Қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі

Молдахмет Кенбаевтың туғанына 100 жыл

Молдахмет Сейітбекұлы Кенбаев (1925-1993) – қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі, ұлттық кескіндеме өнеріне жаңа бағыт әкелген талантты суретші. Оның шығармашылығы қазақ халқының тұрмысын, мәдениетін, салт-дәстүрін шынайы әрі әсерлі бейнелеуімен ерекшеленеді.

Молдахмет Кенбаев 1925 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Сартол ауылында дүниеге келген. Балалық шағында ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленді. Жастайынан сурет салуға қызығушылығы ерекше байқалды. 1941 жылы Алматыдағы Театр-көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, оны 1948 жылы аяқтады. 1950 жылы Мәскеудегі В.И. Суриков атындағы Көркемсурет институтына оқуға түсіп, белгілі кеңестік суретші Федор Решетниковтың жетекшілігімен білім алды. 1956 жылы Ленинградтағы И.Е.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітіріп, танымал кеңестік суретшілерден тәлім алды.

Оқуын аяқтаған соң, Қазақстанға оралып, ұлттық бейнелеу өнерін дамытуға белсене араласты. Ол орыс реалистік мектебінің дәстүрлерін қазақи нақыштармен үйлестіре отырып, ерекше көркемдік стиль қалыптастырды.

Кенбаевтың шығармашылығының басты тақырыбы – қазақ халқының тұрмысы мен өмірі. Ол өз картиналарында көшпелі өмірді, қазақ батырларының бейнелерін, халықтық мерекелерді, аңшылық пен жылқы шаруашылығын суреттеген. Суретші қазақ даласының рухын, оның ырғағы мен болмысын жеткізуге тырысты.

Оның стилі ашық түстерімен, әсерлі композициясымен және динамикалық қылқалам техникасымен ерекшеленеді. Ол туындыларында қозғалыс пен өмірлік қуаттың ерекше сезімін бере алды.

Молдахмет Кенбаев көптеген танымал картинаның авторы. Кенбаевтың ең танымал туындыларының қатарына: «Қазақстан кеңістігінде» – шексіз даланы және көшпенділерді бейнелеп, қазақтардың табиғатпен байланысын көрсетеді.

«Қазақ батыры» – халықтың ерлігі мен күшін бейнелейтін батырдың қаһармандық портреті.

«Бүркітпен аң аулау» – қазақ халқының дәстүрлі аңшылық көрінісі, ұлттық дәстүрлердің рухын жеткізеді.

«Табиғат мәңгі» – жаз мезгілінің керемет көрінісі. Көл жағасында жайқалған қызғалдақты шексіз дала, жаздың жайма-шуақкөрінісін бейнелейді. Қызғалдақтың аңқыған иісі, картинаға қарап тұрған адамға да сезілетіндей.

«Қарт шопанның әңгімесі» – тау бөктерінде жылқы бағып жүрген шопандар көрінісі. Дала жап-жасыл, шөбі шүйгін, әрі қалың жаз мезгілі. Кезектесіп жылқы бағуда. Бірі кезегі келіп, жылқыны бақылап жүрсе, екіншісі демалып отырған бейне. Демалып отырған қарт шопан. Қарт шопан жан-жағына балаларды жинап, қызықты әңгіме айтып отырған көрінісі бейнеленген. Қарт шопанның кеудетұсындағы төсбелгіні көріп, еңбегі еленген еңбек ері екенін байқатады. Оның туындыларынан қазақ даласының кеңдігі, халқымыздың рухани байлығы және тарихи мұрасы айқын көрінеді. Суретші өз еңбектерінде реализм мен ұлттық нақышты шебер үйлестіре білді.

Соңғы екі жұмыс «Табиғат мәңгі» және «Қарт шопанның әңгімесі» Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында сақталған.

Кенбаев қазақ өнерін дамытуға үлкен үлес қосты. Оның туындылары Кеңес Одағында және шет елдерде көрмеге қойылып, ерекше стиль мен ұлттық колорит үшін жоғары бағаланды.

Өнердегі еңбегі үшін ол бірнеше марапат пен атаққа ие болды. Өнер саласындағы еңбегі үшін 1963 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, ал 1985 жылы Қазақ КСР-нің халық суретшісі атақтарына ие болды. 1959 жылы ол «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Оның шығармалары әлі күнге дейін музейлер мен жеке коллекцияларда сақталуда. Кенбаевтың шығармашылығы болашақ суретшілерді шабыттандырып, қазақ мәдениетінің маңызды бөлігі болып қала береді.

Г.Ж.ЗАЙТОВА,

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі

Ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *