БАЛА ТӘРБИЕСІ – ҚОҒАМ АЙНАСЫ

Балғын балаларға тәрбие мен білім беруді ұштастыратын – ол балабақша. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы – осында. Мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу.  Әрине бұл үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың заманауи инновациялық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да байланысты.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз елдімекеніміздегі мектепке дейінгі тәрбие беру саласындағы білім ошақтарының қарашаңырағы – «Балбөбек» бөбекжайының музыка жетекшісі Әбжанова Гүлмира Мұратқызы туралы болмақ. Бұл мекемені қарашаңырақ дейтінім – оның халыққа қызмет жасауы өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастау алады. Бір кездері кентте 14 балабақша жұмыстарын жүргізіп отырғанда, солардың арасындағы ең алғашқысы болған.

Гүлмира Мұратқызы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарытерек ауылында 1975 жылы дүниеге келген. Кеңес заманында ол ауылда қой, жылқы өсірумен айналысатын, облысымызға танымал іргелі шаруашылықтың бірі «Ақтоғай» кеңшары (совхозы) жұмыс жасады. Ол жерде ата-бабалары ғасырлар бойы өмір сүрген, ұрпақтарын өрбітіп, замандарын кешкен.

Алайда Гүлмира туған жылы әке-анасы сол кездегі Жезқазған облысындағы аудан орталығы Ақадырға қоныс аударады. Өйткені, бұл жақты анасының ең жақын ағайындары мекендеп отырған.

Әкесі Мұрат Сұлтанбекұлы келген бетте автокәсіпорнына (АТП-1102) автобус жүргізушісі болып жұмысқа орналасады. Еңбек еткен жылдары зейнеткерлікке шыққанға дейін бір жерде Икарус, ПАЗ-672 автобустарымен жолаушыларды Қарағанды, Жезқазған, Балқаш қалаларына, ауданға қарасты ауыл, кенттерге жолаушыларды тасымалдаған.

Әкесі Мұрат осыдан екі жыл бұрын дүниеден озды. Адамгершілігі мол, сабырлы, салиқалы кісі болған. Ешбір адамға дауысын көтеріп, ашуға бой алдырмаған. Оның осындай жақсы мінезі үшін туған-туыстары да, қайын жұрты да, көрші-қолаңы, дос-жараны, ауылдастары да жарық өмірден өткенше қатты сыйлап, әлі күнге дейін жиі еске алып жүреді.

Зейнеткерлікке шыққан соң бос уақытындағы ермегі өзінің жасап алған кішігірім шеберханасы болған. Сол жерде жарамсыз болып қалған көліктердің аккуммуляторларын жөндеп, оларға электролит құйып, басқа да қолы іс білетін саймандарды қалпына келтіріп жүрген. Бір қызығы, жасаған шаруасына қол ақысын алмаған.

Анасы Жамал Есімғалиқызы ауданымызға белгілі білікті ұстаздардың бірі. Бұл кісі де 40 жыл бойы тапжылмай бір жерде – Ә.Ермеков атындағы мектебінде технология, қол өнері пәндерінен сабақ беріп келді. Арасында біраз жылдар мектеп жанындағы интернатта меңгерушілік қызметін атқарды.

Дегенмен Жамал апамыз бәрінен бұрын өнерге өте жақын болды. Ән айту, домбырада ойнау өмірінің басты бағытына айналғаны анық. Мектепте домбыра үйірмесін жүргізді. Ол кісінің бастамасымен бір жылдары жанұялық «Балдырған» атты ансамбль құрылып, біраз жерге өнерлерін көрсетті. Өнер тобының құрамында анасы, қызы Гүлмира (осы мақаланың басты кейіпкері), ұлдары Жеңіс, Дархан, өмірден ерте кеткен марқұм сіңлісі Гүлбақша, балалары Талғат, Азамат, Толқын өнерлерін көрсеткен. Топтың репертуарында халық және қазақ композиторларының «Гүлдерайым», «Ақ сиса», «Көзінің мөлдірін-ай», «Құрбым», «Ақ көгершін», «Атамекен» әндері болды. Онымен қоса қазақ, өзбек билері орындалып жүрген. Апамыз бүгінгі таңда сексен жасқа аяқ басса да Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесінің бірі.

Мұрат ағамыз бен Жамал апамыз 6 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген.

Гүлмира мектепке 5 жасынан ерте барады. Ол кезде мектепке баратын балалар жетіспей, сыныптарды толтыра алмай жатқан кез болса керек. Мұғалімнің баласы болғандықтан өзімен жасты тағы бір құрбысымен бірге мектепке ілігеді де кетеді.

Жасырмау керек, сабағында үздіктер қатарында болады. Сабақтан тыс уақытында мектептің барлық шараға белсене қатысады. Өнер жанұясында өсіп жатқан бала ән айтуда, би билеуде, тіпті атақты ақын-жазушылардың шығармаларын мәнерлеп оқуда алдына жан салмайды.

Сұхбат барысында Гүлмира Мұратқызынан балалық шағыңыздан бір естелігіңізді айтып бересіз бе деп қолқа салғанымда: «Біз бір үйдің балалары нағашыларымыздың ауылында өссек те, туған жерімізге, бабаларымыздың атамекеніне деген сүйіспеншілігімізді, махаббатымызды ешқашан жоғалтқан емеспіз. Бұған себепкер болған әкем Мұрат, атам Сұлтанбек, әжем Кенже. Неге дейсіз ғой, оқу жылы аяқталарда 25 мамыр күнін бауырларыммен бірге асыға күтетінбіз. Сол күні автобусқа отырып Балқаш қаласына жетеміз. Әрі қарай тағы автобусқа отырамыз да Ақтоғай бағытындағы Сарытерек ауылына жетіп барамыз. Ол жерде атамыз бен әжеміз құшағын жая қарсы алады. Олардың да, біздердің де қуанышымызда шек болмайды. Әбден сағынысып қауышамыз. Атамыз бізден көзін алмай: «Балалар, жолда келе жатқанда қырлар үстінде арқар мен бүркіттің мүсіндерін көрген шығарсыңдар? Екеуін де мен әдейілеп орнатқанмын. Арқар Дарханға, бүркіт Гүлмираға арналған. Олар Ақадыр жаққа қарап, Дархан мен Гүлмира қашан келеді деп менімен, әжелеріңмен бірге күтіп отырады», – деп әзілдейтін.

Жаз бойы бабаларымыздың тарихи отанында демаламыз. Тоқырауын өзені тура үйіміздің іргесінде. Әрі қарай аттасаң ну орман, жасыл желек. Өзеннің тұщы суына шомыламыз. Тоғай ішінен қарақат, мойыл (бұл жидекті бүгінгі күнге дейін еш жерде кездестірмеппін), итмұрын тереміз. Бір сөзбен айтқанда, үш ай бойы керемет демалып қайтатынбыз.

Ауыл болған соң жұрт мал өсірумен күн көреді. Жазда оларға жем-азық дайындайды. Кей кезде атамыз бізді де өзімен бірге ала баратын. Ол кісі қол орағымен шөп шапса, біз балалар оны жинап, ат арбаға әдемілеп тұрып жайып артамыз.

Сол балалық шақтан менің түйгенім, әкем ата-әжеммен келісіп біздерді атамекенге әдейі жіберіп отырғанға ұқсайды. Сондай саясат дұрыс болып, біздерді екі жаққа да – нағашы ауыл мен ата-жұрттың арасында тепе-теңдік сақтауға апарып жүрді деп ойлаймын. Соның арқасында алыстағы әкелеріміздің туған жері де, анамның ауылы да бірдей ыстық болып көрінетін», – деп әңгімесін аяқтады.

Мектеп бітірген Гүлмира Мұратқызы 1991 жылы сол кездегі облыс орталығы болған Жезқазған қаласына барып, педагогикалық институтына оқуға түседі. Таңдағаны қазақ тілі мен қазақ әдебиеті. Институт қабырғасында филология ғылымдарының докторы, профессор Хамзин Мәуен, белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты Ештанаев Ғазизден, тағы басқа профессор, доценттерден, терең білімді оқытушылардан дәріс алады.

Дипломы қолға тиісімен жоғары білім иесі болған Гүлмира Ақадыр кентіне келеді. Алғашқы еңбек жолын бастау бұрынғы №131 теміржол мектебінде (қазіргі Ә.Ермеков атындағы ресурстық тіректі мектебі) интернат тәрбиешісі болуға бұйырады. Алайда көп кешікпей Қызылту ауылына тұрмысқа шығады. Сол ауылдың мектебінде бірнеше жыл қазақ тілі және әдебиет пәндерінен сабақ береді. Отау құрған соң кішкентайлы болып, бала бағымымен отыруға тура келеді.

1998 жылы жас отау Ақадыр кентіне қоныс аударады. Кенттегі М.Мәметова атындағы мектепке қазақ тілі мамандығы бойынша жұмысқа тұрады. Жастайынан өнердің жолында жүрген ұстаз мектепте домбыра үйірмесін жүргізеді.

Кейін жаңадан ашылған, заманауи техникамен жабдықталған «Нұршуақ» балабақшасының директоры Түсіпова Гүлдәрия Әйкенқызы Гүлмираны музыка жетекшісі мамандығына шақырады. Өмір бойы музыканы өзіне серік қылып, ол үшін ішкен асын жерге қоятын өнер иесі мұндай ұсыныстан бас тартпайды. Содан балабақшада еңбек жолы басталады.

Музыка жетекшісі балабақшада музыкалық тәрбиеге жауапты. Оған әуен сабақтарын, әдеби-музыкалық ертеңгіліктерді, кештерді ұйымдастыру және өткізу міндеттеледі. Музыкалық дарынды балаларды анықтау, олардың әрқайсысымен жеке және топпен айналысуды қажет етеді. Таңертеңгілік жаттығуларға, дене шынықтыру сабақтарына және ойын-сауықтарына қатысуы тағы бар. Әрбір күннің екінші жартысында балалардың ұйымдастырылған ойындарына музыкалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету, музыкалық-дидактикалық, театрландырылған және ырғақты ойындар өткізу де оның міндеттеріне кіреді. Онымен қоса балабақшаішілік, аудандық, облыстық, республикалық, одан қалды халықаралық конкурстарға, байқауларға балаларды, топтарды дайындау да музыка жетекшісінің міндеттеріне жататыны белгілі.

Гүлмира Мұратқызы балаларды тәрбиелеу мен оқытуда жаңа технология элементтерін кеңінен қолданып келеді. Оның дайындаған балалары Алматы қаласында өткен Халықаралық балалар және жасөспірімдер арасында өткізілген «Ренесанс» фестивал -конкурсында «Эстрадалық жанр» аталымы бойынша І орынды иемденсе, Қарағанды қаласында өткізілген республикалық балалар және жасөспірімдер арасындағы «Мен жұлдыз» атты өнер сайысында ІІ орынды, «Әр бала – Жұлдыз» атты ІV Халықаралық балалар мен жасөспірімдер би фестивалінде ІІ орынды жеңіп алса, облыстық «Маленькая страна», «Өнер қанатында»,  байқауларында шәкірттері талай жеңістерге жеткен. Оның бәрін тізіп айта берсек, санынан жаңылысармыз.

Сан шаралардың ішінде Гүлмира Мұратқызының республикалық конкурсқа қатысқаны есінде қалыпты. Оны өзі былай баяндайды: «Нұршуақ» балабақшасында жұмыста жүргенімде ұжым мұшелерін басшымыз Гүлдәрия Әйкенқызы жинап алды. Сөйтсек, Алматы қаласында республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» өтеді екен. Байқауды стендап форматында өткізу жоспарланған. Сол конкурсқа бір адам баруы керек делінген. Жиналған қауым ол жаққа баруға жүрексінгені анық. Өйткені, барған адам стендап түрінде өзінің жеке идеясын дайындап апару қажет. Стендап деген (ағылшындардан келген) көрермендердің алдына шығатын жанрдың бір түрі. Сахнаға белгілі бір тақырыппен жалғыз шығасың. Көрермендерге өзіңді таныстырасың да, дайындаған тақырыбыңды оларға жеткізесің. Егер алдыңдағы аудитория ұйып тыңдап, тақырыбыңа қызығушылық танытса – онда ойыңды іске асырғаның. Ал енді ел шулап, тыңдамай кетсе идеяңды жеткізе алмағаның.

Сонымен ешкім бұл конкурсқа барамын деп сыңайын танытпады. Оның ішінде әрине мен де бармын.

Бір уақытта маған директор келіп кетсін деген хабар жетті. Қабылдауына келсем: «Гүлмира Мұратқызы, мына конкурсқа баруға сіз әбден лайықсыз. Қиын ештеңесі жоқ, бірге дайындаламыз. Мен тіпті сол жаққа сізбен бірге барамын. Сіздің жаныңызда болып, демеуімді, көмегімді беремін. Тек бас тартпаңыз – деп ағынан жарылғаны.

Басшымыз солай деп отырған соң қалай қарсы боласың!

Сонымен не керек, қызу дайындығымыз басталды. Ең алдымен идеямызды ойлап таптық. Тақырыбымыз «Балабақшадағы отбасылық театр». Бұл тақырып маған қиын болмады. Себебі, отбасылық ансамбль құрғанымыз бар, одан жинаған аз да болса тәжірибеміз де жоқ емес. Дайындығымыз жаман болмады.

Белгіленген мерзімде директор екеуміз Алматы қаласының «Алтын Қарғалы» санаторийіне келіп орналастық. Республиканың түкпір-түкпірінен 450-ге жуық ұстаздар келіпті. Конкурсқа қатысушылар бірінен-бірі өткен. Сахнаға шығып, өнерімді ортаға салдым. Жюри сапында бір егде тартқан кісі болды. Сол кісі сөйлеп, «маған Қарағанды облысынан келген Әбжанова Гүлмира деген ұнады. Актуалды идеяны таңдаған. Қазіргі заманда ата-ана да, бала да әлеуметтік желіге тәуелді болған заманда оның ұсынып отырған осындай істері, әрекеттері қоғамға қажет» дегені бар емес пе? Сол байқауда мен конкурсанттардың арасында жүлделі ІІІ орынды жеңіп алдым», – деп жымия айтып берді.

2015 жылы кент бойынша Абайдың 170 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, ел Конституциясы және Қазақстан халқының Ассамблеясының 20 жылдықтарына орай мекемелер арасында шығармашылық кештер ұйымдастырылды. Сол байқауда «Нұршуақ» балабақшасы ұжымының мерейі үстем болып, бас жүлдені жеңіп алған еді. Балабақша ұжымы ел назарына Гүлмираның бастамасымен соғыс жайлы «Қара кемпір зары» көрінісін дайындаған. Қазылар алқасының қатарында болған көрнекті прозашы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Өмір Кәріпұлына көрініс қатты ұнаған. Кейін жазушы ұжым мүшелерімен арнайы кездесіп: «Мен соғыс жылдарына арнап 4 кітап жаздым. Ал сіздер сол 4 жыл болған соғысты 10 минуттық көрініске әдемі сыйдырдыңыздар. Сол үшін сіздерге мың алғысымды айтамын», – деп Гүлмира Мұратқызына арнаған 4 шумақ өлеңін ұсынған екен.

Бүгінгі таңда кейіпкерім жоғарыда айтқанымдай кентіміздегі «Балбөбек» бөбекжайында еңбек етеді. Бұл жерге де мекеме директоры бірге жұмыс істейік деп шақырып алған екен. Бұл жерде де жетістіктері бір басынан жетіп жығылады.

Гүлмира Мұратқызы қызмет ете жүріп мамандығы бойынша біліктілігін арттыруға көп көңіл бөледі. Әрбір үш жыл сайын Қарағанды қаласында мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында музыкалық жетекшілердің кәсіби құзыреттілігінің арнайы курстарынан өтіп, сертификаттардың иесі болып жүр. Өзінің мамандығы бойынша республикалық «Самғау» ғылыми-әдістемелік журналына, басқа жаққа да жіберген мақалалары жарыққа шығуда.

Жылдар бойы мол тәжірибе жинап, мамандығына әбден төселген Гүлмираның еңбегі әрдайым бағаланып келеді. Бірнеше рет Қарағанды облыстық Білім департаменті, Шет ауданы бойынша білім бөлімі басшыларының Құрмет грамоталарымен, Алғысхаттарымен марапатталған. Онымен қоса Шет ауданы және Ақадыр кенті әкімдерінің Құрмет грамоталары да бар. Ал енді қызмет еткен мекемелерінің мадақтамалары, ақшалай және бағалай сыйлықтары қаншама!

Гүлмира Мұратқызының өмірлік жары Әбжанов Қанат Төлеуқұлұлы мамандығы инженер-механик. Қазіргі кезде Ақадыр станциясындағы №15 өрт сөндіру пойызы (ПП-15) мекемесінде шебер (мастер) болып еңбек етеді.

Ерлі-зайыптылар үш ұл баланы тәрбиелеп өсірген. Олардан 4 немере сүйіп отырған ардақты ата, мейірімді әже.

Отбасының тұңғышы Ерзат Қарағанды қаласының Экономикалық университетін (КЭУ) стандартизация және метрология мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінгі таңда «Қарағанды-Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде технолог болып еңбек етеді. Зайыбы Альмира Берікқызының мамандығы дизайнер. Екеуі Айсұлтан, Бақдәулет есімді балаларын тәрбиелеп отыр.

Ортаншы ұлдары Асылболат Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің дене шынықтыру факультетін бітірген. Қаладағы әскери бөлімшесінде қызмет етеді. Сүйікті жары Ақнұр Асхатқызы Алматы қаласының Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен заңгер мамандығын алып шыққан. Бірнеше жыл мемлекеттік қызметте болды. Қазіргі уақытта бала тәрбиесімен отыр. Жұбайымен екеуінде Мөлдір, Әзиз есімді балалары бар.

Отбасының кенжесі Наурызбай Қарағанды Теміржол колледжінің ІІ курс студенті ретінде болашақ мамандығын игеруде.

Бала тәрбиесі – қоғам айнасы. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын мақсат-міндеттерінің ең бастысы – қоғамда өз орнын таба білген саналы, салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Бала – біздің болашағымыз, ертеңгі үміт артар жалғасымыз. Ендеше осы салада отыз жыл бойы еңбек етіп жүрген Әбжанова Гүлмира Мұратқызының болашақ ұрпақты тәрбиелеуге қосып жүрген үлесі мол екені сөзсіз.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті