Біртұтас байтақ елім менің!

Елдік пен ұлттықтың, отаншылдық пен жершілдіктің, тұтастықтың тойы осы Республика күні, білгенге әрине. Қазір қазақ Құдай-Тағаласы қиып берген айналайын азаттықтың жалында айдарынан жел ескендіктен тереңіне бойлай бермеуі мүмкін. Елдік пен отаншылдықты біз сондықтан жатсақ-тұрсақ та, өскелең ұрпақтың құлағына құя беруіміз керек. Республикам менің, Қазақстаным менің, жанымның бөлінбесі, өміріме сән берген, мән берген ұлы құндылық! Сен болмасаң маған өмірдің керегі не деп тебіреніп айтатын ұрпақ келуі керек. Келген, келеді, келе жатыр да! Дүниеде ел мен жердің тұтастығынан асқан бақыт пен мерей жоқ. Қай халық үшін де солай.

Нанбасаңыз мынаны қараңыз, сонау отар кезімізде, ХХ ғасыр басында, ұлт ұстазы Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ: «Біз – қазақтар, Қазақ Республикасы деген атауды малданып жүрміз. Бұл республиканың мазмұны біздікі емес қой. Иесі де біз емес», – деп тасқа қашап кеткен екен Ахаң. Тәуелсіздік пен теңдіктің зары өткен Ахаң мұны терең түсініп тұр. Өз алдына дербес республика бола алмаудың ащы запыранын жұтып, осы күнге жетпей қаншама арыс пен боздақ құрбан болып кеткені тарихтан белгілі.

Елдік пен мемлекеттікті дәріптейтін және соны сақтайтын біртұтас республика ұғымына жеткізген Тәңірге тәубе! Ұлттың ар-намысы мен ұятының тұрағы да осы қасиетті атау емес пе? Халықтың киесі мен заңдар жүйесі сонда бекіген. Халықты басқаратын емес, бостандыққа, теңдікке апаратын, елдің ішкі мұраты ұйысқан қасиетті ұғым менің республикам. Оған ұлттық ар, намыс, қадір, қасиет деп қарамаса, ештеңе шықпайды. Сондықтан, жоғарыда Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, бізге біреу құрып немесе қалыптап берген республика ешқашан үлгі болмақ емес.

Сонау көне замандардан бері хандық құрып, іргелі ұлыс болған біздің елдігіміздің негізгі ұстыны ұлттық санамыздың айнасы жыраулар поэзиясында тұр. Асан қайғы, Доспамбет, Қазтуғандардың «Еділ бол да, Жайық бол», «Бетегелі Сарыарқаның бойында соғысып өлген өкінбес», «Қайран да менің Еділім!» жырларында, Ақтанбердінің «Күлдір-күлдір кісінетіп» деген толғауларынан айқұлақтанып көрінеді. Күллі қазақ даласы (шекарасы), ондағы адам құқы, бостандығы, бейбіт тұрмысы – бәрі жыр тілімен кестеленген. Ал, соған нұқсан келтіргенге жауап қандай? «Жауға шаптым ту байлап, Шепті бұздым айғайлап. Дұшпаннан көрген қорлықтан Жалынды жүрек қан қайнап, Елді-жұртты қорғайлап, Өлімге жүрміз бас байлап!» дейді. Одан беріде Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Қаздауысты Қазыбектің «Қалмақ қонтайшысына жауабында», Махамбеттің жырларында, осылардың ресми жиынтық үлгісі Әлихан Бөкейханның ұранды сөздерінде тұр менмұндалап. Адамдары тең құқылы өз республикасын қадірлемейтін ел бола ма жалғанда? Жоқ, әрине!

Ең бірінші қабылданған «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация Алаш жұртының азаттығына жол ашты. Онда мемлекеттік егемендік термин тұңғыш рет жазылды. Белгілі бір деңгейде таңдау құқы бар, таңдауға ие үкіметі бар деген мағынаны білдірмей ме? Осы тұстан бастап Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастағаны туралы деректер аз емес. Тарихи құжаттың қабылдануымен елдің егемендігінің бірден бір белгілері – жеке территориясы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.

1990-1991 жылдары туған менің құрдастарым дүниеге Қазақстан Республикасымен бірге келіпті. Азаттықтың таңы қылаң бере бастағанда туған ұрпақ. Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің де дәл осы тұста ғарышқа ұшқаны тегін емес. Айға қонып, Абайдың әнін шырқап, елімен есен де сау қауышқан мерейлі тұста қазақ басынан қандай ғаламаттар өткеріп жатқанын байқамай қалуы да мүмкін. Айға жетіп, Абайдың әні шырқалғанда, қайтсе бір құбылыс тууы керек еді ғой мұнда. Дүниеге Алаш ақыл-ойының көрсеткіші (эталоны) Абай келмесе, Қазақ топырағына азаттық та келмеуі мүмкінді. «Абай тумаса, Әлихан көтерген Алаш идеясы да болмас еді» дегені сияқты. Осындай дерексіз құбылыстардың бәрі біртіндеп түзіле-түзіле дүниеге Қазақстан Республикасын әкелді. Алланың қалауы, атаның тілеуі, бабаның судай шашылған қаны мен ананың көз жасының өтеуі шығар, кім біліпті. Бәрін айт та, бірін айт, бізге бұдан қымбат, бұдан қастерлі, бұдан асқан құндылық жоқ әлемде. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қазақтың Қазақстаннан басқа ешкімге керегі жоқ. Ал, Қазақстан жерінің асты-үсті байлығы мен сұлу табиғаты кімге керек жоқ дейсіз? Жан-жақтағы жұрттың бәрі иемденгісі келеді. Үндістерді қырып тастап жерін иеленген ағылшындар сияқты. Қазақстан Республикасының Ата Заңы, Қарулы Күштері, білімді азаматтары – бәрі жабылып соны қорғауға күш салуы тиіс. Ол үшін, әрине, ұлтты біріктіріп, басын қосатын тіл тұтастығы керек. Ауызбіршілік деген сол. Осы үдеден толық шығуға жазсын, ендеше.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *