«Әдебиет порталынан» Мирас Мұқаштың «Ділдә» әңгімесін оқып, авторға риза болдым. Қазір әдебиетшілер арасында «ауыл тақырыбы, өткен-кеткенді сөз ету – ескірген тақырып» деген түсінік қалыптасқан. Керісінше ауылдағы әлеуметтік мәселелерге қатысты тақырып нағыз қозғалуға тиісті жаңа тақырып қатарында болу керек деген ойдамын.
Әңгімеде көтерілген мәселе – өте өзекті. Әлі күнге дейін ауылдағы әлеуметтік нысандар жабылып, күйі кеткен халық қалаға қарай ағылуда. Барлық жерде солай. Мына әңгімеге арқау болған да сол ортақ мәселе. Ділдәнің әкесі қаладағы үй-жайын, әжептәуір қызметін тастап ауылға көшіп келеді. Титтей де болсын үлес қосып, ауылымды көркейтсем, балаларымды оқытып жабылғалы тұрған мектеп мәселесін шешуге атсалыссам деген ойы бар.
Қысқа әңгіме мектепке баруға дайындалып жүрген Ділдәнің ой-арманы, ішкі сезімін көрсету арқылы өрбиді. Мектепке барғанда бірінші сыныпта бір өзі ғана болады.
Екі-үш жыл бұрын әлеуметтік желіден Жапония туралы бір ақпаратты оқып едім. Алыс бекеттен қалаға қатынап оқитын кішкентай қыз бала туралы. Мектепке баратын құйтақандай қыз үшін сол жерге пойыз тоқтайды екен. Ұқсастығы бар параллельдер. Тек Жапонияның жағдайында оларда адам факторы дейтін мәселенің бірінші орында тұрғанына риза боласың. Ал мына әңгімеден қандай ой түюге болады?
Мирас Мұқаштың көтеріп отырған мәселесі ауылдарға ортақ мәселе, типтік жағдай. Ең соңғы статистикалық ақпаратқа жүгінсек, халықтың өңірлерден ірі қалаларға қоныс аударып жатқаны айтылады. Былтырғы жылдың он айында елде қала халқының саны 1,88 пайыз өсіп, 13 млн 13 мың адамға жеткен. Ал ауыл халқының саны 0,59 пайыз азайып, 7 млн 465 мың 800 адам болған. Жалаң цифр ғана болып көрінгенмен, бұл – ойланатын жағдай. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, жұмыс орны болып, мектеп пен аурухана сақталған болса, халық қозғала қоймас еді. Қымбатшылық қысқан заманда қалада күтіп отырған нағашылары жоғы және белгілі.
Биылғы жылдың 5 қаңтарында Президентіміз «Түркістан» газетіне берген сұхбатында ауылшаруашылығын көтеру мәселесі туралы былай деген болатын: «Енді басқа бағыттардағы жұмысты күшейту қажет. Ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар».
Осы жоспарды орындайтын кім? Әрине, ауылдардағы шаруа қожалықтары. Шаруа қожалығы демекші, Шет ауданында Айғыржал атты ауыл бар. Шаруасын шайқалтпай, ірі қара өсіріп, мал басын ортайтпай отырған ауыл тұрғындарын толғандырып отырған мәселе – мектеп жайы. Бұл ауылда да төменгі сыныптың бірінде екі-ақ оқушы қалып, Өспен ауылына барып оқуға мәжбүр екен. Материалдық-техникалық базасы жақсы, ұстаздық құрамы толық, оған қоса спорт зал мен кітапхана, шағын балалар орталығына дейін ескерілген мектепте сала саны аздығы ауыл тұрғындарын алаңдатуда.
Мирас Мұқаштың «Ділдә» әңгімесін оқи отырып, осы ауылдың жағдайын ойладым. Әупірімдеп оқу жылының басында жұмысын бастап кеткен мектеп мұғалімдерінің де, ауыл тұрғындарының да көңілі толық тыншымай отыр. Ешкімге қол жаймай, нәпақасын адал еңбектен тауып, құнарлы топырақта мал өсіріп отырған жандардың көңілін демдейтін бір жоба болса, шіркін!
Президент айтты, алдағы жоспарды ортаға салды, мақсат айқын. Енді соны бақайшығына дейін ойластырып, жіліктеп шағып, қорытынды шығарса… Үкімет тарапынан ауыл тұрғындарына мектебінде баласын оқытып, алаңсыз ғана шаруасын күйттеуге, еңсесін көтеруге мүмкіндік беретін жоба қолға алынса деген тілектемін.
Жұпар ЖАҚАН,
Қарағанды облыстық Қазақ тілі және мәдениеті қоғамының жауапты хатшысы
