Елім деп қанаттанған,
Жазықсыз азапталған,
Тапталған армандары,
Желтоқсан құрбандары…
Желтоқсан құрбандары.
Халықтың санасында және жүрегінде ұмытылмайтын күндер қалатыны бәріне мәлім. Сол күндерге 16-17 желтоқсан кіреді. Бұл күндер қазақ елінің санасында мәңгілік сақталып қалды және ұрпақтан ұрпаққа тарих болып архивтік құжаттар, кітаптар, мақала, бағдарламалар арқылы жеткізіліп келеді.
ЖЕЛТОҚСАН ҚҰРБАНДАРЫ… Осы сөз тіркесінің өзінде қаншама адамның көз жасы, қан-төгіс, қорқыныш, ашу-ыза жатыр. Желтоқсан көтерілісінің басталуына – Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшы қызметіне сырттан келген Г.В. Колбин сайлануы болды.
1986 жылғы ызғарлы желтоқсанның 17-і әділетсіз шешімге күйінген қазақ жастары Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға, бейбіт шеруге шығып, наразылықтарын білдірді. Мұндай шеру Қазақстанның Жезқазған, Қарағанды, Талдықорған, Көкшетау, Павлодар және т.б. қалаларында да өтті. Жастардың басты мақсаттары – тәуелсіздікке қол жеткізу, КСРО Конституциясындағы одақтас республикалардың тәуелсіздігі мен еркіндігін тек сөз ретінде емес, іс жүзінде де орындалу тиістігін, осы жердің тарихын, мәдениетін, тілін, салт-дәстүрінен хабары бар адамды қою еді.
Республика Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігінің мәліметіне назар аударсақ:
«17.12.1986 г. 08.45 Из ЦК Компартии Казахстана дежурному КГБ республики поступило сообщение, что на площади имени Брежнева собираются группа молодежи. На площадь выехала оперативная группа КГБ… На площади находилась толпа более 200 человек, в руках отдельных были плакаты и лозунги: «Каждому народу – своего вождя!»
Толпа быстро росла и подтянулась к трибуне. Над толпой возвышались лозунги: «Советтік Қазақстан жасасын!», «Ұлт саясатының лениндік принциптерін сақтауды талап етеміз», «Да здравствует идеи Ленина» (на казахском языке) и на русском – «Мы за добровольное сближение наций, а не за принудительное…» деген мәліметтер келтірілген.
Бірақ бұған КОКП ОК-нің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген шешім қабылданып, көтеріліске қатысқан азаматтарды қуғын-сүргінге ұшыратты.
Көтерілісті басу үшін алдын ала жоспарланып қойған «Боран – 1986» атты оперативті жоспар пайдаланылды, ол КСРО ішкі істер министрінің №0385 бұйрығы бойынша жүзеге асырылды.
Ұлтшылдар мен экстремистердің, нашақорлар мен маскүнемдердің бет-пердесін жұлып алып, оларды аямай әшкерелеу керек», – деді М.С. Соломенцев (КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәскеуден арнайы 1986 жылғы желтоқсандағы оқиғаға жіберілді).
Желтоқсанға қатысқандар, қатыспай фотоларға, видеокамераларға еріксіз түсіп қалғандар, көшеде жай ғана шаруаларымен өтіп бара жатқан үлкен-кішісі бар барлық ұсталған қазақ азаматтарымыз осы жолда құрбан болды, бостандықтарынан, қызметтерінен айырылды, болашақтарына балта шабылды. Бұл оқиға барысында көп қандастарымыз өз отбасынан, ата-аналар бозбала мен бойжеткендерінен айырылды. Осындай айдап салуға ұшыраған адамдардың санын нақты ешкім айта алмайды…
Бұдан әрі осы оқиғаға қатысты талай тергеу, тексеріс шаралары өткізілді.
Оқиғаға қатысқандарды ақтау үдерісі басталды… Мұхтар Шаханов атамыздың Швецияның Стокгольм, Упсала (1990 жылғы қараша), Англияның Глазго, Данди (1991 жылғы қаңтар) университтеттерінде оқылған лекциясынан: «1990 жылғы 24 қыркүйекте Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумның қаулысы қабылданып, онда Алматыда 1986 жылғы желтоқсанда болған оқиғаны тексеру жөніндегі комиссияның қорытындылары мен ұсыныстары мақұлданды.
Қазақ Республикасының біз білген тарихында, тіпті бүкіл Совет Одағының тарихында тұңғыш рет кезінде бүкіл қазақ халқына «ұлтшыл» деп кінә таққан Орталықтың өктемдігіне қарсылық білдіріп, СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының шешімі айыпталды.
Жастардың бейбіт шеруін заңсыз басып-жаншуға кінәлі болған кейбір лауазымды адамға сөз тигізбеу мақсатында Желтоқсан оқиғасы алғашқы күннен бастап қалың көпшілікке қате түсіндірілді.
Желтоқсандағы қазақ жастарының бұл жиыны ұлтшылдық бой көрсету емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған-ды. Алматыдағы желтоқсан толқуы – шын мәнісінде, елімізде алғаш рет екі күштің: жаңа басталып, буыны қатпаған демократияның және ол кезде әлі өз күшінде тұрған әкімшіл-әмірші жүйенің қақтығысы еді», – Желтоқсан оқиғасының түпкі мақсатын көруге болады.
Осы уақытқа дейін Желтоқсан көтерілісіне қатысты көптеген мағлұмат жарық көргенімен, сол күндер тарихының бет-пердесі толық ашылмады, архивте жатқан құпия құжаттар зерттелуде…
Желтоқсан көтерілісі дегенде, адамзаттың есінде алпауыт Кеңес Одағы империясының ыдырауына септігін тигізуі мен 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылуы қалады.
Қазіргі ұрпақ, яғни біз жастар, ата-бабаларымыздың қай кезеңде болмасын Қазақ елі үшін көрсеткен қайсарлығы мен қып-қызыл қанымен келген Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін сақтап қалуымыз үшін еліміздің тыныштығына, дамуына бар күш-жігерімізді салып еңбектенуіміз, туған тілімізді дәріптеп, тарихымызды сақтап, ұлттық рухымызды нығайтуымыз қажет.
Сабақтар мен Тәуелсіздікке апарар жол Желтоқсан оқиғасы – қазақ халқының өз тағдырына деген жауапкершілігінің, әділдікке ұмтылысының және еркіндікке деген асқақ арманының айқын көрінісі. Бұл оқиға тәуелсіздікке ұмтылған әрбір ұлттың жүрегінде мәңгі сақталады.
Біріншіден, Желтоқсан көтерілісі қазіргі ұрпаққа ұлттың бірлігінің маңыздылығын ұқтырады. Сол күндері алаңға жиналған жастар ұлтшылдықтың емес, өз елінің болашағына деген жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Олар бейбіт шеру арқылы әділетсіздікке қарсылық білдіріп, халықтың өз даусын жеткізе алатындығын дәлелдеді.
Екіншіден, бұл оқиға әкімшіл-әміршіл жүйенің халықтың үнін естімеуінің қандай салдарға алып келетінін көрсетті. Мұның сабағы – әрбір мемлекеттің халықпен санасуы және әділ саясат жүргізуі қажеттігі.
Үшіншіден, Желтоқсан оқиғасы – тәуелсіздіктің құны қаншалықты жоғары екенін түсіндіретін тарихи сабақ. Қазақ жастарының батылдығы мен төзімділігі Кеңес Одағының идеологиялық және саяси құрылымына түбегейлі өзгеріс енгізді. Бұл көтеріліс Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды қадамдарының бірі болды.
Бүгінгі ұрпақ үшін бұл оқиға – тек тарихи кезең емес, болашаққа деген бағдар. Желтоқсаннан үйренетін негізгі сабақ – өз тарихымызды құрметтеп, ұлттық рухты жоғалтпау және әрбір азаматтың өз елінің тағдыры үшін жауапкершілік сезінуі. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ, сондықтан оны сақтау мен дамыту – әрбіріміздің парызымыз.
А.Т.ЕСЕНОВ,
Қарағанды облысының ғылыми-техникалық
құжаттама жөніндегі
мемлекеттік архивінің қызметкері