Бүгін Қарағанды қаласындағы облыстық Абай атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Жеңіс Қашқынов атындағы мәнерлеп оқу байқауы өтті. Байқауға қазылық ету мүмкіндігі бұйырып, ерекше әсер алдым. Оған облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 40-қа жуық 4-5 сынып оқушысы қатысты.
Мәнерлеп оқу – жай ғана жаттап айтып беру емес. Бұл – тілдің табиғатын сезіну, ішкі эмоцияны өлеңнің мағынасына сай жеткізу өнері. Өкінішке қарай, байқауда балалардың көпшілігі өлеңді бір сарында, бір ырғақпен айтып берді. Бұл – бүгінгі мектептерде мәнерлеп оқу әдістемесінің терең қарастырылмайтынын көрсетеді.
Ұстаздар қауымы, сіздер – тілдің имиджін қалыптастырып жатқан ең басты тұлғасыздар. Өлең оқу деген – әр жолына жан бітіріп, әрбір метафора мен фразеологизмнің астарын сезіну. Бұл балаға бір күнде үйретілмейді. Ол үшін балаға өлеңнің табиғатын, оның ішкі әлемін түсіндіру керек. Баланың эмоциясы әр тармаққа, әр сөзге сай келіп отырса, сонда ғана біз нағыз көркем оқу өнеріне қол жеткіземіз.
Біз балаларымызды эмоционалды интеллекті дамыған, әдеби талғамы биік тұлға етіп өсіргіміз келсе, онда мәнерлеп оқуға да сондай талаппен қарауымыз керек. Бұл – жай ғана бір өлең жаттап, сахнаға шығу емес. Бұл – актерлік шеберлікті, тереңдік пен ізденісті талап ететін өнер.
Қазақ тілінің имиджін жасайтын – сіздер, ұстаздар. Бұл сөз – пафос емес, дәлелді шындық. Себебі сіздердің әр сабағыңыз, әр байқауға дайындығыңыз – тілді дамытудағы нақты әрекет.
Мысал келтірейін: бала әдебиеттен мәнерлеп оқу сайысына қатысқанда, ол өзіне үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезінуі керек. Бұл – жай ғана сахнаға шығып, екі ауыз өлеңді оқи салатын жеңіл байқау емес. Керісінше, бұл – ізденіс, түсінік, дарын, интеллект, ішкі сезім сынды қабілеттердің тоғысуын талап ететін күрделі дода.
Ең бастысы – бұл байқауға қатысу бала үшін мақтаныш болуы керек. Оның айналасындағы достары, сыныптастары да мәнерлеп оқу сайысының салмағын сезінуі тиіс. Сонда ғана тілге деген көзқарас өзгереді. Тек сол кезде ғана қазақ тілінің имиджі көтеріледі.
Неге десеңіз, математикалық, спорттық немесе ғылыми байқауларда ерекше қабілет, техникалық дайындық бірден көзге түседі. Ал әдебиетке келгенде, көп жағдайда:
«Ой, жай ғана өлең оқып келеді ғой…» деген түсінік бар.
Бұл көзқарас – әдебиетті, тілді, көркем сөзді екінші қатарға ысырып тастаудың белгісі. Міне, осы түсінікті түбірімен өзгерту керек.
Өлең оқу – өнер. Ол да спорт секілді жаттығуды, ән секілді дауыс пен ырғақ сезімін, сахна секілді актерлік шеберлікті талап етеді. Мәнерлеп оқудан жеңіске жету – кездейсоқтық емес, ұстаздың да, баланың да терең дайындық жұмысының нәтижесі.
Сондықтан біз бұл байқауға, бұл өнерге лайықты деңгейде қарауымыз керек. Ұстаздың дайындығы да жоғары деңгейде, кәсіби, бәсекеге қабілетті болуы шарт. Сонда ғана біз қазақ тілінің көркемдігін, оның рухани салмағын көтеріп, оның қоғамдағы имиджін жаңа белеске шығара аламыз.
Өлеңді мәнерлеп оқығанда бала шаршап қалмауы үшін әр сөзге, әр тіркеске ерекше мән беру керек. Өлеңді айтқанда бет-әлпет, қол қимылдары, тіпті дауыс ырғағы да өзгеріп отыруы тиіс. Арқырап, сыңсып оқудың қажеті жоқ. Көркем оқу – бұл баланың өзіндік театры, ішкі режиссурасы. Бала сөз бен өлең идеясын түсінгенде эмоцияны өзі шығару керек.
Және тағы бір әдіс: балаға өлең жаттатқанда түрлі түсті маркерлерді пайдаланып көріңіздер. Мысалы:
- Қатты айту керек жерді – екі сызықпен белгілеу,
- Жай, фальцетпен айтылатын бөлікті – ирекпен сызу,
- Эмоцияны күшейту қажет жолды – жарқын түспен бояу.
Мұның бәрі – баланың өлеңмен жұмыс істеу дағдысын арттырады, әр сөзге деген көзқарасын өзгертеді.
Тағы бір байқағаным – орыс тілді оқушылардың тақпақ айту мәнері өте еркін, ширақ, өздеріне лайық. Ал бізде бұл бағытта әлі де жетілдіретін тұстар бар. Балаларға поэзияны құр жаттату емес, оны өнер ретінде ұсынуымыз қажет. Сонда ғана олар өлеңнің ішкі философиясын бойына сіңіреді.
Сингармонизм – өлеңнің жүрегі
Қазақ поэзиясы – көркемдік пен үйлесімнің ұйытқысы. Бірақ дәл осы үйлесімділік заңдылығы, яғни сингармонизм заңы қазіргі балалардың мәнерлеп оқуында көп жағдайда ескерілмей қалып жатады. Бұл байқауда 40-қа жуық оқушы қатысты, бірақ соның ішінде бір ғана бала сингармонизм заңын толықтай сақтап оқыды. Бұл – ойланатын жағдай.
Сингармонизм – қазақ тілінің табиғи әуездігін, дауыс үндестігін сақтайтын негізгі заң. Бұл заң бұзылған кезде өлеңнің көркемдік күші, ішкі ырғағы, ұлттық үні бұзылады. Қазақ өлеңі – силлабикалық жүйемен, яғни буын саны мен үндестікке негізделіп жазылады. Сондықтан оны мәнерлеп оқу үшін сингармонизмді сақтау – міндет.
Бала өлеңді оқығанда:
- сөздің айтылу заңдылықтарын бұзса,
- буын үндестігін елемесе,
- үндестік заңына қарсы оқыса – онда өлең өз биігіне көтеріле алмайды. Оның бояуы көмескіленіп, мағынасы әлсірейді.
Мысалы, ұстаздар қауымы, сіздер бұл мәселеге аса мұқият қарауларыңыз керек. Мәнерлеп оқудың ең алғашқы, ең басты шарты – тілдің табиғи заңдылығын сақтау, яғни сингармонизмге құрметпен қарау. Бұл заңды балаға үйрету – поэзияның рухын сезіндірумен тең.
Сингармонизм – тек фонетикалық талап емес, ол – ұлттық болмыстың көрінісі. Өлеңнің мағынасын жеткізуде, ішкі ырғақ пен эмоцияны ашуда сингармонизмнің рөлі өлшеусіз.
Сондықтан қазақ өлеңін көркем оқу тек жаттап айтып беру емес, ол – тіл заңдылығына негізделген шеберлік. Осыны ескерген ұстаз – нағыз тіл жанашыры, ал осыны меңгерген бала – келешек әдебиеттің иесі.
Салтанат ҚАЙЫРБЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын