Қазақ жазуының қаламыздағы ахуалы

Адамзат өркениетінің ең маңызды көрсеткіші – жазу мәдениеті. Сондықтан ұлтымыз қай заманда да өркениет жазуы болған графиканы саналы түрде қабылдап отырған-ды. Мәселен, көне кезеңдегі түркілік өркениетте сына (руна) жазуын, кейін араб өркениетінің қанат жайып гүлденген шағында араб графикасын, КСРО кезеңінде кирилше графиканы ұлттық жазуымыздың таңбасы еткеніміз әуелден-ақ өркениетке ұмтылатын айрықша сипатымыздан еді. ХХІ ғасыр өркениетінің жазуы – латын графикасы. Демек, ендігі уақытта латыннегізді жазуға бағдарлануымыздың себебі де анық. Алайда қаламыздағы түрлі нысан атауы және т.б. ақпараттағы қазақ сөздері мен сөйлемдерінің орфографиялық норма талаптарынан ауытқуы латыннегізді жазуға ауыстырғаннан да оңала қоймады. Кирилше қаріппен таңбаланған қазақ сөздеріндегі орфографиялық қате атаулыны латын жазуы арқылы ауыздықтауға боларына иланған әлеумет мәселенің графикада емес, сауаттылықта екенін енді аңдағандай…

Елімізде қазақ жазуын кирилден латынға ауыстыру науқаны басталған 2017 жылдан бері талай жұмыс атқарылғаны бәрімізге мәлім. Бас-аяғы 4 жылдың көлемінде халыққа латыннегізді әліпбидің 4 жобасы ресми таныстырылып, 2-еуі ресми түрде бекітіліп те үлгерді: біріншісі – 2017 жылдың 26 қазанында №569 Жарлықпен бекітілген апострофты әліпби де, екіншісі – 2018 жылдың 19 ақпанында №637 Жарлықпен бекітілген акутты әліпби жобасы. Алайда апострофты әліпбидегі апостроф диакритикалары уақыт және экономикалық жағынан тиімсіз деп танылса, акутты әліпбидегі қос диграф (Sh (ш) және Ch (ч) ұлттық жазуымыздағы «бір дыбыс – бір әріп» принципіне қайшы еді. Осыған орай 2021 жылдың 28 қаңтарында латыннегізді қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасы Ұлттық комиссия отырысында бірауыздан мақұлданды.

Осы тұста арнайы айта кетерлік жайт – латыннегізді әліпбиіміздің сөз болып отырған жетілдірілген жобасы мораторийге орай ресми түрде бекітілген жоқ, демек, заңды күшіне енбей отыр. Дегенмен Ұлттық комиссия тарапынан бекітілген соңғы жоба екенін де қаперде ұстағанымыз абзал.

Сонда латыннегізді әліпбиіміздің ресми түрде бекітілген соңғы жобасы – 32 таңбаны қамтыған акутты әліпби жобасы. «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» де осы акутты әліпби жобасына орай құрастырылды, дегенмен бұл емленің де жоба деңгейінде екенін, яғни ресми бекітілмегенін ескеруге тиіспіз.

Бұл деректерден шығатыны – әліпби жобаларының соңғы екеуінің қазіргі қолданысымызда қатар жүргені. Бұған Қарағанды қаласындағы урбанонимдерге жасаған шағын шолу арқылы көз жеткіздік.

Урбанонимика – жалқы есімдерді зерттейтін ономасиология ғылымының топонимика саласына қатысты бір тармақ. Топонимика – жер-су атауларын зерттейтін ғылым, ал урбаноним – қала ішіндегі нысандар атауын зерттейтін сала. Бұған жарнама, годонимдерді (көше атаулары) қосыңыз.

Бір анығы – елімізде латыннегізді қазақ әліпбиін ұстын еткен жазу айтарлықтай көбейіп келеді. Дегенмен әліпби жөніндегі бір жобалардың бекітіліп, соңғы жобаның бекітілмеуіне орай бірізділік ұстанымы еш жерде сақталмайды. Мәселен, Қарағанды қаласындағы латыннегізді қазақ әліпбиімен таңбаланған урбанонимдердің таңбалану тәртібін осындай әртектілігіне қарай бірнеше топқа бөліп қарауға болады, айталық:

1) Әдеттегі классикалық латын әліпбиімен таңбаланған жазу;

2) Латыннегізді қазақ әліпбиінің акутты жобасымен таңбаланған жазу;

3) Латыннегізді қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасымен таңбаланған жазу;

4) Латыннегізді қазақ әліпбиінің акутты және жетілдірілген жобаларымен аралас таңбаланған жазу;

5) Латыннегізді қазақ әліпбиінің қай жобасын ұстын еткені анықталмайтын жазу;

6) Бір сыңары латын қарпімен, бір сыңары кирилл қазақшасымен таңбаланған жазу;

7) Бір бөлігі кирилл орысшасымен, бір бөлігі латын қарпімен таңбаланған жазу;

8) Латын графикасымен таңбаланған орысша жазу;

9) Латын графикасымен таңбаланған түрікше жазу;

10) Латын графикасымен таңбаланған шетелше (ағылшын) жазу;

11) Латын графикасымен таңбаланған тегі түсініксіз жазу.

…Қазіргі латыннегізді қазақ жазуына қатысты емле – «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» деп аталатын жоба. 9 тараудан және 108 параграфтан тұратын аталған емле жобасы 2018 жылдың 6 тамызында ұсынылған. Алайда бұл ереже, жоғарыда келтіргеніміздей, 2018 жылдың 19 ақпанында №637 Жарлықпен бекітілген акутты әліпбиге қатысты еді.

Латыннегізді қазақ жазуының емле ережелері бұрынғы емле ережелерін басшылыққа алумен қатар жаңаша принциптерді де арқау етті. Осындай жаңалықтардың бірқатары төл сөздеріміздің орфограммасына қатысты болса, енді бірқатары шеттілдік кірме сөздердің жазылуы жөнінде. Қалай болғанда да, біз емле ережелерінің соңғысын (ресми бекітілмегеніне қарамастан) ұстын етеміз.

Сонымен, қаламыздағы урбанонимдерді жазуда екі түрлі әліпби қолданылады, сондай-ақ емле ережелерінің нормасы барлық жағдайда бірдей ескеріле бермейді. Екі түрлі әліпбидің бірі – 2018 жылдың 19 ақпанында №637 Жарлықпен бекітілген акутты әліпби жобасы да, екіншісі – 2021 жылдың 28 қаңтарында Ұлттық комиссия мақұлдаған жетілдірілген әліпби жобасы.

Аталған әліпби жобаларының қатар қолданылу себебі де түсінікті: акутты әліпби жобасы – ресми бекітілген нұсқа, ал жетілдірілген әліпби жобасы – әліпбидің соңғы нұсқасы. Дегенмен бұл қос жобаның айырмашылығы барын да ескеруіміз қажет. Мәселен, акутты әліпбиде 32 таңба болса, жетілдірілген әліпбиде 31 таңба бар; сондай-ақ акутты әліпбиде төл дыбыстарымыз акут диакритикасы арқылы таңбаланса, жетілдірілген әліпбиде бес түрлі диакритикамен таңбаланады. Қараңыз, жетілдірілген әліпби диакритикалары:

1) Умлаут диакритикасы – әріптің жоғарғы жағынан көлбеу қойылатын қос ноқат белгісі, «ә», «ө», «ү» дыбыстарын таңбалайды: Ä ä (ә), Ö ö (ө), Ü ü (ү);

2) Макрон диакритикасы – әріптің жоғарғы жағынан көлбеу қойылатын түзу сызық белгісі, «ұ» дыбысын таңбалайды: Ū ū (ұ);

3) Бревис диакритикасы – әріптің жоғарғы жағынан көлбеу қойылатын қайықша белгісі, «ғ» дыбысын таңбалайды: Ğ ğ (ғ);

4) Седиль диакритикасы – әріптің төменгі тұсына тік қойылатын аяқша белгісі, «ш» дыбысын таңбалайды: Ş ş (ш);

5) Тильда диакритикасы – әріптің жоғарғы жағына көлбеу қойылатын ирек сызық белгісі, «ң» дыбысын таңбалайды: Ñ ñ (ң).

Көрсетіліп отырған 7 түрлі төл дыбысымыздың 4-еуі (Ä ä, Ö ö, Ü ü, Ū ū) – дауысты дыбыс та, 3-еуі (Ğ ğ, Ñ ñ, Ş ş) – дауыссыз дыбыс.

Диакритикалар арасынан умлаут диакритикасы 3 дыбысты (Ä ä, Ö ö, Ü ü) таңбаласа, қалған 4 диакритика бір-бір дыбыстан ғана (Ū ū, Ğ ğ, Ñ ñ, Ş ş) таңбалайды.

Осыған орай Қарағанды қаласындағы урбанонимдер орфограммасын екі түрлі әліпби аясында, алайда ортақ емле тұрғысынан қарадық. Енді нақты мысалдар арқылы талдап көрелік.

Әуелі акутты әліпби арқылы таңбаланған жазбалар жөнінде:

KALÁN JÁNE AKSESSÝARLAR DÚKENI, AÝYZ SÝDY TAZARTÝ JÁNE SATÝ APPARATY т.б. Бұл мысалдардың алғашқы сөзі «калән» емле ережесіне сай жазылған, қараңыз: «Жіңішкелік белгісі (ь) бар буынға жіңішке дауыстылардың әрпі жазылады» [Емле ережесінен]. Басқаша айтқанда, латыннегізді қазақ әліпбиі жобаларының ешбіреуінде де жіңішкелік белгісі жоқ, сондықтан шеттілдік сөздердің жіңішкелік белгісі бар буынындағы дауысты жіңішке нұсқада жазылады, сөйтіп жіңішкелік белгісіне «компенсация» жасалады. Бұл – норма. Бейнорма болып отырғаны – «aksessýarlar» және «apparaty» сөздері. Емле ережесі бойынша, шеттілдік «сөз ортасындағы қайталама сс, мм, лл, тт, фф, нн, бб, рр, пп, гг, дд, кк, уу дыбыстарын білдіретін әріптердің бірі түсіріліп жазылады» [Емле ережесінен]. Демек, бұл сөздердің дұрыс жазылуы «aksesýarlar» және «aparaty» үлгісінде болуы тиіс. Сондай-ақ тіркес үлгісімен жазылған «aýyz sýdy» нұсқасы «aýyzsýdy» [Емле ережесінен] үлгісінде бірге жазылуы қажет.

AIAQ KIIM, KIIM-KESHEK, BALALAR MEN JASÓSPIRIMDER KIIMI, QARAǴANDY OBLYSTYQ JOǴARY MEIIRGERLIK KOLLEDJI т.б. Бұл мысалдарда қатар тұрған «и» және «і» дыбыстарының бірдей графикамен табалануын, бір жағынан, қате деп есептеуге келмейді, сондықтан мұны акутты әліпбидің кемшілігі деп ұйғаруды жөн санадық. Біздіңше, кемшіліксіз әліпбидегі қаріптер таңбасы бас әріп не кіші әріппен жазылғанына қарамастан ажыратылып тұруы тиіс. Дегенмен тіркесті сөз ретінде таңбаланған алғашқы күрделі сөз «aıaqkıim» үлгісінде біріктіріле жазылуы керек [Емле ережесінен].

SARAN, ShAHTINSK, JEZQAZǴAN т.б. Мұнан жоғарырақтағы мысалда (киім-кешек) «Ш» дыбысы «SH» үлгісінде бірыңғай бас әріппен таңбаланса, бұл мысалда «Sh» үлгісінде таңбаланып, салдарынан сөздің графикалық ресімделуі бұзылған. Бұл да – акутты әліпбидің кемшілігі.

KÚNGE KÚIÝ STÝDIIASY т.б. «Студиясы» сөзіндегі «ия» тіркесімі «ıa» үлгісінде, яғни бір ғана «ı» таңбасымен жазылуы тиіс еді [Емле ережесінен]. Дұрыс нұсқасы: KÚNGE KÚIÝ STÝDIASY.

Акутты әліпбимен жазылған урбанонимдердің енді біразындағы бейнорма – кирилше жазылған қазақ сөздерінде кездесіп тұратын әдеттегі орфографиялық қате. Қараңыз: Duken, Tatti samsa, Tattiler, Kepelsiz qaryz, ÓZINE (на себя), QARAGANDY TAÝ-KEN INDÝSTRIALDYQ KOLLEDJI т.б.

Урбанонимдердің енді бірінде латыннегізді қазақ әліпбиінің ешбір жобасында болмаған таңбалар да кездеседі. Мысалы, «VOLNA» дүкенінің есігінде KÚN SAIYN ÚYGE JETKIZW жазуындағы «й» дыбысын «y» (игрек) қарпімен, «у» дыбысын «w» қарпімен таңбалау халыққа таныстырылған әліпби жобаларының ешбірінің тәжірибесінде болмаған. Осындай бейнорма салдарынан қатар тұрған екі сөздегі (SAIYN ÚYGE) «и» дыбысының графикасы екі түрлі болып шыққан.

Енді жетілдірілген әліпби арқылы таңбаланған жазбалар жөнінде:

QAZAQSTAN ioga akademiiasy т.б. Мұндағы «академиясы» сөзінде «ия» тіркесімі, емле ережесі бойынша, «ıa» үлгісінде, яғни бір ғана «ı» таңбасымен жазылады [Емле ережесінен]. Дұрыс нұсқасы: QAZAQSTAN ioga akademiasy.

JUMIS TÄRTIBI, DÜKENNEN SATIP ALIÑIZ / BIZ JETKIZEMIZ! / Dyisenbı, Seısenbı, Särsenbı, Beısenbı, Jūma, Senbı / Är senbıde tüsım т.б. Бұл мысалдарда, біріншіден, «ұ» дыбысының орнына «у» (игрек) жазылса, екіншіден, «ы» дыбысының орнына «ı» жазылып, салдарынан қатар тұрған сөздердегі «ы», «і», «и/й» дыбыстарының таңбасы бір-бірінен ажыратқысыз болып бірдей қаріппен берілген. Мәселен, қатар тұрған JUMIS TÄRTIBI тіркесіндегі «ы» мен «і» таңбасы бірдей, сондай-ақ Seısenbı және Beısenbı сөздеріндегі «й» мен «і» таңбасы бірдей. Үшіншіден, Dyisenbı сөзіндегі «ү» дыбысының таңбасы батыстық үлгідегі классикалық латын әліпбиін де, латыннегізді қазақ әліпбиінің акутты жобасын да, жетілдірілген жобасын да үлгі етпейді. Түйіндей айтқанда, «ү» дыбысын «y» (игрек) арқылы таңбалау ешбір тәжірибеде жоқ.

Ал KIRU / ŞYGU сөздеріндегі «ғ» дыбысының «г» қарпімен таңбалануы – кирилше жазылған қазақ сөздерінде кездесетін көп қатенің бірі.

Қала көшелеріндегі урбанонимдер бейнормасының келесі түрі бір сөздің әрі акутты, әрі жетілдірілген әліпби жобасының қарпімен аралас таңбалануы жөнінде. Мысалы, KOKOmen birge özıńdı süi сөйлеміндегі екінші сөз (birge) акутты әліпбимен, үшінші сөз (özıńdı) әрі акутты, әрі жетілдірілген әліпбимен таңбаланған. Нақты айтқанда, «özıńdı» сөзіндегі «ö», «ı» дыбыстары жетілдірілген әліпби қарпімен таңбаланса, «ń» дыбысы акутты әліпби қарпімен таңбаланып тұр. Ал соңғы сөз (süi) тұтастай жетілдірілген әліпби қарпімен жазылған.

Енді бірде классикалық үлгідегі (батыс елдері қолданатын) латын әліпбиі және латыннегізді қазақ әліпбиіндегі қаріптермен аралас жазылған сөздер де ұшырасады. Мәселен, MAYZHANGAQ сөзіндегі «й», «ж», «ң», «ғ» дыбыстары батыстық үлгіде, «қ» дыбысы қазақша үлгіде таңбаланып тұр. «Қ» дыбысының қазақша үлгіде жазылғанына айғақ – бұл дыбыс жазу тәжірибемізде батыстық тілдерге «к» болып транскрипцияланады. Дұрыс нұсқасы акутты әліпби үлгісінде: maıjańǵaq; жетілдірілген әліпби үлгісінде: maіjañğaq.

Өркениетті елдің қай-қайсысының да ұлттық жазуға, оның орфографиялық нормасына яки емле ережелеріне ерекше мән беретіні – заңдылық, себебі кез келген өркениет жазу мәдениетіне тәуелді. Ендеше ХХІ ғасырдағы өркениет заманында ұлттық жазуымыздың қарапайым ғана орфографиялық норма жағынан ақсап тұруы – үлкен сын.

Қарағанды урбанонимдері – еліміздегі ұлттық жазу ахуалының бір ғана көрінісі. Біздіңше, бұл мәселенің тиісті органдар арқылы мемлекет тарапынан бақыланатын уақыты әлдеқашан жетті.

Жанболат БАЙМҰРЫНОВ,

Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің доценті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *