Қасиетті Түркістан төрінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бастамасымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен халықаралық деңгейдегі «Жасампаз жас қазақ» атты жастар форумы өтті. Форумның негізгі мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қазақ жастарын біріктіріп, ұлт рухын жаңғырту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейту және жас көшбасшылардың әлеуетін арттыру болды.
Үш күнге созылған шара барысында қатысушылар «Ұлы Дала Елі» орталығы мен Hilton Garden Inn қонақ үйінде бас қосты. Форум жұмысы Қазақстан мен шетелден келген делегаттардың басын қосқан ерекше алаңға айналды.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков, Түркістан облысының әкімі және шетелден келген құрметті қонақтар сөз сөйледі.
Форумға Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Иран және Ауғанстаннан делегациялар қатысты. Қонақтар арасында Ресейдегі Новосибирск қаласының құрметті консулы Марат Калькулов, Қытай Халық Республикасынан «Бір белдеу, бір жол» жобасының Орта Азия бойынша жетекшісі Ербол Сансызбай бар. Олардың арасында Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының білім және ғылым меңгерушісі, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының «Жастарға білім беру және олардың тәлім-тәрбиесі бойынша» бөлімше басшысы және ғылым бөлімі меңгерушісінің орынбасары Клара Садирбаева бар.
Форум барысында сөз сөйлеген Клара Садирбаева қатысушыларға ерекше ықылас білдіріп, екі ел арасындағы достық байланыстардың маңызын атап өтті. Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің стратегиялық серіктестігі арқасында осындай ауқымды шараның жүзеге асып отырғанын айтты.
«Бұл форум – Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері басшыларының өзара сенімі мен стратегиялық ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асып отырған ерекше бастама. «Жасампаз жас қазақ» форумы – ұлттың рухын жаңғыртып, әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қазақ жастарының басын біріктіретін маңызды алаң.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жыл сайын шетелдегі қазақ балаларына қамқорлық танытып, елге оралуға мүмкіндік беріп келеді. Бұл – туған елдің есігі әрбір қазақ баласына әрдайым ашық екенін көрсетеді», – деді ол.
Клара Садирбаева форумдағы белсенді еңбегі және жиырма жылдан астам уақыт бойы қандастармен жұмыс істеудегі табанды қызметі үшін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының 33 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды.
Сонымен қатар, ол форум қатысушыларына арналған арнау өлеңін оқып, жастарға рухани шабыт сыйлады:
Жасампаз жас қазақ – елдің үміті,
Болашақтың бастауы, ердің күші.
Туған жердің туын ұстап биікке ап,
Жаңғыртсын ұлт рухын – елдің ісі!
Бірлігі жарасқан – жас ұрпақ сен,
Көңілің нұр, арманың асқақ, терең.
Қазақтың болашағы сенің қолыңда,
Тектіліктің жалғасы, жасампаз кемең!
Форум аясында жастардың бірлігі, көшбасшылық, мәдени және гуманитарлық байланыстар тақырыптарында панельдік сессиялар мен пікірталастар өтті. Халықаралық сарапшылар дәріс оқып, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне Түркістан облысы әкімдігі зор үлес қосты. Форум жұмысына Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Сейтжанов Нұрсұлтан Маратұлы мен Жанәбіл Болат Серікұлы қатысып, жастарға ізгі тілектерін білдірді. Сондай-ақ ұйымдастырушы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері Қарлығаш Бекпатшақызы мен Латифа Мұқашқызының еңбектері аталып өтті.
25 қазан күні өткен қорытынды дөңгелек үстелде форум нәтижелері бойынша меморандумдар мен келісім-шарттарға қол қойылып, елдер арасындағы ақпараттық және мәдени серіктестікті нығайту бағытында нақты ұсыныстар жасалды.
Форумның түпкі идеясы – «Жасампаз жас қазақ» бейнесін қалыптастыру, яғни рухы биік, заманауи ойлайтын, елін сүйетін ұрпақ тәрбиелеу болды.
Қорыты айтқанда, Түркістан төрінде өткен бұл халықаралық форум жастар арасындағы ынтымақ пен отаншылдықты арттырудың, рухани тұтастық пен мәдени байланыстарды нығайтудың жарқын үлгісі болды.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
