Қазақстан Конституциясындағы өзгеріске шетелдегі қазақтар да көз тігіп отыр

Қазақстан Республикасы 1993 және  1995 жылдары екі рет өз Конституциясын жаңадан қабылдады. Енді міне үшінші рет жаңартқалы отыр. Конституциялық Комиссия мәліметі бойынша бұл жолы қолданыстағы Ата Заң мәтінінің 84 пайызы өзгеріске түскен. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш тағы да өзгеретіні анық. Өйткені жоба қоғамдық талқылауға ұсынылған күннен бастап, Комиссияға жеке азаматтар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан әрқилы ұсыныс жасалып, түрлі пікір жарияланып жатыр. Оны Комиссия отырыстарынан кейін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарық көрген материалдар арқылы біз де естіп, көріп, оқып отырмыз. Әрине, әр елдің салты басқа болған соң бұл үдеріске шетелдегі қазақ диаспорасының атсалысуы белсенді болмауы мүмкін. Бірақ, біз бұл өзгеріске бей-жай қарап отырған жоқпыз. Конституцияның алғысөзінен басталған әрбір өзгеріс пен түзетуді өз жүрегімізден өткізіп, оны өзіміз тұрып жатқан елдің Конституциясымен салыстырып, мұнда мынандай нәрсе бар екен деп өз арамызда  талқылап жүрміз. Өйткені сырттағы қазақтың атажұртқа бағытталған көші енді ешқашан тоқтамайды.

Қазір әлеуметтік желіде ең көп талқыланып жатқан мәселе ҚР Конституцияның 9-бабының екінші тармағы болып отыр. Сол себепті мен бұл жағдайға байланысты өз ойымды білдіргенді жөн көріп отырмын. Біз тұрып жатқан Өзбекстан Республикасы  Конституциясының «Мемлекеттік егемендік» деп аталатын 1-тарауындағы 6 баптың төртіншісі мемлекетік тілге арналған.  Онда: «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тілі – өзбек  тілі. Өзбекстан Республикасы өз аумағында тұратын ұлттар мен ұлыстардың тілдеріне, салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауды қамтамасыз етеді, олардың дамуына жағдай жасайды» деп  жазылған.  Яғни  егемендіктің барлық белгісі 6 бапта барлық жастағы адамдар үшін қысқа және ұғынықты үлгіде  көрсетілген. Ал Қазақстандағы қоғамдық талқылауға ұсынылып отырған жаңа Конституция мәтіні жобасында  «Конституциялық құрылыс негіздері» деп аталатын І-бөлімде 11 бап бар. Біз сөз етіп отырған мемлекеттік тіл мәселесі 9-бапта: «1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең (қатар деп өзгертілді – авт.) қолданылады. 3. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қолдау көрсетеді» деп жазылған. Яғни мемлекеттік тіл мәртебесіне екінші тармақта орыс тілі ортақтасып отыр. Бұл кез-келген адамды жаңылыстырады. Бұл жерде мемлекеттік тілдің Қазақстан Республикасы егемендігінің негізгі белгілерінің бірі ретіндегі рөлі көрсетілмей қалған.

Қазір жасырын емес Қазақстанға қоныс аударып, қандай мәртебесін алған Қытай, Ауғанстан, Иран қазақтары ғана емес, біздің Өзбекстаннан барған отандастарымыз арасында да орыс тілін білмейтіндер жеткілікті. Олар мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылатын болғандықтан кейде өздерін қолайсыз сезініп қалатын жағдайлары аз емес. Бұл жағдай Қазақстанның алдағы 5-10 жылдық қысқа мерзімдік ғана  емес, ұзақ мерзімді даму стратегиясын айқындайтын Ата Заңда көрініс табуы оның тұрақтылығына күмән тудыруы мүмкін деп ойлаймын.

Клара САДЫРБАЕВА,

Өзбекстсандағы Республикалық қазақ мәдени орталығының білім және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі