Бұл азаматтың есім-сойы – Дәулет Ырысбайұлы Сәтибек. Қарағанды қаласына келе «Қара Дәулет» атанды. Туған жері туралы мынадай дерек бар: «Қарағанды облысы, Шет ауданының Ақсу-Аюлы кентінде 1964 жылы 14 қарашада дүниеге келген. Тегі: Арғын-Қаракесек-Кернейден тарайды. 1966 жылы ата-анасы жұмыс бабымен сол ауданның Кеншоқы кенішіне қоныс аударған. 1971 жылы Кеншоқы ауылдық округі Нұра ауылына ауысқан. Осы ауылда 1982 жылы орта мектепті аяқтап, 1983-1985 жылдары Украинаның Запорожье жерінде әскери міндетін өтеген. 1985-1990 жылдары ҚарМУ-де оқып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын алып шыққан. Қарағанды қаласының №7 мектеп-интернатының ұстазы, Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясының тележурналисі, «Орталық Қазақстан», «Шипагер», «Замандас-Современник», «Сана» газеттерінде журналист болып еңбек етті. 1988 жылы отбасын құрған. Жұбайы – Мереке Егінбайқызы, балалары – Келбет, Мәдина, Ахмет. Шығармалары: «Ғұмырымның тамшысы» (2000 ж.) өлеңдер жинағы және «Нұр» (2005 ж.) өлеңдер мен драмалық поэма жинағы. 1985 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды қаласында тұрған. 2006 жылы 13 наурызда 41 жасында өмірден өткен…». Қысқаша ғұмыр-дерек осындай.
Иә, сонымен, Дәукеңнің туып-өскен жерлерінде Арқаның көп төбе-шоқыларының бірі – Бұғылы жатыр. Биік болмағанымен Бұғылы мен Тағылыны біз «тау» дейміз. Өйткені, жанға да, малға да, аң-құсқа да жайлы бұл мекендер – Сарыарқаның сәні десек те, артық айтқандық емес. Басқасын айтпағанда, Иманжүсіп көкеміздің: «Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған, Ұйпалақтап тасынан түлкі де алғам…» дейтін ғажап әні бар ғой. Осы Бұғылы тауының бір баласы Дәулет досымыздың жарық дүниеге келгеніне де 60 жыл болыпты.
Дәулетпен студент кезімде таныстым. 1987 жылдың қоңыр күзі еді. Сол жылы Қарағанды Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, күзгі ауылшаруашылық жұмысында жүргенбіз. Ол уақытта жоғары оқу орнына түскен талапкерлер әуелі «селхоз» дейтін бір айлық еңбек жолынан өтетін. Барған жеріміз – Қарағанды облысы, Тельман ауданы, «Чкалов» деген елді мекен. Осы жерде картоп жинап, студенттік өмірге енді еніп жатқанбыз. Жан-жақтан, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген жастар. Жігіттер мен қыздар. Қызу еңбек, қыз-қыз қайнаған жастық дәурен…
Сонан бір күні бізге бір топ ересек студенттер қосылды. Жігіттері де, қыздары да бар. 3 курс студенттері екен. Сонда бірінші танысқанымыз – осы Дәулет болды. Бұйра шашты, балуан денелі, сөзге шешен жігіт басқаларынан ерекше көрінді. Әзіл әңгімесі де, ағыл-тегіл өлеңдері де бәрімізге ұнады. Бірақ, Дәулет ол жұмыста қалмады да, қасындағы жігіттер мен қыздар ауылшаруашылық жұмысында бізбен бірге «селхоз» соңына дейін болды.
Онан кейін бірінші курсты бастаған күні Дәулетпен оқу ғимаратының дәлізінде жолығып қалдым. Өткендегі танысқанымызды еске түсіріп, біраз әңгімелестік. Жерлес екеніміз, қатарлас болғанымыз, өнерге жақындығымыз жайында сөз қозғалды. Сосын таныс-біліс әрі қарай достыққа ұласты. Студенттік өмірде, Қарағандының әртүрлі жиынында, той-томалақтарда кездесіп жүрдік. Дегенмен, Дәулетпен етене араласып, жақын дос болғаным өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасына таман «Шипагер» медициналық газетінде бірге қызмет істеген жылдар. Бұл уақыт – біздің шығармашылық өміріміздегі романтикалық кезең еді. Басылымның басы-қасында өзіміз қатарлы жігіттер және артымыздан ерген жас толқын. Айына бір мәрте шығарамыз. Еркіндік, бос уақыт жетіп-артылады. Сол жылдары «дәуренді сүрдік» деп те айтуымызға болады…
Дәулеттің бізден бір ерекшелігі – ду-думанды, көпшілік бас қосатын шулы отырыстарды, қонақ-тойларды жақсы көрді. Жиын-тойларды жиі басқаратын айтулы асаба болды. Әсіресе, дүбірлі жарыстарды естігенде ақындық арқасы қызып, небір аламанды аңсап тұратын белдеуде байланған бәйге атындай тұяғымен жер тарпитын. Шалқар шабыт бір жерде байыз таптырып отырғызбайтын. Іштегі мол қуаты сыртқа өлең болып төгілетін. Әзіл-қалжыңға да біршама жақын болды. Күнделікті өмірдің өзінен анекдот жасап, елді күлдіріп жүретін. Той басқарғанда да сөздің мәйегін тамызып, әнді де әжептәуір айта алатын. Сөйтіп, жан-жақты өнердің жұлдызын жағатын. Біз білетін Дәукеңнің талантын танытатын қырлары көп. Филолог-қазақ тілі мен әдебиеті маманы, журналистік-публицистік қыры, ақындық, драмашылық және сазгерлік өнері, жалпы өнерпаздық, асабалық-ұйымдастырушылық қабілетін айтуымызға болады. Осынау шығармашылық қасиеттерінің ішінен ақындық өнерін даралап айтқым келеді. Дәулет – Арқаның адуынды ақыны. Өмірін өлең-жырға арнаған адам. Оның әр өлеңінде өзі кешкен ғұмырдың асау толқындары да, тереңге тартар иірімдері де кездеседі. Асқақ романтикалық пафос та, сыршыл лиризм де менмұндалайды. Жыраулық поэзияда кездесетін толғанысты толғауларға да ат басын шалдырып жүрді. Осыдан отыз жыл бұрын 1994 жылы жазылған «Отыздың оты» дейтін өлеңінде: «Болмайды жігер құр қызған, Сыр сұрап жазам жұлдыздан. О, менің, арқар тағдырым, Құлата көрме бір құздан…» десе, туған жерге арналған бір туындысында: «Түйетастың шығып басына, Тянь-Шаньды тұрдым елемей…» дейді. «Түйетас» деп отырғаны – туған ауылының кіре берісіндегі шебер табиғаттың сыйға тартқан түйеге ұқсас тас-төбесі. Бірде Дәукеңнің әкесі ауырып жатқанда көңіл сұрай Кеншоқыға барған едік. Сонда Түйетастың жанынан өтіп бара жатып көз салғаным бар еді. Кейіннен Дәукеңнің үйінде қона жатып, ақынның өлеңдерінің ішіндегі осы Түйетасты айтып: «Дәуке, Түйетасың әжептәуір биік екен…» деп, қалжыңдаған едім. Дәукем: «Әй, Әлеке-ай, әзілің қалмайды ғой. Туған жерімнің әрбір тасы мен үшін тым биік, тым ыстық қой. Сондай құдірет шығар жазғызған» деп еді. Мен де ыңғайсызданып: «Иә, солай ғой» деппін аузыма басқа сөз түспей. Ақынның ақ көңілін жаралап алдым ба дегендей, әңгімені басқа арнаға бұрғаным есімде. Сол жолы түннің бір уағына дейін өлеңдерін оқып еді… Буырқанып, шабыттанып жыр нөсеріне айналғандай еді…
Ақынның туған жеріне, өскен еліне, жүрген ортасына арнаған өлең-жырлары біршама. Солардың ішінен ерекше жарқырап көрінетіні – «Таудағы жаңғырық» (Мәдидің монологы). Сыртқы көркемдігі, ішкі тереңдігі керемет бұл шығармасын бірнеше рет оқыдым. Рухты өлең, намысты қайрайтын жігерлі жыр. Ұлтымызға, оның ішінде ұрпағымызға қажетті құнды туынды. Заманының кесек тұлғасы, өршіл өнерпаз Мәди Бәпиұлының атынан айтылған Дәукеңнің өз даусы, өзінің өр үні! «Арбасқан жылан айналаң, Адаспай қалды қай балаң?! Қынаптан шыққан қылышпын, Қаскөй Қандасым қайраған…» деген жолдарды оқыған оқырман бей-жай қалмасы анық. Аталмыш өлең кейіннен «Азаттықты аңсаған ақиық» атты драмалық поэмаға айналды. Бұл драмасы «Азия Транзит», «Қасым» журналдарында жарияланды. Тағы да осындай шоқтығы биік шығармасының бірі – «Қарағанды вальсі» өлең-әні. Мұның сөзін де, әнін де өзі жазды. Сөз де, ән де бір-бірімен үйлесіп, қиюласып құстың қос қанатындай қалықтап, биікке көтерілді. Сол биігінен әлі де түспей, алып Қарағанды шаhарын айналып ұшып жүр. Біреулер бұл әдемі әнді «Қарағандының әнұраны» (гимні) деп те айтады. Айтса-айтқандай жүректі тербейтін, көңілге түрлі ой салатын әсерлі туынды. Айта бергің келеді. Осынау бір әнімен де Дәулет Ырысбайұлын Қазақ Сазгерлер одағына қабылдауға болатын шығар. Бұған қоса, ақынның біраз өлеңдеріне жергілікті сазгерлер ән шығарғанын да білеміз. Иә, Дәулет досымыздың өнерпаздық қырлары осындай. Мұны қазақ бұрындары «сегіз қырлы, бір сырлы сері» деп те атаған. Сөйткен Дәукең өз ортасында жанып жүрді, жалындап жүрді. Найзағайдың оғындай жарқылдап жүрді. От болды, сосын жоқ болды… Жо-жо-жоқ, жоғалған жоқ! О дүниеге өтті де, бұ жалғандағы өмірі өлеңге айналды…
2006 жылы наурыз айында 41-ден асқан қылшылдаған шағында фәниден бақиға қайтқан досымызды 2007 жылы «Азия Транзит» журналында істеп жүргенімде бір топ өлеңдерін алты бетке жариялай отырып, шағын естелік жазғанмын. Соны да реті келгенде жаңғыртып қояйын.
Арқадағы арқар-тағдыр…
Дәулет досымыздың базарлы дүниеден бақиға көшкеніне бір жыл болып қалды. Бұрынғы аузы дуалы Шортанбай, Жанқұттылардың жұрнағы іспетті асыл азамат Арқада туып, арқар-ғұмыр кешті. Өлең дейтін киелі өнердің өртіне шарпылып, бар өмірін осынау бір «мазасыз майданға» арнады. Бұл тұста төгілген маңдай тері мен «аh» ұрған ішкі шемен-шері – «Ғұмырымның тамшысы» және «Нұр» атты жыр жинақтарына айналды.
Қайран уақыт-ай! Кеше ғана қаланы да, даланы да дауылдатып, думандатып жүретін Дәукең бүгін арамызда жоқ. Бел-белестерде қалған елесін еске алып, естелік жаза бастадық…
Ендігі жерде сенің жарқын бейнеңді өз өлеңдеріңнен іздейтін шығармыз. Сонау Бұғылы жақтан бұлт үйіріліп, күн күркіреп, найзағай ойнап, ағыл-тегіл Арқаның ақ жаңбыры төгіліп жатса – мынау мазасыз Ғалам сені еске алып, жоқтап жатыр деп ұғармыз.
Қош, ерте кеткен есіл дос!..
«Азия Транзит» журналы.
№1-2 (82-83), қаңтар-ақпан, 2007 жыл
***
Бүгінгі жазып отырған естелігімнің тақырыбын «Бұғылының бір ұлы» деп алуыма Дәукеңнің сонау «Шипагерде» жүргендегі бір сөзі себеп болды. Мен «Замандас», «Шипагер» газеттерінде кейбір мақаламның астына аты-жөнімді жазбай, «Әл-Тағылы» деп қол қоятынмын. Соны меңзеп, бірде маған: «Арқада Бұғылы мен Тағылы ағайынды таулар. Сен – Тағылыдан болсаң, мен – Бұғылыданмын! Сен – «Әл-Тағыли» деп жазсаң, мен онда Дәу-Бұғыли болайын» деп айтқаны да есімде қалыпты…
Биыл қараша айының ортасында Дәулет досымыздың туған күнін еске алып, дұға бағыштадық. Арамызда болғанда 60 («талтүсің») тойлар еді… Жазылған тағдырға не дерсің?..
Рухың шат болсын! Бұғылының бір ұлы, қайран Дәукем!!!
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Қарағанды қаласы
2024 жыл, қараша айы