Ауыл мәселесі – қоғамдық кеңес бақылауында. Достық үйінде өткен жиында Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда талқыланған тақыраптар талқыланды. Оның ішінде ауылды дамыту тақырыбына ерекше назар аударылды.
Үш сағатқа созылған жиынға белгілі қоғам қайраткерлері, саяси сарапшылар, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, емін-еркін пікір алмасты.
Қатысушылар алдымен ауылдағы мектептердің білім сапасына назар аударды. Осы тұрғыдан келгенде білім беру саласындағы кемшіліктерді атап, саланы қаржыландыруды аудандық бюджетке қайта міндеттеу туралы айтылды. Тағы бір мәселе – ауылдағы мектептердегі бала санының аздығы. Бұл да кадр тапшылығының белең алуына, білім сапасының төмендеуіне әсер етіп отыр. Осы орайда ауыл мектептеріндегі оқушылар санына белгіленген нормативті алып тастау және аудан орталықтарында алыс ауылдар балаларына арналған мектеп-интернаттар салу мәселесі көтерілді.
Барлық ауылды заманауи жабдықталған, қолжетімді спорт ғимараттары, спорт аландары, құрылғы-қондырғылармен қамтамасыз ету, жалпыға бірдей бұқаралық спортты жаңғырту және дамыту де күн тәртібінен тыс қалған жоқ.
Ауылдағы ағайынның негізгі күнкөрісіне айналған ауылшаруашылығы саласындағы кем-кетіктер де жиында қозғалды. Мәселен, ауылдар маңындағы жерлерде шамадан тыс мал бағымын тоқтату үшін ауыл басында мал ұстау нормативін енгізіп, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» Заңның қабылдануын жылдам шешу қажет. Бұл жерде жер және жайылымдар туралы заңнамаға да өзгеріс енгізсе артық емес дейді қатысушылар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру да қазіргі уақыттағы маңызды мәселеге айналып отыр.
– Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығындағы ұйымдардың негізгі бөлігін, яғни 80 пайызын құрап отырған ұсақ және орта шаруалардың, жеке және қосалқы шаруашылықтардың бірігіп жұмыс істеу механизмін жолға қою қажет. Қазіргі таңда ауылшаруашылығы өнімдерін дайындау, оларды өткізетін нысандар құру, басқа да сервистік коперативтерді ұйымдастыру өмір талабына айналып отыр, – дейді қоғамдық кеңес мүшесі Ниқанбай Омарханов.
Ауылдықтар субсидия мәселесіне алаңдаулы. Бұл тұрғыдан келгенде қоғам белсенділері ауылшаруашылығына төленетін субсидияларды тоқтатпай, төлем механизміне дифференцация жасау, яғни, ірі құрылымдарға азайтып, субсидия төлеуді ұсақ шаруаларға көбейтуге бағыттау қажет деп санайды. Ал мал басын құнарлы азықпен қамтамасыз ету үшін облыстағы тозығы жеткен 300 мың гектардан астам алқапты жаңғырту бағдарламасын қайта қабылдау керек деп есептейді.
Сондай-ақ басқосуда ұсақ және орташа шаруаларды қолжетімді ауылшаруашылығы техникасымен жеделдетіп жабдықтау мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Қытай сияқты мемлекеттердің қатысуымен ауылшаруашылығы машиналарын жасайтын шағын цехтар ұйымдастыру туралы айтылды.
Бұдан бөлек жиында ауылшаруашылығы ұйымдарын қажетті мамандармен қамтамасыз ету шаруасы ескерусіз қалған жоқ. «Агроөнеркәсіп кешені өндірісін кадрлармен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында «Дипломмен – ауылға бағдарламасына өзгерту енгізіп, ауылға баратын барлық мамандықты қосу керек. Ауылда жас мамандарға арналған жайлы үйлер көптеп салынуға тиіс. Мақсатты түрде кадр дайындау үшін жоғары және орта арнаулы оқу орындарына аудан әкімінің гранттарын бөлінсе, өз жемісін берер еді. Ішкі және сыртқы миграция арқылы халық саны азайған ауылдарға қандастарды көшіру арнайы бағдарламасын жасау қажет. Және ауылдан шыққан және ауылға баратын жастардың санатынан кадр резервін жасақтау бастамасын қолға алуды сұраймыз» – деп пікірін білдірді кеңеске қатысушы.
Сондай-ақ ауылға көптеп турист тарту өзекті тақырыпқа айналды. Кейінгі жылдары осы іске ел көлемінде кеңінен көңіл бөліне бастады. Қарағанды облысында да шетелдік саяхатшы қызығатын жерлер баршылық. Бұл мүмкіндік мүлт жібермеу қажет дап есептейді жиынға қатысқан қауым. Яғни халықаралық және ішкі туризмді дамыту мақсатында ауылдық жерлерде этнографиялық, тарихи-археологиялық, табиғи мұражайлық, фермерлік, дала туризмін дамыту керек. Келген қонақты қысылмай қабылдау үшін қонақүйлері жүйесін дамыту, оған инвестиция тартуға көңіл бөлінгені жөн. Және барлық ауыл-аудан кеңжолақты интернетпен толық қамтылуға тиіс.
Жиындағы барлық ұсыныс хатқа түсірілді. Алдағы уақытта құжаттың толық нұсқасы Ұлттық құрылтайдың республикалық комиссиясына, Парламент Мәжілісінің аграрлық саясат туралы комитетіне және саяси партияларға жолданбақ.
Манас АҚСАРЫ