Шалкиіз жыраудың «бір жақсымен дос болсаң, азбас-тозбас мүлкі етер» дегені Құнанбай мен Алшынбай арасындағы достыққа келетін шығар, тегінде. Қарқаралыға жолы түскендер соқпай кетпейтін екі орын болса, бірі — сол мешіт. Жалғыз орын болса жəне өзі. Əдеби, мəдени, тарихи, киелі, қасиетті деңіз — барлығына жараса береді. 1851 жылы қыркүйек айында ашылған деседі мешітті. 1845 жылдың тамызында туған Абай алты жас үлкен болады сонда. «Алты жасар Алпамыс» сарыны келеді ойға.
Кинодағы емес, ертегі-жыр үлгісіндегі түрі. Алты жасында ер атанбаушы ма еді Алпамыс?! Бала да, батыр да, дана да өзі. Ұқсастық дейміз бе, кездейсоқ көреміз бе, әйтеуір сол мешіт ашылғанда болашақ ұлы ақын алты-ақ жаста екен. Оқушы, студент кезімізде «Абай жолынан» Ибраһимнің әкесімен Қарқаралыға сапарын оқығанда, ересек шағын елестетуші едік. Көркем шығармадағы шындық десек те, ақынның қатарынан озып туғанына бұл да бір мысал. Әйтпесе, әкесі Құнанбай бес-алтыдағы баласын текке алып жүре ме?
Қарқаралы дуанына Құнанбай мырзаның аға сұлтан болғаны, Абайдың барғаны, Қарқаралының бір топ қазағы ақын Шөжені қолтықтап, қоштап, құрметтеп өлең сұрағаны — бәрібәрі осы мешіт тарихымен тығыз байланысты әңгімелер романда. Әсіресе, естен кетпейтіні — бала Абайдың Бөжейге берген сәлемі мен Бөжейдің Абайға берген батасы. Сонда үлкендердің жаулығын кек тұтпаған бала Абай бейнесінің де артынан Ұлжандай текті ананың асыл өнегесі қылаң беріп қалмай ма?! Бұл мейлі көркем шындық, я тарихи шындық болса да, Мұхтар Әуезов шығармасының асыл дәнегі дер едік.
«Қарқаралыға жүрерінде атына мінгелі жатқан Абайға анасы Ұлжан өзінің ақ саусақтарын жирен аттың жалына салып, былай деп үн қатады:
— Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күндестің күлі күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сəлеміңді түзу бер. Бір кезде жақсы жақының еді. Кім тентек, кім мақұл? Қайдан білдің? Əкең дұшпан десе, сен əділ бол! Жамандыққа кім табылмайды дейсің, жанашырдан айырылма! — дейді.
Қарқаралыға барғаннан кейін бала шəкірт Бөжекеңді алыстан көріп қалады да лезде, көкірегіне қолын қойып, дауыстап:
— Ассалаумағалейкүм!.. — деп иіліп сəлем береді. Қасындағы Байсал түрін тыжырайтып, антұрғанның баласының сəлемін неге аласың дегендей алая Абайға қарағанда Бөжекең:
— Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сəлем бер деп əкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің бе? — деді.
— Бөжеке, əкем емес, өзім беріп тұрған сəлемім сізге!..
Бұл жауапты естіген соң Бөжей бар ықыласымен балаға жақындап:
— Əкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым, ендігінің жүгі сенде қалар, балам! Жолың болсын! Жалғыз-ақ өзгені берсе де, əкеңнің қаттылығын бермесін! — деп бетін сипап жүріп кетеді».
Құнанбай мен Бөжей қырғи қабақ, араз. Оны бала болса да Абай біледі. Қиядан қарап, алысты шалған анасының сөзі қаперінде. Бұл жерде нұрлы ақыл мен жылы жүрек — Бөжейде. Байсал тыжырайғанда міз бақпаған Бөжекеңнің осы қасиеті — нағыз парасат иесінің əрекетіндей көрінеді. Құнанбай мырзамен алысуға жараған Бөжей тегін болсын ба?! Абайды танып тұр ғой. Айқас үстінде жақтастары Құнекеңді нысанаға алғанда, атқызбай аман алып қалып, соңынан өзі соққыға жығылғанда: «Мен сені оққа қимап ем, сен мені боққа қидың ба, Құнанбай?!» деген Бөжейдің ірілігі мен кісілігі өз алдына бөлек əңгіме.
Оған дейін болыс болған Құнанбай мырзаның аға сұлтан атанып, мешіт салып, атағы аспандаған тұс. Содан бері де не көрмеді бұл мешіт?! Соқтықпалы, соқпақсыз ғұмыр кешіп, мыңмен жалғыз алысқан ақынмен бұл да тағдырлас. Бара-бара құдайсыз шолақ белсенділер өртеп жібермек те болған көрінеді. Айшығын атып та түсірген заман болыпты. Бəрі бір осы күнге мешіт жетіп отыр. «Қарқаралы басында жалғыз арша», содан соң мешіт бар. Алланың үйі деседі ел. Шөп те шығатын жеріне шығады. Бала Абайдың Шыңғыстаудан кейін көрген жарығы Қарқаралы болып тұр ғой. Жігіттің үш жұрты болса, Абайдың өз жұртынан кейінгі нағашы һəм қайын жұрты да Қарқаралы топырағы. Арқаға ат басын тірегендердің көбі Қарқаралыны көрсем дейді. Жолы түскендері Қарқаралыдан, Құнанбай қажы мешітінен шыға салып Шайтанкөлге жөнеледі. Бірақ кім қалай барады Қарқаралыға? Бұл енді басқа əңгіме.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ