ARQA PRIME би байқауы өз мәресіне жетті

Қарағанды қаласы өнер мен талантқа ие дарындылар мекені. Өз мәресіне жеткен ARQA PRIME би байқауы соның айғағы. Өнер мен еңбектің, ырғақ пен эмоцияның тоғысқан алаңы болған жобаға өмірін би әлеміне арнаған жандар жиылды. Тартысқа толы сахнада әр қатысушы өз шеберлігін  және би арқылы ішкі әлемін көрсете білді. Көрермен ұмытылмас әсер алып, ал мықтылар лайықты марапатқа ие болды. Өнерге ден қойған би ұжымдары «ARQA PRIME – би арқылы шабыт сыйлаған жарқын жоба» дейді.  Жаңа форматтағы шоу-фестиваліне аймақтың өнерлі үздік жастары  қатысты.

Қаншама еңбек, сабырлық, жоспар, тәуекел мен төзім сыналған жобада сахнаға қойылған әр жарық, әр дыбыс, әр секунд қазылар құрамының бақылауында болды. Көрермен қауым би әлемінен ерекше әсер алған шарада үздіктер қатарынан көрінген өнерпаздардың еңбегі ақталды. Командалық жарыста жергілікті би индустриясы дамып келе жатқанын аңғартты. Өйткені, ARQA PRIME жобасының қатысушыларына өз шеберліктерін,   шығармашылық әлеуетін көрсету үшін кәсіби платформа ұсынды.

Өнерпаздар байқаудың алғашқы кезеңінде бишілік шеберліктерін көрсетті. Осы арқылы өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды.  ARQA PRIME сахнасы әрбір биші үшін өзін көрсете алатын кеңістікке айналды.

Осылайша ARQA PRIME жобасы аймақ үшін жарқын және маңызды оқиғаға айналды. Оны қатысушылардың дайындығы мен көрермен қауымның ыстық ықыласынан сезінуге болады. Қарағанды ​​би топтарының жоғары кәсібилігі мәдени кештің мәнін аша түсті.

ARQA PRIME байқауы арқылы талай жас еңбектің ақталатынын ұғынып, алдарына үлкен мақсат қоя алды. Әуеннің ырғағымен дене қимылы арқылы көрсетілетін өнерде қарағандылық өнерпаздар тартынып қалмады. Сахна мәдениетін сақтай отырып көрермен қошеметіне бөленді. Фестивальде үздіктер арнайы сыйлықтармен марапатталды. Осындай ауызбіршілікпен өткен жоба әлі талай жастың талантын ашуға септігін тигізбек.

Мақсат МҰХИТ