«Ауыл аманаты» – жемісті жоба

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру жөніндегі семинар-жиналыс өтті. Жиынды партияның аймақтық бөлім  облыстық әкімдікпен, аудан әкімдіктерімен, Қарағанды облысының ауылшаруашылығы басқармасымен, «Сарыарқа» ӘККАҚ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп атқарды.

Семинар-кеңес ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыру, шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету мақсатында өтті. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін түсінуге, қаржылық сауаттылығын арттыруға және жобаның жетістіктерін көрсетуге бағытталды.

Жиынға келгендерге Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев жобаның аймақтағы ахуалы туралы айтып берді.

–  Бүгінгі  таңда «Ауыл аманаты» өңір экономикасы және ауыл тұрғындары үшін елеулі көмекке айналды. Бағдарламаны іске асыру кезеңінен бастап ауыл тұрғындарының мал шаруашылығын және бизнес бастамаларын қолдауға 3,8 млрд теңге сомасына 494 микронесие берілді. Бұл 686 жаңа жұмыс орны мен 60-тан астам ауылшаруашылық кооперативін құруға мүмкіндік беріп, ауылшаруашылығын нығайтуға және аграрлық саланы дамытуға ынталандырды.

Осы жылдың ортасында жобаны жалғастыруға қосымша 1 млрд теңге түсті. Қаражат шеңберінде 158 жұмыс орнын құрумен, 344 млн теңге сомасына 56 жеке қосалқы шаруашылығы мен 655 млн теңге сомасына 34 ауылшаруашылығы кооперативтеріне несие беру жоспарланып отыр.

Қазір ауылшаруашылығымен жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармаларының алдына – микронесиелерді  беру үшін D және Е мәртебесі отбасыларын тарту бойынша, ал кепілдік мүлкі болмаған жағдайда тауарлық несие беру мәселесін пысықтау үшін нақты міндеттерді қойдым.

Сондай-ақ, аудан әкімдеріне шағын несие алған кәсіпкерлерден ауылшаруашылығы өнімдерін сатып алатын зәкірлік кооперативтерді құру және мамандандыру тапсырылды. Болашақта біз бұл өнімдерді ірі қала құраушы кәсіпорындарына өткізуді қамтамасыз етуге шаралар қабылдаймыз.

Біздің ортақ мақсатымыз – «Ауыл аманаты» жобасының әр тетігін тиімді іске асырып, жобаға қатысушылардың маңдай тері еңбегі өніміне сұранысты ұйымдастыру және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, – деді Ермағамбет Бөлекпаев.

Семинар кеңес барысында «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев «Ауыл аманаты» жобасының басқа өңірлерде қалай жүзеге асып жатқанына тоқталды. Және де ауыл әкімдеріне осы жоба аясында бөлінген қаржыны тиімді пайдалану жөнінде ұсыныс айтты.

Жиында проблемалар да айтылды. Жұмысты тежеп отырған себептердің бірі – өнім сатудың жүйесі ақсап тұрғанымен байланысты. Ауылшаруашылығы кооперативтері деңгейінде сүтті қайта өңдеуді ұйымдастыру ұсынылды. Елдар Жұмағазиев мобильді вагондар арқылы өнімді сатудың мысалын келтірді.

– Мемлекет басшысы халықтың табысын арттыру бойынша нақты міндет қойды. Бұл ауыл және аудан әкімдері үшін негізгі индикатор. Әлеует зор. Талдау көрсеткендей, қазір қаражаттың көп бөлігі мал сатып алуға жұмсалған. Келесі жылдан бастап қайта өңдеуге басымдық беріледі. Біз әрбір ауыл әкімінің тұрғындарға шыға алатын өз даму бағдарламасы болатын деңгейге шыққымыз келеді. Бұл салық салынатын базаны ұлғайту үшін ауыл экономикасын қай бағытта жүргізу керектігі туралы болжам болады.

2023 жылы Қарағанды облысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 3,4 млрдд теңге алды. Биыл республикалық бюджеттен ауыл тұрғындарының бизнес бастамаларын одан әрі қолдауға қосымша қаражат түсті. 155 ауылдық округте скрининг жүргізіліп, әрқайсысы үшін бағыттар анықталды. Талдау негізінде зәкірлік кооперативтер құру жоспарлануда. Бұл соманы 2025 жылы көбейтуге болады. Басты мақсатымыз 2025 жылы сақадай сай дайын болып кіруіміз керек. Ол дегеніміз әрбір ауылдың экономикасын көтеру. Ол үшін әрбір ауылдың экономикалық бағдарламасын жазып шығу керек. Ауыл әкімдерін оқытуымыз қажет. Қазір 4 саяси реформаның пакетін қабылдадық, соған байланысты ауыл әкімдерінің барлығы сайланады. Халық алдына берген уәделері бар. Бірақ іске асыруға қолдары қысқа. Ол арнайы бағдарлама болмағандықтан. Сондықтан әрбір ауыл әкіміне бағадарлама жазып шығуына көмектесеміз, – дейді Елдар Жұмағазиев

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Бұқар жырау ауданында 2023 жылы 566 миллионнан аса қаражатқа 74 несие берілсе, 2024 жылы 130 миллионнан аса қаражатқа 13 несие берілді. Бұл туралы Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын айтып берді.

Сонымен қатар Ерлан Құсайын осы жоба аясында бөлінген қаржы жыл басынан бастап беріле бастаса деген ұсыныс айтты. Өйткені, кейбір кәсіпкердің қолына ақша уақытылы түспей жұмысына кедергі келтіреді.

Жоба аясында Абай ауданында 2023 жылы 345 миллионнан аса қаражатқа 50 несие берілсе, 2024 жылы 34 миллионнан аса қаражатқа 2 несие берілген.

Жиынды қорытындылаған «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасы Бекзат Алтынбеков:

–  Біздің түпкілікті мақсатымыз ауыл тұрғындарының табысын арттыру екенін естен шығармауымыз қажет. Берілетін несие ауылдағы ағайынның тұрақты табысқа қол жеткізуіне ықпал етуі тиіс. Бағдарламаға қатысушылар үшін барынша ыңғайлы жағдай жасау маңызды деп санаймыз.

Осыған орай қатысушыларға келесі ұсыныстарды ұсынамыз:

Аудан, ауыл әкімдері ауыл тұрғындарының арасында ақпараттық науқанды белсенді жүргізіп, жобаның мүмкіндіктері туралы халықты хабардар ету үшін семинарлар мен онлайн кездесулер өткізу.

Бағдарлама арқылы кәсіп ашқан немесе жұмысқа орналасқандар туралы деректер  тексеріліп, жобаның нәтижелі жүзеге асуын қатаң бақылауға алу комиссияларын құрып,  құрамына «AMANAT» партиясының өкілдерін кіргізу.

Электрондық өтінім беруге мүмкіндік беретін, платформаның жұмысын ілгерлету.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің ұлғаюына әсер ететін қайта өңдеу цехтар жобаларын қарастыру.

Эко-туризм, органикалық өнімдер өндірісі, қолөнер шеберханалары, ауылдық IT орталықтары, гидропоника немесе вертикалды фермерлік, көшпелі кафе немесе фудтрак креативті идеяларын халыққа ұсыну, – деді.

Тағы бір міндет – мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету, осылайша олар өз істерін ашып, тұрақты табысқа ие бола алады.

Жоба қатысушылары өздерінің табысты тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы, Абай ауданының тұрғыны Надежда Елікбаева 4 млн теңге несие алып, өзінің жылыжай шаруашылығын құрған. Биыл ол көкөністерден жақсы өнім алып, өнімді толығымен сатқан. Болашақта кәсіпкер көкөніс қоймасын салып, қайта өңдеумен айналысқысы келеді. Надежданың айтуынша, бір жыл мерзімге кредиттік демалыс ол үшін жақсы қолдау болды, бұл өндірістік қуатқа шығуға мүмкіндік берген.

Осы жобаның арқасында өз кәсібің жүргізіп отырған Осакаров ауданы Озерное ауылының тұрғыны мал шаруашылығымен айналысып жүрген Ақиқат Қыдырқан: «Жеке шаруашылығым бар. Маған 2023 жылы 3 млн 700 мың теңге 2,5 пайызбен несие берді, оған 8 бас ірі қара сатып алдым, бүгін де ет, сүт өнімдерін өткізіп, табыс тауып отырмын», – дейді.

Үздік ауыл кәсіпкерлері сертификаттармен марапатталды.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында іске асырылған табысты кейстерді көрсететін көрме ұйымдастырылып, жемісті еңбек етіп жатқан кәсіпкерлер өз өнімдерін жариялауға мүмкіндік алды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *