Балалық шаққа саяхат

Қолымда белгілі журналист Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты прозалық жинағы.  Кітап бір повесть, үш әңгімеден тұрады.  Повесть адамды бірден елітіп, өзімен бірге балалық шаққа ерітіп  әкетеді. Жас оқырманға таңсық болар, ал ауылдың шаңын көтеріп, доп қуған, асық ойнап, мал баққан біз үшін – өткен күнге саяхат, жай ғана оралу емес, сағыныштың сарғайған хатындай болғаны рас.

Әмірдің балалық шағы ол біздің де өткен балдәурен. Келмеске кеткен күндерге  жетелейді. Әкелеріміздің, аталарымыз бен аналарымыз, әжелеріміз айтқан тарихи дүниелер мен әңгімелерді құймақұлақтар жадына тоқып алады. Әмір де солай бізге жеткізуші.

Әлі күнге дейін туған ауылымыздың түп тарихын біле бермейміз. Ақиқаты сол. Ал Әмір болса Түлкілітаудың баурайында өсіп сол ауылдың, сол жердің атауларын неге олай аталғанына қызығушылық танытып қана қоймай естігенін бойына түйе берген.

Қызығына кіріп кеткен оқырман Нұраның бастауын да біліп қалады. Бүлдіргені балдай жерді де автормен бірге аралап қана қоймай, теріп алып қомағайлана асағандай болады. Дәмі тіл үйірер бүлдіргенді кім жемейді, кім жақсы көрмейді дерсіз?!

Тоқылдақ құрып, түнгі тыныштықты бұзғандар әр ауылда болғанына түйсінесін, сол арқылы барлық елдімекен тығыз байланыста болғанын түсінесін.

Шөп шауып, көпене үймеген бала да кем шығар. Сол уақытта… Шалғыны да сермедік қолдан келгенше. Бұл естелік те Түлкілітау аспанының астында суреттелген.

«Ойпырмай!» дейсің бір тұста. Дәл сенің ауылынды суреттеп жатқандай…

Есейіп ауылдан кеткенше «Түлкілітаудың аспаны» хикаятындағы оқиғалар менің де басымнан өтті ғой. Сіз де осылай жүрдіңіз, күлдіңіз…

Жаңадан келген оқушы қызға бізде ғашық болғанбыз, сіз де ғашық болғансыз.

Повестен бөлек «Ақбөкен жылаған түн», «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» әңгімелері де оқырманды баурап алады.

«Ақбөкен жылаған түн» даланың киесі аталған киікті қорғаған Ерлан Нұрғалиевтің соңғы сәттерін суреттейді. Қарақұстан тиген браконердің соққысы ержүрек азаматтың түбіне жетті.

Әңгімеде шырылдаған шындық көлбеңдейді. Ол Ерланың бауыры Нұрланның атынан айтылған сөздер.

«Неге?» деген сұрақ болғанымен, оған жауап жоқ…

«Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» аттары айтып тұрғандай махаббат, сенімсіздік, алғашқы сезімді сенімді жеткізе білген.

Төленді тынымсыз журналист ретінде білеміз. Еңбектің  адамы. Төленге: «Түлкілітаудың аспаны» атты алғашқы прозалық жинақтың оқырманы көп болсын, артынан бұдан да басқа шығармалар ере берсін» дегім келеді.

Қалам қуаты кетпесін!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Журналистер одағының мүшесі