Ауыл дәрігері

Мамандықтың ішіндегі ең қадірлісі – дәрігерлік. Дәрігер болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені ол ең алдымен шыдамдылықты, жауапкершілікті, мамандығына деген адалдықты қажет ететін ең абыройлы мамандық.

Ауылдың тынысы қандай кең болса, ауыл адамдарының пейілі де сондай кең. Әрбір жанұяның бір жақын адамына айналып кете баратын ауыл дәрігерлері күн мен түннің  қайбір мезгілінде болмасын жәрдеміне мұқтаж адамның  жанынан табылып жатады. Талай бақытсыздықтың алдын бөгеп, алғашқы берген тиянақты емімен, нақты нұсқамасымен нешеме науқастардың аяғынан нық тұрып кетуіне себепкер болып жүр.

Солардың бірі, еңбек жолында ел көңілінен шығып жүрген ауыл дәрігері Сүлейменов Майдан Қалабекұлы. Бұл дәрежеге ол ең алдымен бала кезінен өзі қалаған  дәрігерлік мамандыққа деген құштарлығының арқасында қол жеткізді.

Майдан Қалабекұлы 1945 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Өспен ауылында кенші жанұясында дүниеге келген. Әкесі Қалабек Сүлейменұлы Өспен кенішінде шахта проходкашысы болып жұмыс істеген. Қолдары тоқпандай қарулы, күші мол кісі болған екен. Бір өзі, ешкімнің көмегінсіз-ақ тәулік ішінде екі арба шөпті шауып тастап жүрген. Қолы қалт еткенде шеберлігінің арқасында ағаштан күнделікті тұтынатын ас-су жабдықтарын жасаумен әуестенген. Ел арасында аңшылығымен, «құралайды көзден ататын» мергендігімен танылған. Ауылда ең алғашқы болып велосипед мінген. Ауылдастары сол уақытта елге таңсық затты көшеде көргенде – «шайтан арба» келе жатыр деп бытырай қаша жөнеледі екен. Бірақ, әкелерінің өмір жасы ұзақ болмапты. Небәрі 49 жасында, жер астындағы шахтада жұмыс істейтін кеншілердің кәсіби ауруы целикоздан қайтыс болады.

Анасы Гүлбану Жанәбілқызы 6 сынып тәмамдаған, барынша сауатты адам болған. 10 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана. Бүгінгі таңда 9 баласы еліміздің әр түкпірінде ұрпағын көбейтіп, өмір сүріп жатыр.

Майдан ағамыз Өспен ауылының орта мектебін аяқтаған соң, алғашқы еңбек жолын құрылыс цехының жұмыскері ретінде бастайды. Келесі жылы Қарағанды қаласына барып, медициналық институтының емдеу факультетіне оқуға түседі. Жоғарыда айтқанымдай, бұл мамандықты таңдаған себебі бар.  Ол алдымен әкесінің тірі кезінде көп ауырғанын көріп өскені. Онымен қоса туыстары, ауылдастары арасында да аурушаң адамдар аз болмады. Өскенде дәрігер болып, науқастарға көмегімді берсем, сырқаттарынан сауықтыруға еңбек жасасам деген мақсатын жүзеге асыруға бет алады.

Қарағанды медициналық институты заманында республикамыз ғана емес, бүкіл Кеңес одағында денсаулық сақтау жүйесі үшін білікті кадрлар дайындайтын жетекші медициналық жоғарғы оқу орны болып саналған. Білім беру, ғылыми және емдеу-диагностикалық қызмет көрсету салаларында жоғары беделге иесі болған.

Институт қабырғасында оқып жүргенде медицина ғылымының докторларларынан, ғылыми атаққа кандидаттардан, профессор- доценттерден білім алады. Әсіресе, оған профессор Баянды Әбзәлиұлының берген дәрісі, оқыған лекциялары, теория мен іс-тәжірибесін ұштастыратын сабақтары қатты ұнайды. Осы ғалымнан білім, жеке үлгі алуға тырысады. Әрине, оқыған оқу орнында басқа да мықты оқытушылар болды. Олар да студенттерге дәріс беруде  бар күш-жігерін салып, өздерінің білетінін шәкірттеріне жеткізуден жалықпады десек болады.

Алты жыл өткен соң Майдекең медицина институтын тәмамдап, медицина маманы ретінде алғашқы еңбек жолын Жаңаарқа аудандық ауруханасының терапевт дәрігерлігінен бастайды. Ол күндерін кейіпкеріміз былай деп еске алады:

– Институтты бітірген соң, арнайы жолдамамен Жаңаарқа аудандық ауруханасына жіберілдім. Мекеме басшысы мені терапия бөлімінің дәрігері етіп бекітті. Дәрігер ретінде еңбек жолымды сол жерден бастағаныма әлі күнге дейін ризалығымды айтамын. Өйткені, ол ұжымда облысымызға белгілі, медицина саласының саңлағы, білгірі мен үлкен маманы Зайра Игенқызы жұмыс істеді. Жаңадан келген жас маман болғандығымнан ол кісі менің тәлімгерім болды. Сол кісіден көп нәрсені үйрендім, бір жылдың ішінде әжептәуір маман болып шыға келдім.

Майдан Қалабекұлы 1970 жылы аудандық аурухана басшысының бұйрығымен  Ортау учаскелік ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалады. Бұл жерде жұмыстың ыңғайы басқаша өрбиді. «Ортау» кеңшары қой, жылқы өсірудің шаруашылығы болған соң, тек қана кеңшар орталығымен шектелмейді. Мұнда енді шалғайдағы қыстақтарға, жазғы жайлауларға, жылқы қостарына шығып тұру керек. Сол жерлердегі жұмыс атқарып жатқан ауыл еңбеккерлеріне медициналық көмек көрсету қажет. Шаруашылық пен аудан орталықтарынан алыс жерде орналасып, күннің ыстығында, аяздарында қара жұмыспен айналысып жүрген қойшы, жылқышы, мезанизаторлар ауырмай қоймайды. Солардың денсаулығын бақылау, дер уақытында медициналық көмек көрсету, керекті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету дәрігердің, медициналық мамандардың парызы.

Төрт жыл өткен соң үлкен тәжірибе жинаған маманды өзінің туған ауылы Өспенге көмекке жібереді. Мұнда ол кісі терапевт-дәрігер болып қызмет атқарады. Бала кезіндегі аурушаң ауылдастарын емдесем, сырқаттарынан арылтсам деген арманының орындала бастағаны осы кез болса керек.

Алайда, ауылында көп тұрақтамайды. Екі жылдан соң Майдан Қалабекұлы Көктіңкөлі учаскелік ауруханасының бас дәрігері болып бекітіледі. Таныс жұмыс. Мұндай еңбекті атқаруға тәжірибесі жеткілікті. Жаңа басшы қызметіне білегін сыбана кірісіп кетеді. «Көктіңкөлі» кеңшары астық өсірумен, сүт, ет өндірумен айналысатын облыс көлеміндегі ең ірі шаруашылықтың бірі болды. 3 мыңға жуық халқы, Көктіңкөлі ауылы, Әлихан, Жыланды, Целинный бөлімшелері, 56 теміржол разъезы бар. Елді мекендердің барлығында халық саны көп болып шоғырланған.

Учакелік ауруханада бір мезгілде 25 сырқаты бар адамдар ем ала алады. Терапевт, педиатр, акушер-гинеколог, стоматолог, 12 медбикесі бар болып шықты. Ауырып қалған адамдарға тез арада жету үшін арнайы жедел жәрдем автокөлігі тағы бар.

Дегенмен аурухананың жұмысы жандану үшін материалдық базасын нығайту керек болды. Бірінші кезекте жаңа жабдықтар мен қондырғылар сатып алынып, физиотерапиямен емдейтін арнайы кабинетті ашуға тура келді.

Майдекең аудандық орталықтандырылған аптека басшысымен келісімге келіп, аурухананың ішінен дәріхананың ашылуына да мұрындық болды. Ауданнан фармацевтика маманы Түсіпова Айгүл жіберіліп, бір жылдың ішінде дәріхананың жұмысын дұрыс жолға қойды.

Жаңа туған балаларға (3 жасқа дейін) тегін сүт тағамдарын дайындап беретін сүт асханасына жол ашылды. Аталған асхана балғындарға дайындалған сүт қоспаларын, сапалы сүтті, айранды, ірімшікті, басқа да сүт тағамдарын тегін беріп отырды. Көпбалалы отбасылардың балаларына жеңілдік жасалды.

Майдан Қалабекұлы Көктіңкөлі ауруханасының бас дәрігері дәрежесінде 41 жыл бойы үздіксіз еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін бір жылдан соң заманның ағымымен учаскелік аурухана жабылып, фельдшерлік-акушерлік бекетіне (ФАП) айналды.

Еңбек еткен жылдары білікті дәрігер елеусіз қалмады. Медицина саласындағы қызметі жоғары бағаланып, 1980 жылы «ҚСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен, 2009 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Үздік жалпы тәжірибе дәрігері» аталымымен, сонымен бірге «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау Министрлігінің, облыстық денсаулық сақтау департаменті мен аудандық аурухананың басшылығының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жеке сұқбатымыздың барысында Майдан ағамыз сәл ойланып отырып:

– Осыдан біраз жыл бұрын Көктіңкөлі ауылының маңайындағы тас  жолда көлік апаты болды. Жедел жәрдем автокөлігімен апат болған жерге барып, зардап шеккен ер адамды ауруханамызға алып келдік. Бір аяғы бірнеше жерден сынған екен. Мұндайда зақым алғандарды дұрыс қарап, сауатты көмек беруіміз керек. Мен бірден оның сынған жерлерін қалпына келтіріп, тазалап, дәр-дәрмекпен ауырсынуға қарсы ем-дом жасап (екпе арқылы), терісін дәлдеп тігіп, шиналар салып бердім. Алғашқы көмек көрсетіліп болған соң қалаға дәрігерге жібердік. Қаланың мамандары өте сауатты көмек көрсетілген деп риза болған екен. Сол апатқа түскен адамның аяғы сау қалып, бүгінге дейін қалада шауып жүр.

Екінші жолы, Әлихан ауылы мектебінің ұстазының қан қысымы қатты көтеріліп, гипертониялық кризге ұшыраған. Көрсеткіші 200/120-ға дейін барған. Енді кішкене болса денесінің бір жағы жансызданып, паралич алатыны немесе инфарктқа барып ұрынатыны анық еді. Жанымдағы Тілеуханова Света екеуіміз науқастанған әйел адамды қатаң бақылауда ұстап, система, егіп  бірден қан қысымын төмендету үшін бар күшімізді, білгенімізді салдық. Уақытында барып, жанынан табылып, дұрыс жасаған көмегіміздің арқасында науқасымыздың беті бері қарады. Сол бетте біз оны аман-есен Қарағанды қаласына жеткіздік. Ол жерде оған ота жасалды. Бәрі сәтті болып, сол жолы аурудың бетін қайтарып,  төнген қаупті сейілдірген жағдайымыз болып еді, – деп есінде қалған оқиғаларды айтып берді.

Майдан ағамызды жақсы білетінім төрт жыл сол ауылда тұрып, қызмет істеген болатынмын. Сол кезде ол кісіні ауылдас ретінде, жоғары буын аға, дәрігер ретінде де жақсы таныдым. Кейін де сол ауылға туған-туыстарыма жиі барып тұрдым. Осы ретте менің ойыма бір өткен оқиға түсіп отыр.

2000 жылдардың бас кезінде Көктіңкөлі ауылына қарасты бір бөлімшеге тойға барған кезім еді. Құдаларымыздың баласы үйленіп, палаткада тойлары өтті. Ол тойға көрші ауылдан салт атқа мініп жастар да келген екен. Мініп келген аттарын қораның ішіне байлап, асқа кірген. Біраз уақыттан кейін қораға барып есікті ашып қалғанда, үріккен бір жылқы жас жігіттің ішінен тебеді. Бала бүктетіліп жатып қалады. Жан-жақтың бәрі у-шу. Ыңырсып жылап жатқан жігіт.

Тойға УАЗ-452 көлігімен барған едім. Баланы салып алып, Көктіңкөлі ауылына келдік. Бірден Майдан Қалабекұлына алып бардық. Ол кісі ойда жоқта жарақат алған баламызды қарай бастады. Керек сараптамаларын жасады. Кіші дәретінің зәрін көріп, ішкі құрылысында қуығына қатты зақым келіп,  шектерінің жарылғанын айтты. Бізге қарап, дереу не Ақадырға, не Жаңаарқаға хирургтерге апару керек екенін мәлім етті. Ауылға басқа аудан болса да Жаңаарқа жақын. Зардап шеккен баланы сол жаққа жақындары алып кетті. Ауруханаға барғанда Майдекеңнің қойған диагнозы дұрыс болып шыққан.

Бұл оқиғаны айтқаным, ауыл дәрігері Майдан Қалабекұлының алдына барған адамдардың қайсысына болсын қойған диагнозы расталып жатады екен. Керекті сараптама жасауға, ауырған жерлерін дұрыстап тексеріп қарауға арнайы медициналық қондырғылары болмаса да, көпжылғы тәжірибесінің арқасында шатаспай сырқаттың көзін бірден таба білетін дәрігерге айналғаны хақ.

Майдан ағамыз қазіргі кезде зейнеткер болса да қатардан қалған жоқ. Қатты сырқаттанып қалған адамдар көмекке шақырса бас тартып көрген емес. Баяғыда марқұм әкесі туған ауылының ішінде «шайтан арба» айдап жүргендей, ағамыз да велосипедке мініп, артына дәрі-дәрмек салатын қобдишасын артып шақырған жеріне жетіп барады. Кейде ФАП басшысы сырқаттарды бірге көріп қайтуға шақырғанда да бетін қайтармайды.

Айтпақшы, фельдшерлік акушерлік бекетін басқарып отырған Тілеуханова Света Серікханқызы өзінің төл шәкірті. Басшысынан үлкен тәжірибе алып, жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп отыр. Тағы бір алдынан өткен шәкірті Құрманбаева Зәмзәгүл қол астында акушер қызметін атқарған. Бүгінгі таңда Астана қаласының бір ауруханасында абыроймен жұмысын атқарып жүр. Ал, Молданова Ақерке учаскелік аурухананың медбикесі болып істеген. Кейін Қарағанды қаласының тері-венерологиялық диспансерінде медбике қызметінде болды. Алдынан өткен шәкірттерін тізбектеп айта берсек, әлі де жетерлік.

Майдан Қалабекұлы елді мекеннің қоғамдық – саяси жұмысына белсене араласады. Көктіңкөлі ауылдық кеңесінің бірнеше шақырылымдарының депутаты болып сайланды, сайлаушыларының аманатын абыроймен орындап жүрді. Бірнеше жылдардан бері қазіргі уақытқа дейін ауылдық Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметін атқаруда. Ардагерлер кеңесінің ақыл-көмегімен, ұсыныс-пікірлерімен ауыл іші жылдан-жылға көркейіп, абаттандырылып келеді. Көшелерге асфальт салынып, түнгі жарық шамдары қойылуда. Соңғы жылдары заманауи медициналық жабдықтар мен қондырғылар қойылған фельдшерлік-акушерлік бекеті салынды. Ғимараттың ішінде денсаулық сақтау саласын жақсарту шараларын жүргізуге, халыққа пәрменді медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Өкінішке орай, материалдық-базалық жағдайдың бәрі жасалғанымен, онда кадрдың жоқтығы қынжылтады.

Ардагерлер кеңесін, ауыл тұрғындарын тағы бір көп жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан жол мәселесі алаңдатады. Ақадыр кентіне, аудан орталығына баратын тас жолы сын көтермейді. Халық азық-түлік алу үшін 50 шақырым жерде орналасқан Жаңаарқаға (оның өзі қазір тіпті басқа облысқа қарап кетті) барады. Әрі жақын, әрі жолы да жақсы. Ал енді құжаттар алуға, медициналық көмекке жүгінуге бару үлкен машақат.

Майдан ағамыз өмірлік жұбайы Үмітжан Кенжебекқызымен екеуі Салтанат, Ербол, Серікбол есімді бір қыз, екі ұлды тәрбиелеп өсірді. Ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырды. Олардан үш немере сүйіп отыр.  Үлкен немерелері Әлібек Қарағанды қаласының политехникалық институтын бітірген. Астана қаласының тепловоз жинайтын зауытында қызмет атқарады. Екінші немерелері Арай атасының жолын қуып, медбике қызметінде жүр. Ал енді, ең кіші немерелері Аманбек колледжде оқып жатыр.

Бүгінгі мақаламды жазар алдында Ақадыр селолық ауруханасы құрылымдық бөлімшесінің басшысы Шәкіров Асқар Нұрланұлына хабарласқан едім. Ол маған бірден:

– Қалеке, Көктіңкөлі ауылындағы Майдан Қалабекұлы туралы  жазыңызшы. Мақтан тұтар, үлгі алар ағамыз. Ауданымызға белгілі білікті дәрігер. Әлі де болса қатарымыздан қалмай жүр, көмегін ешқашан аяған емес. Жуық арада мерейлі 80 жасқа толады, – деп ағамыздың мақтауын жеткізген еді.

Міне, сексеннің сеңгіріне шыққан ағамыз Сүлейменов Майдан Қалабекұлының өмірбаяны осындай. Кәсібін шын сүйген, оның мехнатын маңдайының терімен жеңілдетіп, жүрек жылуымен өзін де, өзгені де жылыта білген нағыз маманымыз. Денсаулық күзетінде бағаналы қауымға бауырдай болып кеткен жақсы мінезі де, қасиеттері бір өзінің бойынан табылады.

Жаны сүйіп қалаған мамандығының қыр сырын жетік меңгеріп, өмірлік тәжірибесін бекемдеп жүрген ағамызды қадір тұтайық, баршамыз бірге құрметтейік. Жасай беріңіз, Майдан аға!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр–Көктіңкөлі–Ақадыр

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *