Би – үлкен өнердің бірі. Адам оны тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезініп, түсінетіні ақиқат. Қазақ ұлтының арғы-бергі тарихына терең зер сала отырып, би өнерінің сонау ықылым заманның өзінде-ақ ұлттық өнерінің бірі болғандығын және оның ертеден қалыптасып бүгінгі күнге дейін жібін үзбей жетіп отырғанын білеміз.
Би – тәннің сұлулығын сақтап қана қоймай, жаныңызды тыныштандырып, күйзелістен арылтады, көптеген дерттің алдын алады. Одан бөлек, музыка мидың жұмысын белсенді ете түседі. Ойлау қабілеті даму үшін де адамға қозғалыс керек. Ал, би – таптырмас жаттығу. Онымен қоса, ұжымдық қатынасты күшейтеді. Топтық сабақтар, жұптық жұмыс, адамның әлеуметтік қарым-қатынасын дамытып, оның топта жұмыс істеу дағдысын дамытады.
Ақадыр кентінде жастайынан бимен айналысатын балалар мен жастар саны жетерлік. Мәдени-сауық орталығында, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде, Ә.Ермеков атындағы тіректі мектеп-интернатында, М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беру мектебінде (тіпті бір кездері балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде) биге үйрететін арнайы үйірмелер тұрақты түрде жұмыс жасап келеді. Бүгін біз осы өнерді өмірлік кәсібіне айналдырған Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының хореограф-балетмейстері Балғымбекова Мейіркүл Қуанышбекқызы туралы әңгімемізді өрбітпекпіз.
Мейіркүл Қуанышбекқызы кентіміздің төл тумасы. Әкесі Қуанышбек Бектұрсынұлы облысымызға, ауданымызға белгілі музыкант. Саз өнерінен мектепте сабақ берген. Ақадыр аудандық мәдениет бөлімін басқарған, көп жылдар бойы Ә.Хасенов атындағы өнер мектебінің директоры болған. Белгілі күйші, сазгерлік өнері де бар. Оның жанынан шығарған әндері мен күйлері қазақ радиосынан, теледидардан үнемі беріліп тұрады.
Анасы Қалима Асқарқызы 4 баланың анасы, бүкіл саналы өмірін кәсіпкерлікке және балаларының тәрбиесіне арнаған.
Мейіркүл мектепте оқып жүргеннен бастап би өнерін таңдайды. Кенттегі белгілі «Гүлдер-ай» би ансамблінің белсенді мүшесі болады. Бұл жерде шыңдалып, өнердің қыр-сырын меңгере бастайды. Осы өнерге деген құштарлығы өскенде биші болсам деген арманға айналады. Сол бала кезіндегі арманы ақыры аяғы тоғызыншы сынып бітірген жылы Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы училищесіне оқуға түсуге апарды.
Ұмытпасам, 2005 жылдың жазында мен пойызға мініп Қарағанды қаласына жол жүріп бара жаттым. Бір вагонда Қуанышбек Бектұрсынұлы да болды. Қасында қаршадай қыз баласы бар. Амандық-саулықтан кейін ол кісі:
– Мына Мейіркүл балам көзі ашылғаннан бері бимен айналысып келеді. Биші-балерина боламын деп алдына мақсат қойған. Баланы бетінен қақпай, оқуға түсуге бара жатқан жайымыз бар, – деп еді.
Сол барғаннан биші бала бірден оқуға түсіп кетеді. Теориялық дәрістер училищеде өтетін болса, тәжірибелік сабақтар академиялық музыкалық комедия театрында өтіп жүрді. Бірден ұстаздары Чернова Людмила Максимовна, Зубакина Светлана Александровнаның көздеріне түседі. ІІ курс оқып жүргенінде сол ұстаздарының қолдауымен театрға жұмысқа қабылданады. Жалақысы 25 мың теңге, оның үстіне 1 мың 800 теңге студенттік стипендиясы тағы бар. Осы кезден оның еңбек жолы басталды деуге әбден айтуға болады.
Оқуда да, би билеуде де группалас құрбылары, қарағандылық Жақыпбаева Динамен, жезқазғандық Карабалина Настямен, Осакаров кентінен келген Абдинова Динарамен бірге қызыққа толы студенттік өмірін театрдағы жұмыс күндерімен қатар кешеді. «Аққу көлі» (Лебединое озеро), «Ғажап түн» (Волшебная ночь), «Джазда тек қыздар» (В джазе только девушки), «Шөп үстіндегі ит» (Собака на сене) атты, тағы басқа пьесалар мен спектакльдерде, қойылымдарда билерді нақышына келтіріп орындап жүрді. Айта кету керек, Мейіркүл Қуанышбекқызы жоғарыда аталған мұғалімдерімен да, құрбыларымен де күні бүгінге дейін хабарласып отырады. Әлі де болса солармен ақылдасып, берген кеңестерін күнделікті жұмысында басшылыққа алып жүр.
Төрт жыл өткен соң училищеден «балет әртісі» деген мамандығын алып шығады.
Би өнерін өмірлік ұстанымына айналдырған Мейіркүл Қуанышбекқызы 2009 жылы Алматы қаласына барып, Қыздар педагогикалық институтының «педагог-хореограф» факультетіне оқуға түседі. Бұл мамандық енді билерді ғана емес, сонымен қатар концерттік нөмірлерді, балет спектакльдерін қоюды қамтуға мүмкіншілік береді. Оның басты міндеті – сұлулық пен бірегейлікке толы би композициясын жасау. Бұл оқуды да еңбектен қол үзбей ойдағыдай аяқтап шығады.
Жоғары білім иесі болған биші қыз театрда билеумен қатар Қарағанды қаласындағы «Балдәурен» балабақшасына хореограф мамандығы бойынша жұмысқа тұрады. Енді театр қабырғасында жинаған тәжірибесін бүлдіршін балаларға үйретуге, соларды баулуға салады. Уақыт өте қаланың Оқушылар үйінде де осы мамандық бойынша қызмет атқаратын болады.
2013 жылы өмірдің заңдылығымен ұнатқан адамына кездесіп, екеуі тұрмыс құрады.
Оқушылар үйінде Мейіркүл дарынды балаларды тауып, «Әдемі-ай» ансамблін жасақтайды. Оның қатарына әрқайсысы 20 баладан тұратын 4 топ кіреді. Жас мөлшерлерінің аралығы 5-тен 15-ке дейін.
Жаңадан құрылған ансамбль мүшелері басында Оқушылар үйі ішіндегі, қалалық сайыстарға қатысса, кейін облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатыса бастайды. Алғашқы үлкен жеңістің бірі болып қала шеңберінде ұйымдастырылған «Шаг вперед» конкурсында жеңіп алған Гран-При жүлдесі болады. Сол байқаудан кейін жеңістер бірінен-бірі жалғасын таба береді. Оған куә Астана қаласында өткен республикалық «Ақ Жайық», «Мен жұлдызбын», халықаралық «Бәйтерек» конкурсындағы алған бас жүлделері, бірінші орындары.
Мейіркүлмен арнайы кездесіп сұқбат алғанымда ол өзінің жұмысы, кәсібі туралы ойын былайша жеткізді:
– Бала кезімнен бастап би өнерін қатты ұнаттым. Әкеміз үйде жиі домбыра шертіп, аккордеонда ойнайтын. Арасында ән де салатын. Сол әуендер жадымда жатталып, соларға еліктеп дене қимылдарын жасауға дейін апаратын. Әке-анамның рұқсатымен бастауыш сыныптарда оқып жүргенде би үйірмесіне қатыстым. Құрбыларыммен бірге Ақадыр кентіндегі «Гүлдер-ай» ансамблінің қатарында сан қилы конкурс, байқауларға баратынбыз. Би өнеріне деген құлшынысым Қарағанды қаласына барып, арнайы оқу орнына түсуіме жетеледі. Бұл жерде мен би өнерінен терең білім алдым. Шынын айту керек, академиялық театрдағы спектакльдерде билеп жүргенде мол тәжірибе жинадым. Ұстаздарым да мықты болды. Құрбыларым өзім сияқты өнерге берілген жандар қатарынан болып шықты. Өнерімізге ғашық болдық.
Театрда билеп жүргенімде тұңғыш балама аяғым ауыр еді. Жеті ай толып, декреттік демалысқа шыққанға дейін тоқтамай билеп жүрдім. Би өнері үшін аянбаймын, бар күш-жігерімді саламын, оны ештеңеге айырбастамаймын, – деп жымия сөзін аяқтады.
– Ал енді, осы өнерде жүргенде есіңде қалатындай қандай қызықты сәттер болды? – деген сауалыма:
– Концерттерді қойып жүрген кезімізде әрбір биші өздеріне жүктелген номерлерін орындайды. Сахнаға сценарий бойынша кезектесіп шығып тұрамыз. Бір күні бізбен бірге билеп жүрген Мария деген қыз аяқастынан ауырып қалды. Балетмейстеріміз сасқанынан маған жүгіріп келіп, тығырықтан шығуға көмек беруімді сұрады. «Бұл менің партиям емес қой, қалай көмек бере аламын?» дегеніме қарамай, жанталаса әкетіп барады. Көнбей жатқан маған енді: «Өтірік билесең де, билеп шықшы, әйтпесе құримыз» деп жалына бастады. Сахнаға қалай атып шыққанымды да білмей қалдым. Әлім келгенше ойымнан шығарып, музыка ырғағына келеді-ау деген жалған қимылдарымды жасап жүрдім. Әйтеуір жобасы келіп жатты. Режиссеріміз маған қарап аң-таң, не айтарын білмейді. Қара терге түссем де, сол жолы ауырып қалған әріптесімнің орнына шығып, спектакльді құтқарғаным бар, – деп есінде қалған оқиғаны айтып берді.
Мейіркүл осыдан үш жыл бұрын туған ауылы Ақадырға келеді. Бірден Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығына «балетмейстер – би жетекшісі» мамандығы бойынша жұмысқа қабылданады. Айта кету керек, бұған дейін бұл жұмысты арнайы білімі барлар жүргізіп көрмеген. Оның алдында мәдени орталығында би үйірмесін өмірден мезгілсіз ерте кеткен, өзінің бала кезіндегі сүйікті құрбысы Әкімова Гүлзат жүргізген. «Шах-Нұр» атты би ансамблін де құрған. Көзі кеткен соң, топтың да жұмысы тоқтаған. Жан құрбысы болған Мейіркүл досының құрметіне ансамблдің атауын өзгертпей, оны қайтадан жаңғыртып жұмысын кең көлемде жүргізіп келеді десем, жалған айтқандығым емес.
Қазіргі кезде «Шах-Нұр» би ансамблінің құрамында 120 бала би өнеріне тартылып жүр. Концерттерге қатысуымен бірге түрлі аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауда бақтарын сынауда. Жетістіктері де жоғары. Әлбетте, үйірмеге қатысып жүрген балалар жас шамаларымен құрылған 4 топқа бөлінген. Бұл жерде ансамбль жетекшісі олардың ешқайсысын бөліп жармай, бәрін бірдей конкурстарға қатысуға алып барады. Біреулері өзімен бірге пойызбен барса, енді біреулері жеңіл автокөліктерімен, немесе автобуспен ата-аналарымен қоса аттанады.
Қарағанды қаласында өткен облыстық байқауда бүкіл топтар алдыңғы қатардан көрінген. Бір би топтары «Гран-Приге» қол жеткізсе, басқа топтары бірінші орынды иеленген. Осы құраммен олар Астана, Алматы қалаларына да барған. Бұл жерде 4 «Гран-При», бір «ВИП Гран-при» жүлделерін ұтып алған. Бір сөзбен айтқанда, барлық жерде тек жеңіс тұғырынан көрінуде. Әрбір топ екі биден дайындап апарады. Олардың орындауындағы «Томирис», «Сон», «Париж», «Африка», «Сладкоежка», «Молодые жизни», «Мен қазақпын», «Тентегім», «Қазақ билерінен поппури», «Жапон биі», «Испан биі», «Лезгин биі», «Өзбек биі», «Ұйғыр биі», «Қуыршақ» және тағы басқа билері қазылардың ризалығы мен ыстық ықыласына бөленіп жүрді.
Ансамбль мүшелері еліміздің үлкен қалаларына барған сайын сол жақтардың әдемі жерлерін, табиғи көріністерін тамашалауға уақыттарын бөліп жүреді. Өйткені ондай шаралар балалардың ой-өрісін кеңейтуге, табиғат мәдениетін қалыптастыруға, еліміздің тарихи жерлерін көріп, оларды дәріптеуге көп пайдасын тигізеді. Бүгінгі таңда жас бишілер Түркістан қаласында өтетін халықаралық конкурсқа баруға дайындық үстінде. Балалардың ата-аналарымен ақылдаса келе, ол жаққа барғанда да бірер күндерін Түркістандағы және оның маңайындағы тарихи жерлерге зиярат жасауды жоспарлап отыр.
Мейіркүл Қуанышбекқызының еңбегі қашан да болсын еленіп келеді. 2019 жылы Қарағанды қаласында жұмыс атқарып жүргенде «Үздік педагог» аталымын жеңіп алған. Қалалық білім беру бөлімінің алғысхатына ие болған. Шет ауданы, Ақадыр кентіндегі жұмысы үшін «Үздік мәдениет қызметкері» аталымымен, аудан және кент әкімдерінің Құрмет грамотасы және Алғысхатымен марапатталған.
Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының директоры Бесимов Нұржан Тұрсынұлы өзінің қарамағындағы маманының қызметіне:
– Әділін айту керек, осы жұмысқа Мейіркүл Қуанышбекққызы келгелі би өнері кентімізде қайта жаңғырып, жастар арасында қызығушылық оятып, олардың үйірмелерге көптеп келуіне жол ашты. Әрбір би топтарының мерекелік концерттерде сахнаға шығып, көрермендер алдында мың бұралып орындаған билері еркін қойылып, көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Ансамбль бишілері республикамыздың әрбір жерлерінде өтетін түрлі сатыдағы конкурс, байқауға қатысып, кентіміздің ғана емес, ауданымыздың, облысымыздың атын шығарып жүр, – деп өз бағасын берді.
Осыдан бірер жыл бұрын Ақадыр кентінің 85 жылдық мерейтойына орай мерекелік шаралар ұйымдастырылған болатын. Көзделген шаралардың ішінде теміржолшылар саябағының ішіндегі стадионда көптеген бишінің қатысуымен театрландырылған көрініс (массовка) жасау керек болды. Онсыз қай жақта болсын, мерекенің сәні кірмейтіні баршамызға аян. Бірақ, шаралардың бұл тармағы қаражаттың жетіспеуіне байланысты орындалмауға шақ тұрды. Оны орындау үшін Қарағанды қаласынан арнайы маман шақырып, 350-400 мың теңге төлеуіміз қажет болған. Мәдени орталығының директорына телефон шалып:
– Нұржан Тұрсынұлы, неге біз сырттан маман шақырып, оған жетпей жатқан қаражаттан төлеп, стадиондағы көріністі жасауымыз керек? Өзімізде сол істің нағыз маманы Мейіркүл Қуанышбекқызы бар емес пе? Үш мектебімізде 2 мыңға тарта оқушыларымыз да жеткілікті. Таңдап алуға оқушыларымыз жетеді. Сол маманыңа сенім артайық, сырттан ешбір маманды шақырудың керегі жоқ сияқты, – деген ұсынысымды айттым. Орталық басшысы бірден келісе кетті.
Сол жолы Мейіркүл Қуанышбекқызы өзіне артылған сенімді артығымен ақтап шықты. Бір ай бұрын жұмысын жүргізе бастады. Жүздеген бала қатысқан театрландырылған көрініс мерекелік шаралардың ашылу салтанатына тамаша көрік беріп, жиналған бірнеше мың ақадырлықтардың, кент қонақтарының көңілінен шықты. Тойшыл қауымына ерекше бір мерекелік көңіл-күй сыйлағаны анық еді.
Мейіркүл екі баланың анасы. Үлкен ұлы Әлихан 11 жаста, қызы Медина 9 жаста. Екеуі де мектеп оқушылары. Медина да өнер жолында алғашқы қадамдарын жасап келеді, сурет салумен шұғылданады.
Бүгін біз би әлеміне саяхат жасадық. Осы мамандықтың, өнер саласының пайдалы жақтарын тізбектеп айтып шықтық. Сонымен бірге жергілікті би маманының жетістіктеріне, жеткен шыңдарына дейін тоқталдық. Біле білсеңіз, биші болу, осы өнерде ұстаз болу оңай жұмыс емес. Бұл өнер қыруар еңбекті, шыдамдылықты, жігер-талапты керек етеді.
Мұның барлығы – би өнерінің шыңына ізденістің баспалдағымен жеткен би өнерінің саңлағы, ақадырлық Балғымбекова Мейіркүл Қуанышбекқызының еңбегіндегі қалыпты құбылыстар. Мамандығына шын берілген биші ұстазға алдағы уақытта да сәттілік тілейік. Өнердің биігінен көре берейік!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті