«АУЫЛДЫҢ» АУЫЛҒА САПАРЫ

Қарағанды өңірлік «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Ниқанбай Омарханов, партияның өңірлік консультанты Жанарай Санақбай, Шет аудандық «Ауыл» партиясының төрайымы А.Амирова, партия мүшелері С.Келдібаев, А.Смағұлов облыс орталығынан 250 шақырым қашықтықтағы Ақшатау кенті әкімдігіне қарасты Жарылғап батыр ауылында болып, ауыл еңбеккерлерімен кездесіп қайтты. Сондай-ақ онда Ақжал, Еркіндік ауылдарының өкілдері қатысты.

Негізгі мақсат – Шет ауданының 4 ауылдық округі тұрғындарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі бағдарламалық қызметі мен партияның сайлауалды тұғырнамасы туралы Жолдауындағы мәселелерді жеткізу, облыстық жастар саясаты басқармасы арқылы ауылдарға гранттық қолдау көрсету тетіктерін түсіндіру, өзекті мәселелерді шешуге көмек көрсету және оларды атқарушы органдар өкілдеріне жеткізу.

Кездесу барысында шаруа қожалығының басшылары Б.Кәрібеков, С.Омаров, бастауыш партия ұйымының хатшысы Ж.Кәрібжанов, тағы да басқа ауыл тұрғындары қалыптасып отырған сан салалы түйткілді мәселелерді ортаға салып, партия тарапынан көмекке зәру екенін айтты. Мемлекет тарапынан берілетін субсидиялардан бас тартқанын, оны алудың машақаты жылдан жылға қиындап бара жатқанын қынжыла отырып жеткізді. Мәселені толық ашып айтпағанымен, сауаты кемшін шаруалар субцидияға қол жеткізу мәселесінде түрлі қиындықтарға тап болатынын айқын аңғардық.

Елді тарықтырып отырған 16 шақырымдық жол мәселесі, мектепті ұстап тұрудың қиындықтары айтылды. Тағы да көптеген мәселе Н.Омархановтың қойын кітапшасына жазылып алынды және алдағы уақытта күн тәртібіне қойылатын проблемалардың ұзын-ырғасына тоқталды.

«Кездесуге Жарлығап батыр, Ақжал, Ақшатау кенті, Еркіндік ауылы тұрғындары өкілдері, жастар, мұғалімдер, шаруа қожалығы басшылары, ардагерлер қатысты. Өз тарапымнан Ауыл партиясының бағдарламасы, Президент жолдауы, саяси реформалар, 8 бағыттағы партиялық жобалар, Е-Ауыл, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары сияқты мәселелерге тоқталдым. Өз кезегінде қоғам белсенділері Сәкен Келдібаев пен Аңғар Смағұл да ауылдастармен өз ойларымен бөлісті. Ауыл тұрғындары өз кезегінде мынадай мәселелерді көтерді:

— Ақшатаудан келетін машина түгіл, трактор әзер жүретін 16 км тас жолды тегістеп беру;

— ауылдағы жаңадан салынып бос тұрған дәрігерсіз амбулаторияның келешек тағдыры, жалғыз медбикенің еңбекақысының өте төмендігі, 0,25 ставкамен күндіз-түні жүруі;

— қаңырап бос тұрған мешіт жағдайы;

— істеп тұрған су құбырына қосымша орнатқан су мұнарасын іске қосуды мердігердің «ұмытып» кеткендері;

— бұрынғы совхоздың кеңсесі ескі ғимаратында отырса да, өте ұқыпты ұстап отырған мектепте копьютердің жоқтығы;

— көшедегі қираған ғимараттардың орындарын тазалай алмай отырғандары, аудан соляркаға аздаған қаржы бөлсе, өз күштерімен тазалап алатындары;

—  көп жылдан бері шешілмей келе жатқан, облыс әкімі өзі көріп уәде берген, облыстық қоғамдық кеңес бақылауында тұрған Қарабұлақ ауылының ауызсу мәселесі,

—  Ақшатау кентіндегі жаппай бұзылып жатқан ғимараттар қоқысын жинап, ашық жатқан шахталар апандарын жабу;

— ауылшаруашылығы мәселелері, мал азығы тапшылығын шешу;

— Таңатбай су қоймасы жағдайы;

— су қоймасы жағалауында орналасқан, иесіз тұрған оқушылардың жазғы лагері иесін табу, іске қосу жағдайы;

— «Ауыл» партиясы жобасы бойынша жеке кәсіпкерлік – қаз асыруға қызығушылықтарымен бөлісті;

— Жарлығап батыр ауылы бастауыш ұйымы ашылатын болып келісілді, ауыл халқы бастауыш ұйым төрағалығына ұстаз Карибжанов Жасұланды ұсынды.

Жалпы, басшылар ат ізін салмайтын алыс ауылдағы ағайын жаңалықтарға сусап қалғанын байқадық, барлық деңгейдегі басшылар, депутаттар, құқық қорғау органдары ауылдарға жылына 1-2 рет болса да барып елмен кездесіп отырулары керек-ақ.

— Жарлығап батыр ауылы – тарихы бай, белгілі тұлғалар шыққан киелі елдімекен. Бұл ауыл белгілі мемлекет және қоғам қайртакері Амангелді Ермегияев аталары тұрған, Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжановтың, жазушы-сатирик Жүсіпбек Алтайбаевтың туған ауылы. Кезінде 25 ақын-жазушы шыққан қаймағы бұзылмаған халқы бар елдімекеннің, өмір бойы шаруашылық басшылығында болған ақсақал Бекбосын Кәрібекұлы бастаған жандары жайсаң, бауырмал азаматтарымен әңгімеміз жарасып, марқайып қайттық!

Тұрғындардың көтерген өзекті мәселелері тиісті органдарға жеткізіледі және бақылауға алынады! Н.Омархановтың кездесуден кейінгі ақпаратының бас-аяғы осындай.

 

***

Ауыл тұрғындары «Ауыл» партиясының шалғайдағы еңбеккерлерге көңіл аударып, арнайы келгендеріне разылық білдіріп, жиналыс барысында айтылған мәселелерді шешуге көмек жасауын өтінді.

Өз кезегінде Ниқанбай Омарханұлы «Ауыл» партиясының алдағы кезеңдердегі бағыттары жайында әңгіме өрбітіп, тиімді бизнес қаз құсын асырауға шақырды. Көптеген адам қызығушылық білдіріп, тізімге жазылды. Ақжал кентінің іргесіндегі Қарабұлақ ауылы тұрғындарының жаз мезгілінде судан тапшылық көріп отырғанын, бұл мәселе облыс әкімінің назарында екенін айтып өтті.

Партия мүшелері ауыл тұрғындарымен бірге жаңадан салынып жатқан фельдшерлік пунктте, мектепте, су мұнарасында болды. Салынғанына 60 жылдан асқан мектеп үйінің ішкі безендірілу жағдайын көрген қонақтар таңданысын жасыра алмады, қолда барды ұқсатып отырған мектеп басшысы Ж.Мұқашеваға алғыстарын білдірді. Сәкен Келдібаев аға мектеп ауласын көгалдандыруға көмек беретінін жеткізді.

Кеңесші Жанарай Санақбай шаруалардың барлық талап-тілегін хаттама рәсімдеп, әр мәселе бойынша облыстағы төрағаны құлағдар ететінін айтты. Бұл аталмыш партияның алғашқы да соңғы сапары емес. Алда әлі де талай жоспарлы сапарлар күтіп тұр.

Ауыл тұрғындарының айтқан мәселелері аудан әкімдігінің назарында екенінен хабардар едім. Н.Омарханов партия тарапынан халықтың талабына жеткілікті көңіл бөлінетіндігін, біраз мәселелер аудан әкімімен келісе отырып шешілетіндігін ескертті. Облыстық басқармалар арқылы да ойластыратын шаруалар бар екендігі айтылды. Көптен жиын көрмеген халық өздерін елеп келген ел азаматтарына зор үміт артып сеніммен шығарып салды.

Жайнагүл Мұқашева: «Иә, ауыз толтырып айтарлықтай керемет кездесу болды. Түсі жылыдан түңілме дегендей, шынайы ниеттеріңіз жүздеріңізден көрініп тұрғаны сонша, халық емін-еркін бар жағдайларын айтып шүйіркелесіп, бір жасап қалдық. Алыста ауыл бар деп жағдайымызды сұрап келгендеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Жарылғап батыр ауылының халқы дән риза. Шаруаларыңыз алға басып,ел алғысына бөлене беріңіздер!»

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ