Қарттар үйіндегі өмір: қоғамның жауапкершілігі

Қарттар үйіндегі өмір әр адам үшін әртүрлі. Біреулер үшін бұл – жаңа ортаға бейімделудің қиындығы, жалғыздық сезімі, отбасы жылулығына деген сағыныш. Енді біреулер үшін – күтім мен қамқорлыққа қол жеткізудің, жаңа адамдармен танысудың мүмкіндігі. Дегенмен, қай жағдайда да қарттардың басты қажеттілігі – жылы сөз, адами сезім, қоғамның назарындағы қадірлі тұлға екенін сезіну.

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ «Көлік, логистика және инженерлік экономика» факультетінің кураторлары Нұржанова Қ.Қ. (ЛОГ-25-2), Жалдыбаева А.Ж. (ЛОГ-25-3),  Қоңырова Н.А. (ОП-25-1), Күлейменова Л.М. (ТТ-25-1), Оспанғалиева М.Т. (ТТ-25-2) топ студенттерімен халқымыздың «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөзін басшылыққа алып, Қарағанды қаласының «Добрые руки» қарттар үйіне қайырымдылық шаран ұйымдастырды.

Қарттарға қамқорлық таныту – адамгершіліктің ең биік үлгісі. Бүгінгі ұрпақ қарияларға жақсылық жасап, өмірін жеңілдетсе, ертеңгі күні өзі де сондай мейірімге бөленеді. Әр қоғам мүшесі өзінің үлкендерге деген жауапкершілігін сезінгенде ғана қарттар үйіндегі өмір шынайы қамқорлыққа әрі құрметке толы болмақ.

Қорытындылай келе, қарттар үйіндегі өмір – қоғамның әрбір азаматының назарында болуы тиіс мәселе. Қарттарды қадірлеу, қолдау және қорғау – тек мемлекет міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамның, әр адамның адамгершілік парызы.

Қарлығаш НҰРЖАНОВА,

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті»

Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,

педагогика ғылымдарының магистрі