БАБА ҚАСИЕТІ ҰРПАҚҚА БЕРІЛСЕ ҚҰТ

Ақ «Нива-2121» көлігіміз болды. Қолымыз боста капотын ашып қойып шұқылаған боламыз. Көзге көрініп тұрған ақауы болса, ақылдасып отырып жөнге келтіреміз. Екеуміз де инженерміз, біріміз оқыған, екіншіміз оқымаған. Арасында қосалқы бөлшек алуға әуежайдағы, «Орбитадағы» базарға барамыз, тіпті косметика жасатуға Федоровка жақтағы бір шеберге де барып қайтқан күндеріміз болды. Осының өзі қолы бос адамға әжептәуір ермек.  

Мен әдетімше көлікті жылтыратып сүртіп қоям, содан ба МАИ инспекторлары тоқтатқан емес. Тоқтата қалса, құжаттан шикілік табары хақ, техникалық байқау мерзімі мен сақтандыру полисінің уақыты өтіп кеткенін нпнішім сезеді. Өйткені көлігіміз ауылдан келген. Менің жүргізушілік куәлігім жарамды, Ниқаңдікінің мерзімі өтіп кеткені анық. Содан да болар, жұбайы Гүлнар ханым үнемі аңдып жүреді. Ниқаң деп отырғаным бұрынғы әкім – Ниқанбай Иманғалиұлы. Өміріміз жаман болған жоқ, зейнетақы алғанда тамақтану орындарына барып сорпа ішеміз, ащы қуырдақ, тәтті кәуап жейтініміз бар. Оның өзінде дұрыстап дайындап беретін жеріне барамыз, артынан сүт қатқан қою шайды армансыз сіміреміз.

Осылай жүре береміз леп ойлағам ғой, күндердің күнінде әжептәуір жасқа келген ақсақалдың көліктің жанында тұрғанын байқадым. Тегін емесін біліп, жанына жақындап жөн сұрадым. Байыпты адам екен, Ұлытаудан арнайы келгенін айтты:

– Омархан ұстаның баласы көлігін сатады екен, соны алғалы келдім, – деді. Көруге келдім демеді.

– Ақсақал, Жезқазған да үлкен шаһар, сіз алатындай көлік табылмады ма? – дедім қарап тұрмай.

– Емеурініңді түсіндім, шырағым, іздесем бұдан да тәуірі табылады, маған  Ниқанбайдың осы көлігі құт болғалы тұр. Сендердің де жадыларыңнан шығып кеткен болар, ерте заманда жұрт ұсталарды пір тұтқан, қадірлеген, олардың даңқы алысқа кеткен. Елдің ұғымында ұста дүкені киелі орын деп есептелген. Ұста – көптің батасын алған адам. Сондықтан ол да киелі. Омархан ұстаның даңқы Ұлытау еліне де жеткен, ұрпақтарының арқасында есімі әлі күнге дейін ел аузында. «Жақсыны көрмек үшін, жақсының жолымен жүрмек үшін» деген. Жақсының шарапаты ұрпақтарыма тие берсін деген ниетпен келіп тұрмын, бұл келістің мәнісі осы, – деді.

«Ұста дүкеніне барған адам тазаланып, сәлем беріп кіреді» дегенді естуім бар еді, ақсақалдың сөзі ойландырып тастады. Бардың қадірін білмей жүргеніміз ойыма оралды. Шынында бұрынғының бәрі әулие дерсің. Жас кезімде ауылда Орал, Сағат, Наркен /Нармағанбет/ есімді ұсталар болды, кейіптері әлі күнге дейін көз алдымда. Артық сөзі жоқ, ерекше қасиетке ие істің адамдары еді, біреуге зекіп немесе қатты ренжігенін көрген емеспін. Жанықұл баласы Нармағанбет ұста 1965 жылы інім Айдынбек дүниеге келгенде бір де бір шеге пайдаланбай бесік жасап бергені есімде, сол бесікке Айдынбектің баласы да жатты, қазір қайда екен деп ойлап отырмын.

Ұлытаулық ақсақал біраз ұлағатты әңгіме айтып тастады. Көршілер жиналып, «Ниваны» жолға дайындап жатырмыз. Алдында ғана зырылдап тұрған көлігіміз енді қыздыруға келгенде от алмай қойғаны. Енді біз қысылайық. Бар шарамыз таусылды. Ақсақал айтты:

– Кімнен болса да бір қателік кетті, әуре болмаңдар, әруақ жібергісі келмей тұр, сәті түскен күні алып кетермін, оңдап қоярсыңдар, – деп, қош айтысып жүріп кетті.

– Мына ақсақал тегін адам емес, көліктің барлық тетігін дұрыстап тексеріңдер, ертеңгі күні ұят болмасын, – деген Ниқаңның сөзінен кейін білетіндерміз іске кірістік.

Айтқандай-ақ көліктің от алмағаны дұрыс болыпты, жүріп кеткен жағдайда жолда қалады екен. Дұрыстап оңдап, бір аптадан соң хабар берілді. Ақсақал баласын ертіп тағы келді, сондағы кетер шақта айтқаны: «Ұсталық кәсіп ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырады. Жаугершілік заманда ұста өнері батырлықпен бірдей бағаланған. Мен қайта-қайта еріккеннен келіп жүрген жоқпын, Омарханның ұрпағының көлігін алуға құмартып келіп жүрмін. Атасының қасиеті мына Ниқанбай ағаларыңа қонған. Талай жыл халықтың алғысына бөленіп ел басқару – сол атасынан келіп тұрған қасиет. Осындай даңқты елдің шарапаты менің де ұрпағыма жұғысты болсын деген ниет менікі, қарақтарым. Естеріңде болсын, барларыңды бағалаңдар, құрметтеңдер. Мен сендердің несібелеріңді жырып әкеткелі тұрған жоқпын, өзіме тиесіліні алып тұрмын. Қазақ даласында несібе көп, соны зерделеп қажеттеріңе жаратуды біліңдер. Ал мен кеттім жақсы күндерде кездескенше!» – деп жолға түсіп, Жезқазғанға бет түзеді. Қимасымызды алып кеткендей сау бол айтып біз қалдық. Көңілімізде небір мазасыз ойлардың қылаң бергені тағы шындық.

Ұлытаулық ақсақал айтып кеткен, ерекше қасиеті арқылы ел алғысына бөленген Омархан ақсақалдың немересі Ниқанбай аға бүгінде айтулы 70 жасқа келіп жатыр. Ауылшаруашылығының білікті маманы туралы сағаттап айтуға, жазуға болады, жазып та жатыр. Әңгіменің тоқетері – қайда еңбек етсе де артында жарқын із қалдырғаны. Қарқаралы, Ақтоғай, Нұра халқының айтары көп. Сұрамасаң да Ниқаңның айтулы істерін тамаша жыр етіп айтып береді. «Н.Әбдіров» совхозында аз уақыттың ішінде «Қарағанды облысының үздік инженері» төсбелгісімен, АШМ «Құрмет грамотасымен»,  ВДНХ медалімен марапатталған.  «Бақты» совхозындағы істеген істері бір кітапқа жүк…

Бүкіл еңбек жолында алған мерейтойлық және ведомостволық медальдерінің саны 20-дан асып жығылады. Оған «Құрмет» орденін қосыңыз. Өзі айта бермейтін Қарқаралы ауданының «Құрметті азаматы» атағы тағы бар. Осындай атақтың тағы бірі бар ма деп ойлаймын. Ел мақтанышпен үйіндегі кабинетіне жарқыратып іліп қоюшы еді, ондай мақтаныш жоқ. Мына ақпараттардың өзіне тыңшылықпен жетіп отырмын.

ҚР ауылшаруашылығы саласының үздігі, ҚР білім саласының және ҚР спорт саласының құрметті қызметкері. Әскери шені – отставкадағы подполковник. Иә, ұстаның немересінің жеткен жетістіктері кісі қызығарлықтай. Артынан еріп жүрген, ақыл-кеңес сұрап жүрген ізбасарлары тағы жетерлік. Атқарып жатқан ұшан-теңіз еңбектері тіпті есепсіз.

Мерейлі тойыңыз құтты болсын, НИҚАНБАЙ АҒА! Ердің бағасын елі береді, беріп те жатыр. Бақытқа толы күндеріңіз бұдан да көп болсын!

    Аңғар СМАҒҰЛ,

ҚР журналистер одағының мүшесі