Ұлттық кітап күніне орай Қарағанды өңірінің тумасы, балалар ақыны Жеңіс Қашқыновтың шығармаларын насихаттау мақсатында мәнерлеп оқу бойынша облыстық байқау ұйымдастырылды. Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында өткен шараға «Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесі қолдау көрсетті.
Байқаудың басты мақсаты – Жеңіс Қашқыновтың шығармаларын кеңінен таныту арқылы балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және жеткіншектердің шығармашылық қабілеттерін дамыту. Байқау ережесіне сәйкес, қатысушылар ақынның «Ашылған сыр» және «Батырдың анасы» поэмаларын жатқа мәнерлеп оқыды.
Сайысқа Қарағанды, Балқаш қалаларынан, Бұқар жырау, Шет, Нұра, Осакаров аудандарының ауылдарынан келген 20 білім беру мекемесінен 40-қа жуық 4-5 сынып оқушылары қатысты. «Arqa Aqshamy» газетінің жауапты хатшысы, ақын Ерболат Қуатбек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Салтанат Қайырбек, Қарағанды Бөкетов университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Құрмет Бажикеев төрелік етті. Байқауға келген жұмыстарды қазылар алқасы мұқият бағалап, қатысушылардың орындаушылық шеберлігі мен әртістік қабілеттеріне қатысты кәсіби пікірлерін білдірді.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:
I орын:
Марат Адина, «№65 жалпы білім беретін мектеп» КММ, 4-сынып (сыйлығы – ақылды колонка).
II орын:
Мансурқызы Раяна, Шет ауданы «Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі» КММ, 4-сынып (сыйлығы – смарт сағат пен құлаққап).
III орын:
Жетей Біржан, Бұқар жырау ауданы, Шешенқара орта мектебі, 4-сынып (сыйлығы – құлаққап);
Нұрлан Нұрасыл, «№48 жалпы білім беретін мектеп» КММ, 4-сынып (сыйлығы – құлаққап).
Арнайы аталымдар бойынша марапатталғандар:
«Әртістік шеберлік» – Зардыханұлы Ерман, «Абай атындағы мектеп-гимназиясы» КММ, 5-сынып (сыйлығы – глобус);
«Орындаушылық шеберлік» – Жомартбеков Айдос, «Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясы» КММ, 4-сынып (сыйлығы – глобус);
«Сахналық образ» – Радченко Ярослав, «Шәкәрім атындағы гимназиясы» КММ, 5-сынып (сыйлығы – глобус);
«Көркем сөз шебері» – Смағұлова Аяулым, Шет ауданы «Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі» КММ, 4-сынып (сыйлығы – глобус).
– Менің ойымша, бұл мереке біздің елімізде «біз кітап оқитын ұлт бола аламыз ба?» деген маңызды сұрақтың көтерілгенін білдіреді. Бұл бағытта біз, кітапханашылар, күн сайын жүйелі түрде жұмыс істейміз: балалар мен ересектерде оқуға қызығушылықты дамыту үшін түрлі шара өткіземіз. Біздің кітапханамыз бос болмайды, оқырмандар күн сайын келеді, – дейді Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Баян Уатаева. – Жерлесіміз, Ақтоғай ауданының тұрғыны Жеңіс Қашқынов жақсы әдеби мұра қалдырды. Біз жас ұрпақтың оның шығармашылығын білгенін қалаймыз.
Мереке қонағы Жеңіс Қашқыновтың жиені, веломарафоншы, ағылшын тілінің оқытушысы-аудармашы, журналист Ернат Рахметолла болды.
Бұл байқау балалардың әдебиетке деген қызығушылығын оятып қана қоймай, оларды көркем сөз өнеріне баулуда үлкен рөл атқарды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай тағылымды шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ