Омарханов Ниқан 32 жасында «Бақты» совхозына директор болып келгеннен, қашан кеткенге дейін қыруар шаруа атқарды. Негізі совхоз қой шаруашылығымен айналысқан. Совхозда 62 қыстақ, 4 бөлімше болды. Төлімен қоса қыстамаға жыл аяғына 68-70 мың қой малы түсетін. Осыншама малға азығын дайындайтын шабындық жер тапшы болды.
Жас директор келген күннен бастап, малға мол жем-шөп қорын жасау мәселесін басты орынға қоятынын мәлімдеді. Мал азығын «Дегелеңнен», «Ақдаладан» бригадалар жіберіп дайындатты. Азық-қоры мол совхоз басшыларымен келісіп, жар құлағы жастыққа тимей, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жұмыс жасады. Есте қалған бір жағдай маған «УАЗ» автомашинасын алып берді, сол машинамен таныс директоры, яғни жолдасы «Маржанкөл» совхозына бір түнде келіп, шаруаны шешіп, түні бойы қайта қайтқан күндеріміз болды. Есімде қалғаны тамақты тоқтамай жүріп келе жатып ішкеніміз.
– Басқа адам болса мына тұрған Қарағанды гостиницасына қонып жайланып ертеңіне қайтар еді ғой, – дедім. Сонда Никаң:
– Аужеке, ол да болар, қыстан совхоздың малын аман-есен алып шығайықшы, біз бен сізге үлкен олжа сол, – деді. Түні бойы ауылға жетіп, ертеңіне өзінің «УАЗ» көлігімен Семейге шұжық жасау және тері илеу цехтарының құрал-жабдығын алып қайтуға жүріп кетті. Соларды алып ауылға әкеліп орнатты. Жұмыс жасай жүріп, әлемдегі әр сала бойынша жаңалықтарды газет-журналдан оқып, әр маманға қиындыларын жіберіп отырушы еді. Менен: «Малға мына дәрі керек па?» деп сұрайтын. Сол сияқты агроном, инженер, селекционерге де түрлі сұрақтар қоятын. Бұрын болмаған қойды қотырға қарсы тоғытатын механикаландырылған шомылдыру ваннасының бірнеше түрін, «Душевой, Полтавский» деген түрлерін және эстрозға, кеңсірік құртқа қарсы емдейтін түрлерін салғызды. Совхоз орталығында елдің қауіпсіздігі мен комфортты жағдай жасау мақсатында көшелерді жарықтандыруды, бетон плиталар мен тротуарлар, тұрғын үйлер қоршауын жасап, жеміс ағаштарын отырғызуды сол кезде бастап еді. Барлық қисық көшелерді түзетіп берді, ең үлкен жаңалығы жас мамандар мен жалпы тұрғындарға арналған бір көшеге жанға жайлы заманауи коттедж үйлер салдырды. Басты айтатын жаңалығым, совхозда осындай білімді іскер халықтың елдің қамын ойлайтын маман басшылар көп болса, ауылда, ауданда, облыста тіпті республикада баяғыда көркейіп кететін еді ғой. Жалпы Ниқан Омарханов сол кездің өзінде, облыс тіпті республиканы, министірлер кабинетін басқаратын маман-басшы болып еді. Ұмытып барамын, совхозға Ресейден диірмен алдырып және кондитер цехы мен наубайхана орнатып, 1990 жылғы қиын-қыстау заманнан елді тарықтырмай алып шықты, тіпті көрші совхоз тұрғындарын да көмегі тиді. Совхозды асыл тұқымды Еділбай қой шаруашылығы жасады, шаруашылықты жекешелендіруге бермеймін деп қаншама дәлелдер келтірді, экономикалық талдаулар жасады, соның бәрі иіске аспады. Асыл тұқымды қой шаруашылығын сол бетінде сақтаймын деп қаншама басшылармен бет жыртысып тер төкседе, қазақша айтқанда тоқалдан туғандай жасап кейбір жоғарыдағы жетесіз басшылар совхозды құртқанын несіне жасырамыз. Қазірде кейбір қадірі кеткен кадрларды «өзіміздікі » деп сүйрелеп адал тура мінезді азаматтардан ат тонын ала қашатын басшылардан әлі толық тазарып кеткеніміз жоқ. Мұхамбет пайғамбарымыз: «Дін бұзар екеу болады, бірі шала молла, екіншісі әділ емес әкім» депті. Бүгінгінің басшылары осы хадисты есіне алып жүргені абзал болар еді.
Қорыта айтқанда, Нихаңның мына келген 70 жас мерейтойы құтты болсын. Осы тыңғылықты да тыңдырымды, таза адал азамат бетіңізде, егеменді елімізге еңбек етіп, береріңіз көп болсын деп тілек білдіремін.
Аманжол Әбділдаұлы ТҮСІПБАЕВ,
ветеринария саласының үздігі,
әріптесі, әкімдіктегі үзенгілесі,
ардагер азамат «Бақты» совхозынан