Байқау басталды

Қарағанды облысында мектеп оқушылары арасында «Тұлпар мініп, ту алған!» атты байқау басталды. Жоба аясында ең үздік шешенге Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті білім грантын табыстайды, ал оны дайындаған ұстаз автокөлікке ие болады.

Ауқымды облыстық байқау облыс әкімдігі, Халықаралық қазақ тілі қоғамы және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті арасында қол қойылған меморандум негізінде ұйымдастырылып отыр. Бұл келісім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтық сана-сезімді ояту және оқу мәдениетін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді. Бастама – мемлекет, қоғам және білім саласының өкілдерін біріктіріп, жас ұрпақты қолдау мен қазақ тілін дәріптеу ісінде маңызды қадамға айналды.

Байқаудың негізгі мақсаты – жас буын арасында қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін кеңінен насихаттау. Оған 6-10 сынып оқушылары қатыса алады. Қатысушылар Тастыбай Жағыпарұлының нұсқасындағы «Бөгенбай батыр» поэмасын жатқа, мәнерлеп оқып, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша қойылған сұрақтарға жауап береді.

Қазірдің өзінде облыстың 13 аудан мен қаласынан 4 138 оқушы өтінім берген. Қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Байқау екі кезеңнен тұрады: қалалық (аудандық) және облыстық. Арнайы құрылған комиссия өңірлерді аралап, қатысушылардың өнерін көзбе-көз тыңдап, үздіктерді анықтайды. Бұл кезеңнің жеңімпаздары облыстық турнирге жолдама алады және ақшалай сыйлықтармен марапатталады: І орын – 150 мың теңге, ІІ орын – 100 мың теңге, ІІІ орын – 70 мың теңге.

Облыстық кезең биылғы желтоқсан айында өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл турда сыйақы қоры едәуір ұлғаяды. Бас жүлде иегері 1 миллион теңге мен Қарағанды экономикалық университетінде оқу грантын иеленеді. Екінші орынға – 500 мың теңге, үшінші орынға – 250 мың теңге беріледі.

Жеңімпаздарды дайындаған ұстаздар да назардан тыс қалмайды. Бірінші орын иегерінің жетекшісіне 1 миллион теңге мен демеушілердің атынан автокөлік табысталады. Ал екінші және үшінші орын алған оқушылардың ұстаздары тиісінше 500 және 250 мың теңге көлемінде сыйақы алады.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ