Ата-баба мұрасын жалғастырушы

Ұлттық құндылықтарымызды алға оздыру үшін жасалып жатқан маңызды істер жетерлік. Соның маңыздысы – қазақтың қолөнері. Ұлт ретіндегі мәдени мұрамызды айшықтап көрсететін, ғасырдан – ғасырға, атадан – балаға мұра болып ауысып келе жатқан да осы әдет-ғұрыпқа бай қасиетті қолөнеріміз, ұлттық болмысты дәріптеу де осы жерден басталады.

Кенжелеу қалып келе жатқан қолөнерді серік етіп, кездесіп жатқан түрлі кедергіге қарамастан, білгенін үйретіп, көкірегіне түйгенін шәкірттеріне қалдыруды мақсат тұтқан Қылышбек зергер атына Баянауыл халқы ширек ғасырдан бері қанық. Оның таза қайыстан өрілген сегіз өрім, он өрім, он екі өрім күміс қамшылары мен көз тартарлық күмістелген қобдишаларын Алматы қаласындағы өнерді қастерлеген зиялы қауым өкілдерінің төрінен көруге болады. Экологиялық таза ағаштан жасалған сандық, бесік, қымыз шарасы, ет астаулары, астабақ, бастабақ бұйымдары Павлодар аймағындағы әр үйде бар десе де болады.

Өнер жолы – ауыр жол. Жалпы өнер адамдарының табиғаты да өзгешелеу, біздің қалыпқа сыймайтын арындылау келеді. Осыған қарап басасаулыққа жатқызуға да болмайды, жүректері осалдау, әзіктігі тағы бар. Әрбір жасаған қимылыңды, айтқан сөзіңді бақылап, бағаңды беріп отыратыны тағы бар. Сыйластыққа, жолдастыққа адал, қиянатты кешірмейді, соған қарамастан аңғал, кейде бойынан жас баланың қылығын көресің. Өзі тағдырлас өнер жолында жүрген жандарға жақын жүреді, сыйласады, құрметтейді. Бұл жолда қызметіне, шыққан тегіне қарамайды, адамшылығын басты орынға қояды. Мен білетін Қылышбек шебер осындай жан.

Қолөнерін жанына балаған Қылышбек Құрмантегімен Майқұдықтағы Мәдениет үйіндегі «Атамұра» ұлттық қолөнер орталығын басқарып жүрген шағында танысудың реті келді. Қарағанды қаласына келгелі ұлт құндылықтарын өрістетіп, насихаттап жүрген өзіне лайықты рухани ортаға кіріп үлгерген екен, қаланың мәдениет саласында жүрген азаматтардың көпшілігімен етене жақын араласып жүргенін білдік. Өнерге жақын, қолының шеберлігі бар балаларды топтастырып, ағаш пен темірден әртүрлі бұйым жасауға баулып, бойындағы бар өнерді жас жеткіншектерге беріп кетсем деген ниетіне сүйсіне отырып құптадық. Жерді алыссынбай, сонау Абай қаласынан қатынап, өнерді үйренсем деген жас талапкерлерді көріп сүйсіндік.

Шеберхана ішінде түрлі станок пен біз көрмеген құрал-жабдықтарға толы болып шықты. Бір бұрыштағы сөреде қарағандылық қаламгерлердің туындылары ұқыптап жиналған. Төрде атасы Құлмағанбет Байбақыұлының портреті ілулі тұр. Тарихи сурет. Құлмағанбет ұста 1893 жылы 56 жасында Омбы қаласында өткен көрмеге қатысыпты. Сол жерде фотографтың бірінің назарына іліксе керек. Қылышбектің қолөнері ата-бабасынан бері үзілмей келе жатқан тектілік қасиеттің көрінісі деп қабылдауға тұрарлық. Ағаштан бұйым жасау біз ойлағандай жеңіл-желпі дүние емес. Бір таңқаларлығы ағашты Ресей жерінен алдырады екен. Оның өзінің келісті бабы, сақталуы, кебу кондициясы ойдағыдай болу керек. Былғары – Түрік елінен. Айта берсе біз білмейтін құпиясы көп дүние. Қылышбек Құрмантегі Елордада өткен «Экспо-2017» көрмесінің күміс жүлдегері. Күміс жүлдегер болу да үлкен мәртебе, бірақ көрмеге апарған бұйымдары алтын алуға лайықты болғанын естідік. Өзінен сұрағанымызда күмілжіп, сырын аша қоймады, әрі қарай қазбаламадық.

Бірде Сәкен Келдібаев ағаның қолынан домбыра көрдім, дүкеннен алынған емес, ұсталғаны көрініп тұр. Қызығушылығым ұстап:

– Домбыра үйренейін деп жүрсіз бе? – дегем.

– Ол да ойда бар жұмыс, – деп жымиды Сәкен аға, – мына домбыраны қоқыстан тауып алдым. Ойландым да Қылышбекке әкеліп көрсетіп едім, сөзге келген жоқ, қатырып берем деді. Енді міне сөйлеп тұр, рақметімді айтып алып кетіп барамын, – деді күмілжіп. Күмілжігенінде де сыр бар екен. Майқұдықтағы мәдениет үйіндегі домбыра үйрету курсына қатысып, біраз сауатын ашыпты. Содан мен де бір домбырамды оңдатып алдым. Ауылдағы інімнің гаражында 1967 жылғы балалайка жатушы еді, оның да бет тақтайын ауыстырып, іске қосып берді. Алматыда тұратын Бейсен Жүніс деген азамат Қылышбектің  даңқын естіп, ол да бір гитарасын жөндетуге беріп жіберген. Бір кездері мәдениет министрінің орынбасары болған адамның бұл ісін өнерді бағалағаны деп ұқтық, әйтпесе Астанада да талай шеберлер бар ғой.

Қылышбек Құрмантегінің тұла бойындағы жақсы бір қасиеті – ізденгіштігі, эстетикалық талғамының күштілігі, қолөнерге деген құштарлығы, өнердің әдіс-тәсілдерін үйретуге деген жаңашылдығы. Жалпы өзінде бар білімді шәкірттеріне үйретуден жалықпайды, оқушының жеке көзқарасына, дүние танымының дәрежесіне қарай тапсырма береді. Бір сөзбен айтқанда, ізгілік, адамгершілік, еңбекқорлық пен төзімділік сынды асыл қасиеттер қалыптасқан жігіт ағасы бүгіндері 60 жастың асуына табан тіреп отыр. Ертең 61 деген сиқырлы жастың табалдырығын аттамақшы. Соған орай, дүбірге толы дүниеде тұғырың тұрақты, ғұмырың шуақты болсын демекпін. Жарқын болашаққа деген нық сенімің болсын, мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілеймін!

Аңғар СМАҒҰЛОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *