Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті дәстүрлі «Карьера Start» бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді.
Шараға университеттің 3-4-5 курс студенттері, жалпы 1500-ден астам адам қатысты. Ашылу салтанатында университеттің аппарат басшысы Аристотель Исагулов сөз сөйлеп, оқу орны Орталық Қазақстандағы техникалық білімнің көшбасшысы болып табылатынын және сұранысқа ие мамандар даярлайтынын айтып, студенттерге сәттілік тіледі. Қарағанды облысының Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Нұржан Сыздықов іс-шара техникалық мамандарға қажет кәсіпорындар мен мекемелерді біріктіргенін атап өтті.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастардың болашақта жұмыс табу мүмкіндіктерін кеңейтуге және жұмыс берушілермен тікелей диалог орнатуға бағытталған. Өңірдің 90-ға жуық жетекші компаниясы, сондай-ақ ұлттық және халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер өз бос жұмыс орындарын ұсынып, қатысушыларға қажетті ақпарат беріп, тағылымдамалық бағдарламалар және мансаптық мүмкіндіктермен таныстырды.
Шараға Тау-кен, Сәулет-құрылыс, Металлургия және машина жасау, Энергетика, автоматтандыру және телекоммуникациялар, Көлік, логистика және инженерлік экономика факультеттерінің студенттері қатысты. Жастар сұранысқа ие жұмыс орындары туралы ақпарат алып, шарттарын талқылап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
«Карьера Start» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі оқу орны мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, түлектерді жұмыспен қамтуға ықпал ететін маңызды алаң болып табылады.
Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің баспасөз қызметі Байланыс, тел.: +7 777 483 91 18
