Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының «Әділетті Қазақстанның құндылықтары – сараптамалық қауымдастықтың ғылыми және тәрбиелік іс-әрекетінің басты бағыты» атты тақырыбында кеңейтілген отырысы Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде өтті.
Жиынға ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, ЖОО ҚХА кафедраларының меңгерушілері, өңіріміздің этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және университет ғалымдарымен студенттері, сонымен қатар Астанадан арнайы келген Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев қатысты.
Кеңейтілген отырыстың мақсаты – жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім, ішкі тұрақтылық пен этносаралық қатынастардың, мәдениетаралық диалог пен толеранттық көзқарастардың ілгерілеу.
Шараны Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын тізгіндеді. Алдымен Алғыс айту күні қарсаңында жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Өңірімізде бейбітшілік пен ынтымақтастықты сақтау бағытында жүрізіліп жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша баяндады. Белгіленген баяндамашыларға сөз берді.
Кездесудің құрметті қонағы Ғалымжан Махан Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпы республикада жасалып жатқан істері үкімет назарында екендігін айты. Қоғамдық келісім мен жалпыұлтық бірлікті нығайту жолында сарапшылардың жұмыстарына тоқтап, алдағы жоспарлармен таныстырды. Сөз соңында Қарағанды облысындағы ұлтаралық бірлікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
Шара барысында облыс ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский сарапшылармен «Бейбітшілік пен келісім жолымен» экспедициясы, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» халықаралық конференция, мемлекеттік тілді еркін меңгерген этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін танымал ету мақсатында «Қазақтану» лекторийі, «Елтану» тарихи-ағартушылық экспедициясы тағы да басқа жоба жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізіліп тұратынын айтса, «Полония» Қарағанды облыстық поляк қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виталий Хмелевский Қарағандыда тұрып жатқан поляктардың атынан қазақ еліне алғыс айтты. Бұл баяндамашыға қонағымыз Ғалымжан Махан сұрақ қойды.
– Біздегі ақпарат бойынша Польша үкіметі әлемге тарыдай шашыраған қандастарын елдеріне қайта шақырып жатыр, тіпті арнайы бағдарламалары бар. Көп елдерден оралып жатыр екен, тек Қазақстанның поляктары туған елдеріне оралғылары келмейді. Неге деп ойлайсыз?
Оған қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қазір Қазақстанда поляктардың бесінші ұрпақтары тұрып жатыр. Олар өз Отанның Қазақстан деп санайды деді. Жауабына қанық болған мейман ризашылығын білдіріп алғыс айтты.
Келесі баяндамашы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі Мути Махаев биыл шешен-ингуш халқының жер аударылып Қазақстанға келгендеріне 80 жыл болғандығын айтты. Ол «Сүйегім шешен болғанымен жаным қазақ» деді. Осылайша Мути қазақ тілін ерекше сүйетіндігін білдіріп, жиналған жастарды мемлекеттік тілді жетік меңгеруге шақырды.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының кеңейтілген отырысын қорытындылай келе, бүгінгі тез өзгеріп жатқан құбылмалы заманда, дүрбелеңге толы дүниеде ел бірлігі басты байлық. Ал жастардың білімі мен біліктілігі, тәлімі мен тәжірибесі, парасаты мен пайымы маңызға ие екендігі айтпаса да түсінікті. Ең бастысы, әр азаматтың жүрегінде ұлттық құндылық жөргектелуі тиіс. Еліңе, жеріңе деген сүйіспеншілік, махаббат болуы тиіс. Сонда ғана ортақ Отанымызда бейбітшілік сақталады.
Бейбітшілігіміз баянды, еліміз бақытты болсын! – деп жиынды аяқтады.
Өз тілшімізден