Денсаулық – зор байлық. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Центральное ауылында ашылған жаңа медициналық пункт – ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту бағытындағы маңызды қадам.
Осы ауылдың тұрғындары медициналық көмек алу үшін ұзақ жылдан бері аудан орталығына қатынауға мәжбүр болған еді. Соның салдарынан азаматтар уақыт жоғалтып қана қоймай, жолға шығындалып, дер кезінде медициналық көмек ала алмай келді.
Өз кезегінде Бұқар жырау ауданының тұрғыны Теңге Сәрсембаева жаңа медициналық пункт ауыл азаматтарына көрсетілген қомақты қолдау болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұрын дәрігерге қаралу үшін көп уақыт жұмсалатын еді. Ал қазір ауылда алғашқы медициналық көмек қолжетімді болып отыр.
Жаңа нысан заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Дәрігерлердің кәсіби шеберлігі мен терең білімі де тұрғындардың медициналық қызметке деген сенім үдесінен шығып отыр. Осылайша азаматтардың алғашқы медициналық көмекті өз ауылында алуына қолайлы жағдай жасалды. Бұл қадам адамдардың уақытын үнемдеумен қатар, сапалы диагностикадан өтуіне де мүмкіндік береді. Тұрғындар профилактикалық тексерулерден де уақтылы өте алады.
Жалпы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Қарағанды облысында 92 заманауи медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Соның ішінде осы Бұқар жырау ауданында 20 медициналық пункт ашылды.
«AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамаларды алдағы уақытта да жалғастыра береді.

