Қазақстанда мұнай өңдеу көлемі тұрақты өсіп келеді: 2020 жылы 15,8 млн тоннадан 2024 жылы 17,9 млн тоннаға дейін артты. Бұл өсім — Үкіметтің 2022–2023 жылдары жүзеге асырған мұнай өнімдерін өндіру жүйесін реформалаудың кешенді жоспарының нәтижесі. Реформа Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын, сондай-ақ мұнай өнімдерін тарату және айналым жүйесін қамтыды.
Реформа аясында өндірістік процестерге толық аудит жүргізілді, бірыңғай техникалық қызмет көрсету жүйесі қалпына келтірілді, мұнай өңдеудің біріктірілген моделі енгізілді, тиімсіз делдалдар жойылды. Агроөнеркәсіп кешеніне жанар-жағармайдың басым жеткізілуі қамтамасыз етіліп, отынның мақсатты бөлінуіне бақылау күшейтілді, мұнай өнімдерін елден және ЕАЭО аумағынан тыс жерге шығаруға шектеулер қойылды. Сондай-ақ көтерме және бөлшек бағаларды реттеу шаралары қабылданды. Осы қадамдар 2024 жылы ішкі нарықты тұрақтандыруға мүмкіндік берді: дизель отынының қоры 268 мың тоннадан 612 мың тоннаға дейін екі есе артты. АИ-92 және АИ-95 бензиндерінің қоры тиісінше 404 және 85 мың тоннаны құрады. Дизель мен бензинсіз қалған жанармай құю бекеттерінің саны 10 есеге азайды. Қазіргі уақытта ЖЖМ қоры жеткілікті деңгейде.
Нәтижесінде, алғаш рет ішкі нарық толық қамтамасыз етілген жағдайда АИ-92 маркалы жоғары сапалы бензиннің артығы экспорттала бастады.
Мемлекет басшысы еліміздің экономикасын әртараптандыру және көмірсутектерді терең өңдеуге басымдық беру міндетін қойды. Бұл бағыт Қазақстан үшін тек қажеттілік емес, баламасы жоқ жолға айналды.
Осы орайда Үкімет 2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Құжат 2032 жылға дейін жұмыс істеп тұрған зауыттарды және Ақтау битум зауытын кеңейту, сондай-ақ 2030–2040 жылдар аралығында жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа ірі зауыт салу арқылы өңдеу қуатын 18 млн тоннадан 28 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді. Бұл көрсеткіш мұнай өңдеуді жылына 38 млн тоннаға дейін жеткізеді. Осылайша, өндіру мен өңдеу арасындағы қатынас қазіргі 5:1 деңгейінен 2,8:1 деңгейіне дейін жақсарады. Бұл көрсеткіш технологиялық дамыған елдер — Сауд Арабиясы, Канада, Ресей, Қытай, АҚШ, Сингапур сынды мемлекеттердің тәжірибесіне сәйкес келеді.
Бұдан бөлек, К6+ экологиялық стандарттарына көшу, мұнай өңдеу тереңдігін қазіргі 89%-дан 94%-ға және одан жоғары деңгейге дейін арттыру, мұнай-химия өнімдері мен экспортқа бағытталған өндірісті дамыту көзделіп отыр. Мұнай өңдеу зауыттарының технологиялық деңгейі отын-химия конфигурациялары есебінен Нельсон индексі бойынша 11-ден жоғары көрсеткішке жетеді (әлемдік орташа деңгей — 8–10). Сонымен қатар ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы құрылады, бензол, параксилол, алкилат және басқа да өнімдерді өндіру арқылы терең өңдеу белсенді жүргізіледі.
Тұжырымдаманы жүзеге асыруға шамамен 15–19 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Биыл мамыр айында Ақтау битум зауытын кеңейту жобасының іске қосылу рәсімі өтеді: зауыттың өңдеу қуаты жылына 1,5 млн тоннаға, ал битум өндірісі 750 мың тоннаға дейін артады. 2030 жылға дейін Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Павлодарда кеңейту екі кезеңде жүзеге асады: 2026 жылы – 6 млн тоннаға дейін, 2032 жылы – 8 млн тоннаға дейін. Атырау МӨЗ-де қайталама өңдеу қуаты 2028 жылға қарай 6,7 млн тоннаға дейін жеткізіледі.
Аталған стратегия мұнайды терең өңдеуге инвестиция тартуға, ішкі нарықты жанар-жағармаймен толық қамтуға, мұнай-химия мен қолданбалы ғылымды дамытуға, білікті кадрларды даярлауға және қосылған құны жоғары мұнай өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл елдің 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізуіне сеп болады.
https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/990938