Заңды немесе әлеуметтік жобаларды білмей қиындыққа тап болатын азаматтар аз емес. Осы олқылықты толтыру үшін Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығы» ашық есік күнін өткізуді дәстүрге айналдырған.
ҚР Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша Департаменті осы орталықта жеке қабылдау өткізді.
Ашық есік күні Департамент басшысы, генерал Мирлан Қызылов сот әкімшілігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің жұмысы туралы хабардар етті, азаматтардың сұрақтарына жауап берді.
– Жұмыс орнында отыра бермей, халық алдына шығып, құқықтық сауат туралы айтуымыз керек. Ол үшін осындай ашық есік күні, жеке қабылдаулар тұрақты түрде жүргізілгені жөн, – дейді Мирлан Ахмедияұлы.
Сондай-ақ, қабылдау барысында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-қимылдар және тәрбие мен білім беру, құқықтар мен мүдделерді қорғау жөніндегі міндеттерді, кәмелетке толмағанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін жауапкершілік туралы ақпараттармен Департамент басшысының орынбасары Аманбек Калпаков бөлісті.
Департаменттің ұйымдастыру-талдау бөлімінің басшысы Игорь Креккер неке-отбасы дауларына байланысты азаматтық істердің соттылығы туралы айтып берді.
Отбасылық істер бойынша халықаралық құқықтық көмек көрсету Департаментінің табысты кейстерінің мысалдарын Департаменттің ұйымдастыру-талдау бөлімінің бас маманы Жібек Мұхтарова-Зикенова келтірді.
– «Шетелде алименттерді өндіріп алу туралы» 1956 жылғы 20 маусымдағы БҰҰ Конвенциясына, «Балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы» 2007 жылғы 23 қарашадағы Гаага Конвенциясына және 2007 жылғы 23 қарашадағы Алименттік міндеттемелерге қолданылатын құқық туралы Гаага Хаттамасына» қатысушы мемлекеттердің аумағынан алименттерді өндіріп алу көрсетілген конвенциялардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Соңғы үш жылда және осы жылдың 11 айын қоса алғанда шет мемлекеттердің құзырлы органдарына облыстың жергілікті соттарымен Қазақстан Республикасының сот шешімдерін шет мемлекетте тану және мәжбүрлеп орындауға рұқсат ету туралы 152 өтінішхат жолданып, оның 148-і немесе 97,3% қанағаттандырылған. Бұл – Департаменттің халықаралық құқықтық көмек көрсету бағытындағы сапалы жұмысының көрсеткіші, – дейді Жібек Қайратқызы.
Бірнеше сағатқа созылған кездесудге келген азаматтар сұрақ қойды, қабылдау барысында өтініш білдіргендердің барлығына қолданыстағы заңнамаға сәйкес түсініктемелер берілді, басқа да ұсыныстар назарға алынды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ