Балқаштық жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға қаладағы қоғамдық ұйымдар белсене араласып келеді. Жақында олардың саны тағы біреуге көбейді. Қалада «JasSpace» жастар зияткерлік-спорттық орталығы ашылды.
Жобаға «Сары Казна» ЖШС және «Медная компания Коунрад» ЖШС демеушілік көрсетті. Яғни ғимарат құрылысына «Коунрад» қорының құрылтайшылары демеушілік жасап, 216 млн теңге қаржы бөлді.
Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевтың айтуынша, ғимаратта балқаштық жастар елімізде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жайлы мағлұмат ала алды. Түрлі кеңеске қатысып, спортпен шұғылдана алады.
– «Коунрад» қоры 14 пен 35 жас аралығындағы қала тұрғындарын қызықтыратын «JasSpace» жастар зияткерлік-спорттық орталығын құру бойынша ауқымды жобаны аяқтап отыр. Жоба аясында үй-жайларды толық қайта құру, оның ішінде күрделі жөндеу және тамаша әрлеу, сонымен қатар қасбетті жаңарту жұмыстары жүргізілді. Орталықты толық жабдықтау үшін барлық қажетті құрылыс материалдары, заманауи жиһаздар, құрал-жабдықтар мен спорттық жабдықтар сатып алынды. Бұл орталық Президент тапсырмасына сәйкес, өңірімізде жастар саясаты туралы заңды іске асыру, жастардың рухани-мәдени әлеуетін көтеру және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ашылып отыр, – деді Сапар Сатаев.
Орталықта киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары, спорт зал, компьютерлік сынып, STEAM білім беру алаңы талапқа сай орналастырылған. Сонымен қоса, шахмат, ұлттық зияткерлік ойындар алаңы, көрмелер алаңы, бейне және дыбыс жазу студиясы, баспасөз орталығы, OpenSpace жұмыс және байланыс аймағы бар.
Манас АҚСАРЫ