Әкем аударманы көбіне тапсырыспен емес, өз таңдауы, қалауы бойынша жасайтын. Ұнатқан шығармасын маған айтқанда, мен оны Гоголь атындағы облыстық кітапханадан әкеліп беретінмін. Ал Буниннің шығармасын мен интернеттен шығарып берген соң, оны «Зұлматты күндер» деген атаумен аударып шықты. Осы шығарманы аударғанда Бунинмен бірге қиналып, шаршағандықтан, бір күнде жүрегінен алты рет қысылып, жедел жәрдем уақтылы жетуінің арқасында аман қалды. Одан кейін 1901 жылдан бері беріліп келе жатқан Нобель сыйлығын 2014 жылы алғаш рет журналист Светлана Алексиевич алғанда, өзі тәржімәлап отырған 82 жастағы нобелиант Э.Э.Манроның новелласын қоя салып, маған Алексиевичтің кітабын алдыртты. Ол екі повестен тұратын жинақ екен. «У войны не женское лицо» деген повесін «Соғыстың сұрқы әйелге жат» деген атаумен аударғанда да әйелдердің бастан кешкен мехнатын жүрегімен қабылдап қатты қиналды. Соның әсері ме, әлде жазу солай болды ма, әйтеуір ауыр сырқатқа шалдығып, 2016 жылы әкем қайтыс боп кетті.
***
Әкем домбырамен ән айтатынын білмеуіңіз мүмкін. Әсіресе, халық әндерін тамаша әуелететін. Өзінің ерекше қағыстары болатын, ең сүйіп айтатыны «Ақылбайдың әні» еді. Кейін шыққан әндердің де естілерін, әсіресе Қасымның әндерін жақсы көретін. Ағаштан түйін түйді деп айта алмаймын, бірақ қолының да әр нәрсеге ептілігі бар еді. Домбыраға тиек жасаудан ләззат алатын. Талғамы биік, бекзат болмысты болатын. Ешкімге кек сақтап жүрмейтін, ұнамаған қылықты табан астында қатты айта салады, бірақ онысын өзі ұмытып та кетеді. Сәл нәрседен мұңайып, зәредей жақсылыққа көңілдене салатын.
«Әу» демейтін қазақ жоқ қой. Соның ішінде біздің рулас туысымыз, Сайдалының Олжа тармағынан тарайтын Қайрат Байбосыновты мақтан тұтып жүреміз. Сол Қайратпен біз Жаңаарқада көрші тұрдық. Ол мектепте оқып жүрген кезінен бастап көзге түскен екен. Дарынды балаларды ауыл-ауылдан жинап жүрген Жүсіпбек Елебеков райкомға келгенде ол кісіні Қайраттың үйіне ертіп апаруға қасына әкейді қосып береді. Жүсекең бұйымтайын айтқанда Торша шешесі қаршадай баланы, ұлдың үлкенін айдаладағы Алматыға жіберуге қимай жылапты. Сонда Жүсіпбек Елебеков: «Шешей, өз баламдай етіп тәрбиелеймін, маған сеніңіз. Мұндай дауысы бар, талантты өсіру қажет» деп, ақыры келісімін алады. Біз консерваторияға түскенде әкей: «Қайрат ағаларыңды тауып алып, сәлемдесіңдер» деп еді, «біз Маралдың баласы едік» деп кабинетіне баруға ұялдық. «Қайрат пен оның жан досы Жәнібектің бағы ашылуы Жүсекеңнің арқасы» деп отыратын әкем.
Аудармашының ұлы Дастан Маралдың естелігінен