз жазып қалдық… Әттең, жалған!

Темкең қатты денелерді қыздырмай-ақ суық сәуле шығаратынын ойлап тауып, әлем елдерін елең еткізген ғалым екенін жақсы білеміз. Біз түсіне бермейміз ғой, бірақ, жаңалықтың төресі екен… Бүгін Темірғали ағаның өз денесі де суыды. Алайда, оның суық денеден бөлінетін сәулесі мен шуағына мәңгі жылынамыз…

Бақұл болыңыз, Аға!

Ерсін МҰСАБЕКОВ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *