Білім мен біліктіліктің ұштасқан ұясы

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін тәмсілді білгенімізбен, оны өмірімізге қолдануға келгенде ұятты екеніміз рас. Содан барып дәрігерді төңіректеп, ақырында ауруханаға барып түсеміз. Ем-шара алу барысында дәрігерді күніне бір рет көреміз, ал мейірбике 24 сағат науқастармен бірге. Олардың жұмысының ауыртпалығын адам баласының басына бермесін. Мазасыз науқастар, ауруы жанына батқан  науқастардың тыным бермейтіні тағы бар. Басқа жерлерден шақыртулары бар, әйтеуір зыр жүгіреді де жүреді. Арасында компьютер столына отырып, жазу жазып кетеді. Таңертең және кешке науқастардың температурасы, қан қысымы және салмағын өлшеу, ішетін дәрісін тарату, дәрігердің берген ем-шарасын орындау жұмыстарын тыңғылықты орындау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мейірбикелердің тынымсыз жұмыстарына қарап отырып жаның сүйсінеді, біліктілігіне, өз мамандығын терең меңгергендігіне, науқастың тез айығып, қалпына келуі үшін қолынан келген медициналық көмектің бар түрін қабақ шытпай, ренжімей жасағанына риза  боласың.

Сонымен мейірбикелер дайындайтын «Қарағанды жоғары медициналық интерколледжі»  ЖММ оқу орнына жол тарттық.

Колледж табалдырығын аттаған сәтте, К. Станиславскийдің «Театр киім ілгіштен басталады» деген қанатты сөзінің еске түсе кеткені. Күн борасындатып, қанша жылы киінгеніңмен, ұйтқыған жел денені тоңазытып жіберген-ді. Кірген сәтте қазақтың саманнан салған жылы үйіне кіргендей әсер алдым, алдыдан соққан жылы леп жүйкені де тыныштандырғандай әсер қалдырды.  Танымаса да жапырлай амандасқан студенттер қауымына алғысымды айттым.

Интерколледждің бас директоры Аманжол Нұрбеков аға кабинетінде екен. Келген шаруамның мән-жайын білгеннен кейін оқу орны жөнінде еш мақтансыз мағлұмат берді. Халықаралық стандарттарға бағдарланған сапалы білім берумен шұғылданатын оқу орны денсаулық сақтау саласының маңызды мәселесінің бірі жоғары білімді мейірбикелерді дайындайды. Оларды оқытуға жоғары білімі бар маман оқытушылар тартылған. Бүгінгі күні ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, бәсекеге қабілетті маман даярлау ісі қатаң нарық жағдайында үлкен жауапкершілікті, білімпаздықты қажет етеді. Тиянақты біліммен қоса, ұлттық идеологияны насихаттайтын тәрбие жұмысы қатар атқарылуы керек. Біздің ойлағанымыздай, бұл істің бәрі өз мәнінде атқарылып жатқанының куәсі болдық. Интерколледждің құрылтайшысы Таутан Жарикпасова — «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иеленген, жарты ғасырлық педагогикалық өтілі бар, жоғары санатты тарих пәнедерінің мұғалімі.  10 жыл бойы Қарағанды облысының білім басқармасының әдістемелік қызметінде техникалық және кәсіптік білім беру саласы бойынша қызметістеген ұлағатты ұстаз. Өткен жылы өткен ұстаздар мерекесі құрметіне Қарағанды облысының білім беру саласының «Құрметті педагогы» атағымен марапатталуы көп жағдайды аңғартса керек. Ол кісінің бастамасымен, қолдауымен көптеген жарқын істердің қолға алынғанын, әр бастаманың халықтық педагогика тәсілдерімен астасып жатқанын оқу орнының ұстаздары еш боямасыз тілдеріне тиек етті.

Интерколледж директоры Ә. Блялова – жас  ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген, тәлімгерлігі көпке үлгі-өнеге боларлық еңбекқор басшы. Студенттерді білім нәрімен сусындатып, оқу процесінде жаңашылдық пен кәсібилік танытқан Кенбаева А.А., Абеуова Ж.Б., Анзабеков М.Н., Калита В.В., Байтасова А.А., Байдуйсенова М.К., ДжумашеваА.Б., Гайнулина М.С., Имашева Б.С., Кардапольцева И.С., Азимбаева Ф.О., Карибаева А.Ш. сынды қызметіне адал, еңбекқор жандарды ұжымның мақтанышы деп айтуға болады.

Оқу процесінде көрнекі құралдарды, оның ішінде медициналық манекен (муляж) кеңінен қолданылатын болып шықты. Қай оқу кабинетіне кірсеңіз де, адам ағзасына байланысты бірнеше манекенмен жабдықталғанын көресіз. Оқу орнының тәжірибе ісі бойынша директордың орынбасары Спанбетов Сайлау Ермекұлы оқушыларды білім нәрімен сусындатқан, жаңа жетістіктерді бағындырған оқытушылар жайлы айта жүріп, оқу кабинеттеріндегі манекендермен жұмыс істеу тәсілі жайлы ұғынықты анықтама беріп, өз ісінің білгірі екенін көрсетті. Сайлау Ермекұлының айтқандарына бас шұлғи отырып, ойшыл Абайдың: «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» дейтін өлең жолдары ойға оралды. Осыдан елу жыл бұрын бұл жағдайдың бірі де жоқ еді. Бір сөзбен айтқанда, студенттер үшін білім алуға барлық жағдай жасалған. Сабақ барысының теориялық негіздері практикамен ұштасқанда, студенттер үшін көп пайда екендігі кімге де болса  түсінікті болары анық.

Студенттердің білім алсам, білгенімді жетілдірсем деген оң талабының куәсі болдық. Оқу кабинеттерін аралау барысында мұғалімнің оқушыдан жеке емтихан алып тұрғанын көріп, қызығушылықпен:

– Үлгермей жүрген студент пе? – деп сұрадық.

– Қосымша дайындалып, бағасын көтеру мақсатында қайтарма емтихан тапсыруға сұранған студент – деген жауапты естіп, дұрыс жолдағы жастардың өсіп келе жатқанына көңіліміз марқайды.

Кәсіби білікті ұстаздардың ғылыми-педагогикалық жетістіктерін насихаттау дұрыс жолға қойылған. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының Ж.Тлеулин атындағы жоғары медициналық колледжінде ұйымдастырылған Республикалық оқу бейнефильмдер конкурсында арнайы пәндер оқытушысы Анзабеков Мирас Нұрланұлы «Практикалық дағдылар бойынша үздік оқу бейнефильмі»номинациясын жеңіп алған. «Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы» облыстың колледждері арасында кәсіптік бағдар беруге байланысты «Талапкер-2024» облыстық байқауын өткізді. Байқауға оқытушы М.Анзабеков қатысып, «Қарағанды облысында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді талап ететін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың тұсаукесері» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды иеленді.

Интерколледждің тағы бір арнайы пәндер оқытушысы И. Худик «Талдықорған жоғары медициналық колледжінде» өткізілген республикалық «Гигиена және эпидемиология» мамандығы бойынша оқытушылар олимпиадасына қатысып, III дәрежелі дипломға ие болды.

Спорт пен оқу – егіз. Спорт пен оқу жастардың өмірінде әрқашан өзара байланыста болуы керек.   Интерколледж ұжымы студенттерге тек білім берумен шектеліп қалмаған екен, денсаулықтың басты кепілі спорт мәселесіне ерекше көңіл бөліп, бос уақытта турнирлер өткізіп, тіпті басқа елді мекен оқушыларын жолдастық кездесуге шақыртатын болған. Сонау 300 шақырым жердегі Қарқаралы ауданының Балқантау ауылы мектебі оқушыларымен арада болған волейбол турнирі ерекше әсерлі болды. Ауыл балалары оқу орнының тұрмыс-тіршілігімен танысып, заманауи жабдықталған кабинеттерді тамашалап, колледж жайлы бейнебаян көріп бір марқайып қалды. Директордың берген сыйлығына рахметтерін айтып, оқу орнына деген қызығушылықтары артып, осыдай жылы шырайлы қабылдау көпке дейін естерінде сақталғаны анық-ты. Студенттердің республика көлеміндегі жарыстарға қатысып, абырой биігінен көрініп жүргенін мақтанышпен айтуға болады. «Емдеу ісі» бөлімінің екінші курс студенті А.ЖамановҚостанай қаласында өткен кикбоксингтен ҚР чемпионатында «К-1 бөлімінде 86 кг салмақ дәрежесінде» бірінші орынға ие болып, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Спорт және денешынықтыру істері комитетінің дипломымен марапатталып, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды.

Колледж бітіріп, еңбек майданында зор табысқа жетіп жүрген түлектермен кездесу өткізу студенттерді өмірге құштарлыққа тәрбиелейтіні сөзсіз. Осы колледждің түлегі, Қарағанды медицина университетінің студенті, жеке кәсіпкер А.М.Кәкеновамен болған кездесу де студенттерді жаңаша ойлауға негіздеп, өмірге деген көзқарастарын бекемдеуге үлес қосқаны рас. Жас кәсіпкер дәріс оқып, медицина саласындағы білім алуды жеке бизнес жүргізумен үйлестіру тәжірибесімен бөлісті. Қазіргі жағдайда мұндай әріптестіктің пайдасы ұшан-теңіз болмақ.

Студенттер арасында ғылыми және практикалық қызығушылықты ынталандыру, денсаулық сақтау мен медициналық практиканың өзекті мәселелерін шешудің инновациялық тәсілдерін іздестіру мақсатында жоспарлы ғылыми-практикалық конференциялар өтіп тұрады. Іс-шара барысында студенттерге өздерінің шұғылданып жүрген ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұсынуға мүмкіндік беріледі, медицина ғылымы мен практикасындағы соңғы тенденциялар мен жетістіктер жайлы жете танысуға жол ашылады.  Сондай конференцияның бірі былтырғы жылы «Медицинадағы инновациялар: теориядан практикаға» тақырыбында өтті. Ғылыми жетекші С.Н.Кашинаның жетекшілігіндегі «Педиатр» үйірмесінің СД 211Б тобының студенттері Н.Бабурина мен Т.Сыздықова жеңімпаздар деп танылып, Гран-приді жеңіп алды. Конференция студенттердің ғылыми диалогы негізінде еркін пікір алмасу аясында өтті.

Үздік оқу орнында қалыптасқан жақсы бір іс-шара — «Мейіргер күніне» байланысты жыл сайын өтетін  дәстүрлі  «Мейіргер ісі негіздерінің үздік білгірі» атты байқау. Көрнекті тұлға, ағылшын азаматшасы Флоренс Найтингейльдің құрметіне арналған мейірбикелер конкурсы адамдарға қызмет етудің озық үлгісі мен халықаралық мейірімділікті насихаттау болып табылады. Осындай игілікті істердің басы-қасында бас директор А.Н.Нұрбековтің жүруі көп нәрсені аңғартса керек.

9-10 сынып оқушыларына мамандық таңдау туралы түсінігін кеңейту, мамандық таңдауға ықпал ету мақсатында «Кәсіптер жәрмеңкесін» ұйымдастыру дәстүрге айналған. Интерколледж оқытушылары М.Н.Анзабеков пен М.Р.Байбалина Осакаров ауданының білім беру ұйымдарында болып, оқуға түсу ережелерімен таныстырды, оқытылатын мамандықтар жайлы, оқу мерзімі, түсу шарттары туралы ақпараттар берді. Екі жаққа да берері көп бұл шара ауданның білім бөлімімен келісе отырып жасалды.

Интерколледж ұжымының шынайы адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін жұмыстарының бірі – волонтерлік қызмет. Ол «Қамқор» жобасын іске асыру аясындағы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша жүргізіліп келеді. Студенттер «Благодать» қарттар үйін қамқорлыққа алған. Көңілі жарым жандарға жылу сыйлап, мерекелік концерттер беру дағдыға айналған. Жыл сайын мекеме есебінен қарттарды түрлі сыйлықтармен, азық-түлікпен, тұрмыстық заттармен қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылған. Осындай игі істер студенттер қауымын мейірімділікке, әлеуметтік жауапкершілік сезімін қалаптастыруға әсер етері сөзсіз.

Медициналық білім негіздерін жете меңгерген студенттер облыс көлемінде өтіп жататын мәдени шаралардан да қалыс қалған емес. Таяуда Саран қаласының Мәдениет үйінде «Достық әнін шырқайды жастар» атты XIII облыстық ұлттық мәдениеттер фестивалі өтті. Оған екінші курс студенті С.Маратова қатысып, қырым татарларынан шыққан украиндық әнші Джамаланың «1944» атты терең мағыналы әнін шырқады. Үш тілде шырқалған ән көрермендер мен қазылар алқасының көңілінен шығып, орындаушының әні жоғары бағаланып, арнайы сертификатқа ие болды.

Қаладағы М.О.Әуезов кітапхана филиалында «90 жылдыққа – 90 кездесу» жобасы аясында ҚР журналистер одағының мүшесі, «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы Ә.Жұмановпен кездесу кеші өтті. Кездесуге интерколледж студенттері қатысып, өздерін толғандырып жүрген мәселелер мен журналистің өмір жолы, шығармашылығы жөнінде  сұрақтар қойып белсенділік көрсетті.

Қарағанды облысының колледждері арасында XX ғасырдағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Қ.Аманжоловқа арналған дәстүрлі шығармашылық байқау өтті. Байқауда интерколледждің СД209А тобының студенті Тельман Дәриға «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» бағыты бойынша бірінші орынды иеленіп, арнайы дипломмен марапатталды, «Қасым» журналы мен ақын Кәмшат Бауыржанқызының «Сен және мен» кітабы сыйға тартылды. Жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Қабылова Перизат Төкенқызы. Өткізіліп жатқан мәдени шаралар тізбегін әрі қарай жалғастыра беруге болады.

Интерколледж 2016 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде  8 мамандық бойынша 1656 маман , оның ішінде 289 мейіргер ісі бакалаврларын дайындап шығарды. Оқу бітірген түлектердің көпшілігі колледждің медициналық ұйымдар мен әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыс орнатылғанның нәтижесінде 92 пайызы қалалық және облыстық емханаларда,  мамандандырылған медицина ұйымдарында, жекеменшік емханаларда, № 2 салалы ауруханада, Мақажанов атындағы облыстық көпсалалы ауруханада жұмысқа орналастырылды. 2023-2024 оқу жылында 1 курсқа 630 студент қабылданды. Оқу орнының әлеуеті жыл сайын артып келеді. 2025 жылы төмендегідей 8 бағдарлама бойынша оқуға қабылдау жүргізілмек: Фармацевт. Фельдшер. Медициналық зертханашы. Тіс технигі. Жалпы практикадағы мейіргер.  Акушер.  Гигиенист –эпидемиолог. Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры.

Интерколледж Англия, Чехия, Ресей, Тәжікстан мемлекеттеріндегі медицина ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған. Қарағанды облысы мен ТМД мемлекеттеріндегі медицина колледждерінің клиникалық базаларымен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. Мамандандырылған оқытушылар қауымы өз білімдерін үздіксіз жетілдіруде, білім берудің жаңа технологияларын қолдана отырып, жақсы жетістіктерге жетуде. Атақты педагог К.Ушинскиидің: «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі жойылады» деген ұстанымы интерколледж оқытушыларына арнап айтылғандай.

Оқу орнын 2018 жылдан бері ұлағатты ұстаз, тәжірибелі басшы Аманжол Нұрбекұлы Нұрбеков басқарып келеді. Медицина саласындағы басшылық өтілі — 43 жыл. 30 жыл Балқаш қаласындағы медицина училищесіне басшылық жасады. 17 жыл Қарағанды медицина колледжін басқарды. Біліктілігі жоғары деңгейдегі, жоғары санатты арнайы пәндер оқытушысы, Қарағанды қаласы бойынша халық денсаулығын қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі, ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты. Қарағанды Мемлекетаралық кеңестің шешімімен «Ең үздік адамдар», Білім беру ісінің үздігі»  атағын иеленген. «Жылдың үздік менеджрі-2016» ұлттық сертификатының иегері. «Мейірбике ісі – сестринское дело» журналының бас редакторы, республикалық әдеби-қоғамдық «Қасым» журналының ақылдастар алқасының мүшесі. Аманжол Нұрбекұлын өлке тарихы да бей-жай қалдырмады, тарих тұңғиығында батып жатқан «Боқты көтерілісі» жайлы зерттей жүріп, кітап бастырып шығарды. Өлкетанушы Ю.Г.Поповпен тығыз шығармашылық байланыста болды, ол кісімен ең соңғы рет тілдескен де А.Н.Нұрбеков еді.

А.Н.Нұрбековтің қарауындағы медицина мекемесінде жабдықталған 28 оқу кабинеті, 3 лаборатория бар. Білікті профессорлық-оқытушылар құрамы білім берудің жаңа технологияларын енгізу арқылы жоғары сапалы білім берумен айналысады. Оқу орнының жақсы жабдықталған материалдық-техникалық базасы студенттердің сапалы білім алуына, таңдаған мамандығын еркін игеріп шығуына толықтай жауап береді. Сөзімізді қорытындылай келе, А.Н.Нұрбеков басқарып отырған интерколледж медициналық және фармацевтикалық білім беру мамандарын даярлау және қайта даярлау саласындағы жетекші орындарды иеленіп отырғандығын сеніммен айта аламыз.

Аңғар СМАҒҰЛ,

Журналистер одағының мүшесі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *