Әлихан
Азаулыда азаттықтай азанама,
Айтады екен азалы әке, азалы ана.
«Азат» сөзі азап болып естіледі,
Ал азабың Азаулыны жаза ала ма?
Азаттықтың түп тамыры аза ма еді?
Қуаныштың да бар-ау осы жаза, кегі.
Азаттықтан гөрі жаным, о, аяулым
Бұл азаға жақынырақ қазақ елі.
Біз ойлаған жұмағымыз сол жұмақ па?
Небір гүл мен небір ағаш толды баққа.
«Мен – еркінмін» деп шабамыз мына қырдан
Ана қырға мініп алып қонып атқа.
Мінсіз адам – күмәнді де, қауіптірек,
Көрмегенін білем оның жарықты көп.
Тоқтамайды ешқашан уақыт-жүрек
Соққан сайын тұрам ылғи бақыт тілеп.
Содан ба еді, тұратыны жаным жылап,
Суымайды қаным бір уақ.
Бостандықта жүрген жанның «Азат»-ынан
Түрмедегі жанның сөзі нанымдырақ.
Мына жақ пен ана жақты алыстырып,
Бір-бірімен салыстырып.
Содан кейін «азат» жайлы аңыз айтып,
Жүрген шақта екеуара жарыс қылып,
Үстімізден тұрған шығар ауыш күліп.
Азаттықтай азанама,
Жүрек шіркін жаза ала ма?
Азалы аға?
Сәкенге
Ақбозатты құлатқан жала керме,
Магаданға мола іздеп бара берме.
Сәкен деген – қазақтың рухы ғой,
Рухтарды көмбейді қара жерге.
Ғалым Жайлыбай
Туған жердің бұрқ етті топырағы,
Топырағы егесіз жатыр әлі.
Уысыма алғаным қоқым әлі,
Әлдебіреу шоқынады.
Баукеспеден жеңілсек жеңгеніміз,
Қара өлімнен қапыда өлгеніміз.
«Рухтарды көмбейміз қара жерге»
Ұрықтарды анық-ау көмгеніміз.
Жүрегімді ұғынып қайран сана
Туған жерге қайтейін байланса, аға.
Құмынада қазақтың татымайды,
Бұл Магадан Меккеге айналсада.
Домбырамнан ұшырмай тиегімді,
Қастерлей біл ондағы киелі үнді.
Бақиға алып кетейін Сәкен құсап,
Сүмбіледей сүйегімді.
Баққа өз атым мәлім бе, Һаққа өз атым,
Таққа озатын заман ғой таққа озатын.
Ағып барад…
Тағасынан жұлдыз шашып,
Кермедегі ақбозатым,
Төбемдегі ақбозатым!
Ақбозатым түсінді қона алмасын,
Соған бола имейді саған басын.
Топырағым ішінен күбірлейді,
Моламды ашып…
Ерболат ҚУАТБЕК