Омаров Құрмет Зейдақпарұлы Баянауыл ауданының бұрынғы Теңдік, қазіргі аты Мұса Шорман ауылының тумасы. Мектептен кейін Ақсу қаласындағы денешынықтыру техникумына оқуға түсіп, кәсіби орта білімді маман атанады. Отбасында баланың үлкені болғандықтан, туған ауылына келіп клуб меңгерушісі болып қызметке орналасады. Ауыл тұрмысына сәйкес тағы да басқа да жұмыстарды атқарады. Ауыл жастарымен бірге спорттың түр-түрімен айналысады. Аудандағы, облыстағы болып жатқан жарыстарға белсене қатысып, талай рет жүлделі орындарды иеленеді.
Мұса Шорман ауылының өнерлі жастары «Қыр гүлі» эстрадалық ансамблін құрып, Құрмет Зейдақпарұлы концерттік бағдарламалар даярлап, өзі бас гитарада ойнап ән салады. Сонымен бірге ауылдағы мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ береді. Бойында жастықтың күш-жігері мол жас жігіт, білімін жетілдіру мақсатында Қарағанды қаласындағы Дене тәрбиесі институтын бітіріп, Шадра орта мектебінде мамандығы бойынша қызмет атқарады. Кейіннен отбасымен Қарағанды қаласына көшіп келіп, «Күзет» мекемесінде жұмыс атқарады. Осы қаладағы № 66 мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ беріп, зейнеткерлік жасқа дейін қызмет атқарады.
«Ұстаз — дегеніміз өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп түсінсек, өсіп келе жатқан жастардың бос жүрістерін азайтып, әртүрлі спорт секцияларын құрып, қызықтырып талай сайыстарға оқушыларын қатыстырады. Тәжірибелі, ізденгіш ұстаздан тәлім алған мектеп оқушылары талай рет аудандық, облыстық тіпті халықаралық жарыстарға да белсене қатысып жүлделі орындарды иеленеді. Ал, жан-жақты тындырымды, жоғары кәсіби білімді ұстаз Құрмет Зейдақпарұлы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің Мақтау грамотасымен марапатталады. Бірнеше рет облыстық білім басқармасының, қалалық білім бөлімі мен Қарағанды қаласындағы Е.А.Бөкетов атындағы университеттің мектептер арасындағы қалалық олимпиядаларда жақсы көрсеткіштерге жеткені үшін спортшы ұстаздың еңбектері тамаша бағаланып, түрлі марапаттарға ие болады. «Өрлеу» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Алғыс хатын да иеленеді. Мектепте өткен «Екі жұлдыз» байқауында да өнерімен ерекшеленіп марапатталады. Адамның жан-жақты жағымды жақсы қасиеттері — оның иманжүзді адамгершілігі мен кішіпейілді, рухани ішкі байлығының молдығын білдіреді.
«Спорт – жан серігім» дегендей, белсенді ұстаз спортшы, бос уақытын құр жібермей қоғамдық жұмыстарға да қатысып тұрады. Жаз айларында шахмат, теннис ойнаса, қыста таза ауада шаңғымен серуендеуді ұнатады. 2023 жылы Қазыбек би ауданы бойынша Тоғызқұмалақ ойынының жеңімпазы атанған. Сонымен бірге Ардагерлер арасында өткен бильярд турниріне қатысып, Алғыс хатпен марапатталған бесаспап, жақсыға жаны құмар елгезек, парасатты адам. Жүрген ортасында ұлттық дәстүр мен жаңашылдықты дәріптеп жүрген озық ойлы, биік тұлғалы азамат.
Қарағанды қаласындағы телеарнада жүргізілген «Сәрсенбінің сәтінде», «Ел мүддесі», «Ұлттық спорт рухымыз» атты хабарларына қатысып, сәтті жүздесулерде өз ойымен бөліскен. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жарияланған «Ұлттық ойындарды ұмытпайық» үндеуді оқып, талқылауда да белсенділік танытқан жанашыр оқырман деп танимыз.
Ұстаз Құрмет Зейдақпарұлының осы уақытқа дейін есінен кетпейтіні, 1961 жылы асқар таудай әкесі Алматыға алып барып, Қаныш Сәтбаев атаға сәлем бергізгені. Сонда үлкен тұлғалы ата маған «Алтын айдарлы ұл болмасаң да, Ел сыйлар азамат бол» – деп батасын беріп еді. Сол Қаныш атаның ақ батасы болар, ел қатарлы елімнің бір азаматы болып жүргенім – деп балалық бал дәуренін сағынып еске алады. Жаны нәзік ел ағасы өлең шығарып, поэзиямен де айналысады. «Жүрегімнің жырлары» атты өлеңдер жинағы да жарыққа шыққан. Туған ауылына арнап «Ауыл вальсі» деген сөзі де, әні де тамаша өлеңі бар екен. Қазір бұл әнді филармонияның әншісі орындап жүр.
«Отбасы – шағын мемлекет» десек, отбасының шырайын келтіріп жүрген әйел-ананың орыны тіпті ерекше. Жұбайы Фариданың мамандығы да ұстаз. Мектепте 42 жыл орыс тілінен сабақ берген ұлағатты ұстаз. Бақытты отбасының тұңғышы Ақанай жеке кәсіпкер, ал қыз баласы Ботакөз Астана қаласындағы Төтенше жағдайлар министрлігінің кадрлық саясатында бас сарапшы болып қызмет атқарады.
Ынтымақ бірлігі жарасқан, осындай үлгілі педагогтар отбасына қажымас күш-куат пен мықты денсаулық тілейміз.
Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі.
Қарағанды қаласы.