Қазақтың жақсысы һәм жайсаңы

«Есік алды төбе болса, ерттеп қойған атпен бірдей, ауылыңда көне болса, жазып қойған хатпен бірдей» дейтін қазақы болмыстық сөз бар. Бұл жазбамыз көркем әдебиет ғылымы, теориясы мен сыны деген адамдықтың ақ шаңқан туын дәріптер әдемі де шалқар әлемнің аса бір көрнекті тұлғаларының бірі жөнінде болмақ. Жақсының жасын сұрама дейді. Әйтсе де 1 қазан күні белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Педагогикалық ғылымдар академиясының құрметті академигі Мәуен Хамзин ағамыз 75 жасқа толатынын баршаға құлақдар еткім келеді.

Мына жарық дүниеде адам табиғатынан күрделі ештеңе жоқ шығар, сірә?! Өте күрделі, қуаттылығы өз алдына, сол адам атты жаратындының өмірдегі жақсылықты да, зұлымдықты да өз ниет, пиғылымен, іс-әрекет, сөзімен, туындатаныны және белгілі…

Бұның бәрін айтып отырған себебіміз: өзіндік ұстанымы, азаматтық ажары, кісілік келбеті дара осынау ағамыз жайында туған күні қарсаңында азды-көпті ой-толғамымызды ортаға салу еді. Бірден айтайын, аталмыш шағын дүние негізгі кейіпкеріміздің рұқсатынсыз жазылды. Ренжір, сөгер, оқыған соң налыр, бірақ өз «күнәмізді» мойындармын, ғафу өтінермен… Себебі, жазбасқа болмайтын сиқты. Оның үстіне «Қарағанды ғалымдары» айдарымен өңіріміздің ғалымдары жөнінде сөз қозғап тұратын әдетіміз бар еді. Өйткені «Үміт» деген жалын бар, өшірсең де өшпейтін. «Қиял» деген сағым бар, Қапелімде көшпейтін. «Мінез» деген қалып бар, өзгертуге келмейтін.

Мәуен ағадайын абзал азамат 1949 жылы Шет ауданының Сталин атындағы колхозда дүние келіпті. Әкеден ерте айрылған. Перзенттерінің бәрін ержеткізіп, лайықты азамат қатарына қосқан аяулы ана Кенжеш Жекейқызы екен (жарықтық 2006 жылы 92 жасқа қараған шағында дүниеден өтіпті). Әкесі Хамза ескі хиссаларды оңашада сенімді адамдарына жырлап беретін, ел арасында «пірәдір Хамаң», «хәкім Хамаң» атанған жан екен.

Шағын жазбада ағаның бүкіл өмір жолын сыйғызу әсте де мүмкін емес, мен де өзім аңғарған ең басты деген жайттарды жазбама арқау етпекпін…

Асылы, адамды жете білу үшін ұзақ уақыт бойы бірге жүріп-тұрудың қажеті шамалы-ау, мен де Мәуен ағаны біліп, бір мекемеде қызмет істегенімізге пәлендей уақыт болмапты. Десек те, мамандықтары жетеумен өлшенетін шағын болса да ұжымы киіктің асығындай шымыр «Болашақ» академиясында етене бірге істегенімді ұмытпақ емеспін. Сонда жүріп, ол кісінінің табиғи болмысына бір адамдай қанық болдым-ау деп ойлаймын.

Мәуен аға Хамзиннің, менің білуімше, ең бір жұлдызды сәттері, санамалап берсек, бірнешеу. Алғашқысы: 80-ші жылдардың соңында Жезқазған педагогикалық институтында (1996 жылдан университет атанды) қызметте жүргенінде сәті түсіп, ҚКП ОК хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков ағаға кіріп, ел тілегін жеткізіп, ақыры, сол кісінің батыл шешімімен пединститутта «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының ашылуына қол жеткізуі еді. Бұған ешкім де дау айтпайтын шығар. Кафедра ашылды, өзі басқарды. Ғылыми кадрлар тәрбиелеуге барынша күш салды. Қазір сол кісінің қамқорлығын көрген 14 адам ғылыми дәрежеге, атаққа ие болып отыр. Оның ішінде екі ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты бар.

Осылайша, Жезқазған облысының рухани салада ірі жетістіктерге жетуіне үлес қосқанын ерекше ықыласпен бөліп айтар едім. Өңірдің рухани саладағы бірқатар ірі жетістігі ғылымға қосқан үлесі деп білемін. Мәуен аға да сол еңбегін ғұмырындағы мәнді шақтары деп есептейді. Он алты жыл қасиетті Ұлытау – Жезқазған өңірінде қызмет істеу оның ғылым докторы, профессор болуына ғана емес, жақсы дос, тілектес жандарды тартуына алғышарттар жасап еді дегім келеді.

1998-2005 жылдар аралығында ғалым аға Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасын басқарды. Сол кафедрадан тоғыз ғылым кандидаты, бес ғылым докторы шықты. Қиырға шарлатып, қияға самғатып солардың ғылыми атақ, дәрежеге жетуіне профессор Мәуен аға Хамзиннің азды-көпті жәрдемі болып еді десем, жұртшылық жалған айтты дей қоймас.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасында профессор боп жүргенінде, диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары боп, ғылым жолына түскен талай жандарға жәрдемі тигенін сол Ғылыми кеңесте еңбек қорғағандардың айтқанына өзім куә болып ем. Оның қолдауымен он адам кандидаттық диссертация қорғапты.

Бір әңгіме үстінде кештеу қимылдағандықтан, қазіргі тіл жанашыры Жұпар Жақан қарындасымыздың диссертациясы дайын болса да, қорғауға үлгермегендігін осы уақытқа дейін өкінетінін айтып еді.

Мәуен аға Хамзин бірнеше оқулық пен монографияның авторы атанды. Халықаралық, республикалық тағы басқа деңгейдегі ғылыми конференцияларға қатысты, бірталай шетелдерде болды, дәрістер оқыды. Әрине шағын дүниеде көп нәрсені қамти алмайсың. Бір рет болса да, көрініп қалуға тырыспайтын, ешуақытта өзіне де, игі істерімен мәлім боп жүрген жандарды да мақтап, жарнамалауға жаны қас, азды-көпті еңбегін үнсіз атқаратын асыл ағаға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, ұрпағының қызығын көруді Әлия жеңгеміз екеуіне Алла нәсіп етсін деген тілек білдіремін. Атам қазақ адам ұрпағымын мың жасайды дейді, ұстаз да шәкіртімен мәңгілік деп айтар едік. Алаш аруағы мен қазақ рухының қайта тіріліп, қайта оянып, қайта қалыптасып келе жатқан шақта, алаш нәрі сіңер төл қоғамның дамуына үлесі бар адамдар жөнінде ашық аппақ көңілмен әділдігін айтып, ақұлпа сезіміміздің шоғын үрлеп, зиялымызды әспеттеу – бүгінгі толқынның үлесі емес пе. «Кісілігіңді торқалы тойда көрсет» деген бар, біздің де көздегініміз сол мұрат еді. «Біздің жанымыз, болмысымыздың жасы болмайды. Тірі боп тұрсақ, үнемі өсіп-өнуге мүмкіндігіміз бар, ең болмаса руханиятымызда алдымызда көрініп тұрған төбені алуға тырысалық» дейді Әбіш абыз. Осыны Мәуен ағам да ұстанады.

Елеужан СЕРІМОВ,

Облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті»

қоғамының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *