БІР КІСІДЕЙ ЖҰМЫЛЫП, БІРГЕ ТАҢДАУ ЖАСАЙЫҚ

6 қазан – ел тарихына маңызды күндердің бірі ретінде жазылатыны анық. Атом электр станциясын салуды немесе салмауды таңдауды халықтың өз еркіне беру арқылы Мемлекет басшысы көрегендігін көрсетті. Әрине «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» кез келген ауқымды бастама жалпыұлттық деңгейде шешілуге тиіс. Яғни халық бір кісідей бірігіп, болашақ даму бағытын айқындау мүмкіндігіне ие болып отыр. 

Атом электр станциясының құрылысы былтырдан бері біздің қоғамда қызу талқыланып жатыр. Түрлі деңгейде конференциялар, жиындар мен форумдар өткізілуде. Бұл жерде құрылыс мәселесі жан-жақты талқыланып, ашық пікірлер айтылуда. Саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар атом электр станциясының пайдасы мен зиянын жеке-жеке қарастыруда. Қоғам әрине сол мамандардың пікіріне құлақ асқаны жөн. Сол арқылы өз ұйғарымын жасап, шешім қабылдауға міндетті.

Қазір энергетика саласының басы-қасында жүрген мамандар елде энергия тапшылығы барын айтады. Және бұл тапшылық болашақта күшейіп, соны салдарынан экономикамызға нұқсан келуі мүмкін дейді олар. Ал атом электр станциясы осы кемшіліктің, кем-кетіктің орнын толтырады екен.

Біздің халық – атом бомбасының зардабын көрген халық. Кеңес өкіметі Семей полигонында елу жыл бойы жарылыс жасады. Сол төңіректегі мыңдаған адам ғасырлар бойы мекен болған атақонысынан айырылып, үдере көшті. Өзендер мен көлдер уланып, топырақ тозды. Ол полигонның жабылғанына 30 жылдан асты. Бірақ Үкімет әлі күнге дейін сол полигонның зардабын жоюға күш салып отыр. Сондықтан полигоннан көрешекті көрген халықтың атом электр станциясын да үреймен қабылдайтыны заңды.

Алайда ғалымдар атом электр станциясының қоршаған ортаға зияны болмайтынын айтып отыр. Олардың сөзіне сенсек, ауаға, суға зиянды қалдық тарамайды. Суды пайдалану мөлшері де өте төмен екен. Бір ғалымнан естігенім, станцияның бір жыл бойы жұмыс істеуіне, Балқаш көлін мысалға алсақ, көлдің айдынынан жыл бойы буланатын судың 0,03 пайызы ғана қажет. Бұл – аз көлем екені сөзсіз.

Атом электр станциясын кез келген ел тұрғыза бермейді. Бұл үшін үлкен күш-қуат, ресурс пен білім қажет. Қарап отырсам, әлемдегі бақуатты, қуатты елдер ғана АЭС тұрғызып, соны пайдаланып отыр. Бір жағынан атом электр станциясы елдің даму деңгейін айқындайтын жоба деп те айтуға болады.

Қалай десек те, атом электр станциясының салынуы немесе салынбауы – халықтың еркіндегі таңдау болмақ. Сондықтан бұл іске бей-жай қарамауымыз қажет. АЭС құрылысын қолдамаймын деп үйде жатуға болмайды. Қарсы адам да, қолдаған адам да сол күні сайлау учаскесіне барып, дауыс беруі қажет. Неғұрлым көп адам барсақ, халық қалауының соғұрлым шынайы келбетін көре аламыз. Референдумға біріміз қалмай атсалысайық. Ұлттық мәселені шешуге бір кісідей жұмылып, бірге таңдау жасайық, ағайын!

Қайрат КЕМАЛОВ,

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *