«Қазақстандағы ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде өзінің бұлжымас қағидалары мен берік ұстанымы, айқын мақсат, байыпты бағыты арқылы көшбасшы партия саналатын «AMANAT» партиясының да жұмыс мазмұны өзгеріп, қоғам мен мемлекет игілігі жолындағы қызметін жаңғыртып үлгерді», – дейді «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының Төрағасы Бекзат Алтынбеков.
Иә, бүгінде «AMANAT» партиясының арқалаған жүгі ауыр. Ықпалды партияның аймақтардағы жетекшілерінің бірі Бекзат Қомарұлымен сұқбаттасқан едік. Оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Бекзат Қомарұлы, жалпы «AMANAT» партиясының жұмысына тоқтала кетсеңіз.
– Кез келген саяси партияның қоғамдық-саяси белсенділігі мемлекеттің саяси жүйесіндегі үдерістерге айтарлықтай ықпал етеді. Партияның саяси күш ретінде кемелдену деңгейі де сол саяси ұйымның қоғамдық мақсат-мүдесіне топтасқан қарапайым халықтың сеніміне өлшем екені әлдеқашан дәлелденген. Демократиялық даму қағидаттарына негізделген партиялық идеология мазмұны бұрынғы жылдарға қарағанда бай мазмұн, салмақты саяси ұстанымға ұмтылуының себебі – осы. Естеріңізге түсіріп көріңіздерші, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы саяси партиялардың қызметі сайлаулар (Президент немесе Парламент сайлауы) қарсаңында ғана жалаң ұран жетегіндегі белсенділікке ғана бейімделіп, жеңістен кейін де, жеңілістен кейін де келесі саяси додаға дейін тынып аққан өзендей бейқам күйге көшетін-ді. Ал, қазір ше?
Қазіргі бәсекелестіктің мазмұны – өзгеше, маңызы – зор. Өйткені, қарапайым азаматтардың саяси белсенділігі артып, демократиялық көзқарасы орныққан. Бұрынғыдай құлай сенетін құрғақ сенімді емес, партиялық бағдарламаның әр бағытына байыппен үңілетін талғамды серік еткен. Сондықтан да, сайлауға дейінгі бағдарлама сайлаудан кейінгі жауапкершілікпен үндеспеген жағдайда халық талғамына шектеу боларлықтай ештеңе қалмайды.
Бүгінгі таңда Қазақстан жаңа дәуір белестерін бағындырып, уақыт талабына сапалы іс, салмақты бастамамен бейімделу кезеңіне қадам басты. Бұл талап әрбір саяси партияға да тарихи жауапкершілік жүктейді.
Елімізде соңғы жылдарда орын алған саяси реформалар саяси партиялар үшін бәсекелестіктің жаңа форматтағы талабы мен халықтың саяси күштерге деген сеніміне де елеулі өзгерістер алып келді. Қоғамдағы қордаланған мәселелер де ең әуелі халықтың талап-тілегі арқылы партиялардың назарына ілігіп, саяси ұйымдардың Парламент палаталары мен жергілікті мәслихаттардағы фракцияларының пәрменімен ресми билік құзырына тікелей жолдана бастады. Бұл жүйе партиялардың арзан бедел үшін емес, нәтижелі жұмыс жүргізуіне оң септігін тигізуде.
Қазақстандағы ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде өзінің бұлжымас қағидалары мен берік ұстанымы, айқын мақсат, байыпты бағыты арқылы көшбасшы партия саналатын «AMANAT» партиясының да жұмыс мазмұны өзгеріп, қоғам мен мемлекет игілігі жолындағы қызметін жаңғыртып үлгерді.
Қазіргі таңда барша қазақстандықтар партия тұғырнамасында баяндалғандай, «AMANAT» Асан Қайғының Жерұйығын, әл-Фарабидің ізгі қоғам идеясын, Абайдың «Толық адам» концепциясын, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеясын, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының ұлы мұраттарын үлгі тұтушы әрі жалғастырушы ұйым екендігіне сенім білдіреді. Сондай-ақ, партиялық дербестігін сақтай отырып, барлық мақсат-мүддесін жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға, тәжірибесі мен қабілетін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған саяси-экономикалық реформаларды табысты іске асыруға бағыттап келе жатқан бірден-бір партия – AMANAT партиясы екендігі іспен дәлелденген.
– Партияның ұстанған бағыты қандай?
– Партияның идеологиялық бағыты – әділеттілік, бірлік және жауапкершілік принциптеріне негізделеді. Бұл құндылықтар азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолында нақты әрекеттер арқылы көрініс табуда. Партияның әрбір жобасы мен бастамасы халықтың сұранысына жауап беріп, ел бірлігі мен мемлекет тұтастығын нығайтуға бағытталған.
Партияның негізгі бағыттары бойынша жүзеге асырған іс-шаралары, партиялық жобалардың орындалуы, қоғамдық қабылдаулар мен партиялық бақылау жұмыстары, жастар мен әйелдер қанаттарының белсенділігі, сондай-ақ өңірлік даму бағыттарын іске асыру бағытындағы Орталық аппарат белгілеп берген негізгі міндеттерді партияның Қарағанды облыстық филиалы қалай орындап жатыр? Мен осы бағыттағы нәтижелі істер тізбегіне тоқталып, қоғам дамуындағы партия үлесі жөнінде аз-кем сөз қозғамақпын.
Халық сеніміне ие болу нәтижелі іс, аманатқа адалдық арқылы ғана мүмкін болмақ. Осы орайда, AMANAT партиясының ары таза деп айтуға әбден болады. Партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде әзірленген ұзақмерзімді Жол картасы бар. Қарағанды филиалының да негізгі жұмыс бағыты осы Жол картасында қамтылған міндеттерді сапалы орындауға лайықталды және ауқымды жұмыстар атқарылды.
– Осы Жол картасының облыста орындалысы қалай?
– Мәселен, сол Жол картасында 2024 жылға жоспарланған 137 тармақтың 115-і мерзімінде орындалып (84%), 6 тармақ (4%) орындалу үстінде (оның да 3-еуі орындалды). Әртүрлі себептермен, 16 бағыт бойынша белгіленген (12%) міндеттер орындалмады. Мезгілінде орындалмаған тармақтардың себептері анықталып, бұл мәселе облыс әкімінің қатысуымен 2025 жылы 11 наурызда өткен кеңейтілген отырыста таразыланып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Облыстық филиал жергілікті бюджеттің жасақталуынан бастап, оның сапалы орындалуына дейінгі кіріс-шығыс қозғалыстың барлығына қатысады десек, артық айтпаған болар едік. Әсіресе, ірі жобаларға бөлінген мемлекет қаржысының әр тиыны – партия бақылауында. Есепті кезеңде партиялық бақылау комиссияларының 110 отырысы өткізіліп, 334 ұсыныс берілді. Жол картасының нысандарына 120 рейд жүргізіліп, 27 нысан партиялық бақылауға қойылды.
– Мәслихаттардағы фракция туралы сөз қозғасақ…
– Партияның жергілікті мәслихаттардағы фракцияларының белсенділігін ерекше атап өтуге болады. Билік пен халық арасындағы ашық қарым-қатынасқа дәнекер болып, елдің мұңы мен аманатына билік назарын аудартып жүрген партия фракциялары 365 ұсыныс қабылдап, оның 359-ы (98%) орындалды.
Баршаларыңызға белгілі, 2022 жылы партияның ішкі қызметінен бастап, барлық функциялары реформаланып, жергілікті әкімдер партия филиалдарындағы басшылық қызметтерін тапсырған болатын. Сол кезде қоғамда «Партияның беделі бұрынғыдай болмайды», «Әкімдер төрағалықтан кетсе, партияның құзіреті бірге кетеді» деген сыңайлы пікірлер айтылған. Алайда, «AMANAT» партиясы өзінің нағыз халықшыл ұстанымын толық дәлелдеп, көшбасышылық миссиясынан айырылған жоқ. Партия белсенділерінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылып жатқан ірілі-ұсақты іс-шаралардың маңызы мен мазмұны қоғамда үлкен серпіліс тудырып, халық сенімі ұлғая түсті.
Қарағанды облыстық филиалының бастамасымен ұйымдастырылған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының (облыс әкімінің қатысуымен) форумы, Партия күні және Алғыс айту күнінен орайластырылып, қоғам белсенділері, блогерлер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен «Ашық есік» күні, елімізде тұңғыш рет барлық деңгейдегі әкімдердің басын қосқан «Қарағанды облысы ауыл әкімдерінің форумы», «ENBEK.BOLASHAQ.DAMU» атты жастар слеті, «Ауыл аманаты» жобасы негізіндегі семинар-кеңесі секілді ауқымды шаралар тек партия төңірегіне топтасқан мүдделестер үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін өте пайдалы алаң болғанын баса айтқым келеді.
Партияның ішкі құрылымдары арасында қалыптасқан өзара бәсекелестіктің де пайдасы зор. Мысалы, облыстық филиалдың мұрындық болуымен ұйымдастырылған «Үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» мен «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқаулары құрылымдар жұмысының мазмұныны арттырып, оларды ынталандыру барысында маңызды шара болғаны белгілі.
Партиялық жобалардың, оның ішінде «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Кітап-AMANAT», «Ұлттық мұра», «Қарызсыз қоғам» секілді төл жобаларымыздың да берері көп. Осы жобалар аясында 1237 іс-шара өткізіліп, оларға 13 351 адам қамтылды.
Осы жобалардың ішінде асықынып тұрған қоғамдық кесел ретінде танылып, Мемлекет басшысының өзі алаңдаушылық білдірген несие торына шырмалғандар тағдыры «AMANAT» партиясының назарынан тыс қалған жоқ. «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында 11 285 адам қаржылық сауаттылық курсынан өтіп, жоспар 125,3%-ға орындалды. Сонымен қатар, «Құқықтық көмек» жобасы бойынша 45 қабылдау өткізіп, 539 азамат өзіне қажетті құқықтың кеңес алды.
– Әділдік, ашықтық барда сенім бар. Осы жағынан қалайсыздар?
– Облыстық филиал жұмысы туралы есепті ары қарай да жалғастыра беруге болады. Жалған ақпар, қисынсыз есеп беруге мүдделі емеспіз. Қарапайым халықпен ынтымақтаса атқарған жұмыстарымыз әлеуметтік желілерде сәт сайын, жергілікті ақпарат құралдарында жүйелі жарияланып отырды.
Биыл Республикалық «Qaisar» патриоттық ойындары Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың қатысуымен Қарағанды облысындағы Спасск әскери-жаттығу алаңында өтті.
Партияның облыстық филиал жанындағы әйелдер қанаты белсенді жұмыс істейді. Екі меморандумға қол қойылды, 3 форум өткізілді, партиялық акция аясында 4 ұйымда сертификаттар («Балаңа уақыт арна») берілді, қайырымдылық акциялар өткізуде.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен ауылдық округ әкімдерінің біліктілігін арттыруға және жобалық ойлауын дамытуға бағытталған «Әкімдер мектебі» жобасы іске асырылуда. Қарағанды облысында 157 ауылдық округ әкімінің 128-і оқудан өтті. Нәтижесінде олар 2025-2029 жылдарға арналған жалпы сомасы 25 640,42 млн теңгеге 804 болжамды перспективалық инвестициялық жоба әзірледі (оның ішінде 173 кооператив). Бұл жобалар ауылдық инфрақұрылымды, қайта өңдеу өнеркәсібін, агробизнесті дамыту бағыттарын, сондай-ақ, сервис және шағын кәсіпкерлік объектілерін құруды қамтиды. Ұсынылған жобалардың түпкі нәтижесі 4 671 жаңа жұмыс орнын құруды, сондай-ақ экономикалық белсенділікке 16 444 жеке қосалқы шаруашылықты (өңірде тіркелген 47 348-ден) тартуды көздейді. Бұл ауыл экономикасының өсуіне және халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға тартудың тұрақты негізін құрайды.
Сонымен қатар, облыстық филиал жанында 9 аймақтық кеңес жұмыс жүргізеді. Кеңестерде басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалып, кеңес мүшелері тарапынынан ұсыныстар беріледі.
– «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы өз жұмысын абыроймен атқаруда, – дейсіз ғой?!
– Иә, «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы 2024 жылы өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, халықтың сенімін ақтауға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды деп түйін жасауға толық негіз бар. Жол картасы, партиялық жобалар, қоғамдық қабылдау, жастар мен әйелдер бастамалары, әкімдердің әлеуетін арттыру сияқты бағыттарда нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Қазіргі таңдағы қоғамдық-саяси жағдайды, ақпараттық кеңістіктегі кері ықпалдар және жастар арасындағы идеологиялық тұрақсыздық тәуекелдерін ескере отырып, біз партияның идеологиялық бағыттағы жұмысын жүйелі түрде күшейтуді көздеп отырмыз.
Алдымызда жаңа межелер мен маңызды міндеттер тұр. Біз ел Президентінің тапсырмаларын, партиямыздың стратегиялық мақсаттарын басшылыққа ала отырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға, әділетті қоғам құруға бар күш-жігерімізді саламыз.
Осылайша, «AMANAT» партиясы еліміздегі жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы, өзгерістер жаршысы болып қала бермек. Бізге халықтың сенімі – қымбат. Ал, ол сенімді меңгеру үшін адал қызмет, жүйелі жұмыс керек. Партия атауында халқымыздың қастер тұтқан «АМАНАТ» ұғымының тұруы бізге зор жауапкершілік жүктейді. Иә, Аманаттың жүгі жеңіл болмайды!
– Журналист болғаннан кейін Сіздер өткізген бірнеше форумға қатыстым. Жоғары деңгейде өтуде. Осы форумдарды неге жиі өткізесіздар?
– Кешегі өткен «Әкелер форумы», одан бұрын ұйымдастырылған «Бастауыш партия ұйымдары төрағаларының форумы», «Әйелдер форумы», «Жастар форумы» сияқты басқа да жиынардың басты мақсаты партияның бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстарымен халықты тереңірек таныстыру. Сонымен қатар, партияның қала ішінде имиджін көтеруге бағытталған. Себебі, біздің партияның беделіне қаңтар оқиғасы нұқсан келтірді.
Қазіргі уақытта партия атқарып жатқан жұмыстар нәтижелі болуда. Бүгінде партияға халық сеніммен қарайды. Ауыл, аудан әкімдерінің сайлауында «AMANAT» партиясы ұсынған кандидаттарға 70 пайыз дауыс беруі осы сөздерімнің дәлелі болса керек. Партия халықпен бірге екенін тағы да айтқым келеді.
– Бекзат Қомарұлы, «AMANAT» партиясының жұмысына сәттілік тілей отыра, бізге уақыт бөліп, әңгіме өрбіткеніңізге рақмет айтамын!
Сұқбаттасқан:
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ