Біздің мақтанышымыз

Ұстаз… Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі.., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ.., жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп… қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.

 Әбу-Насыр әл-Фараби

 

Біз  ол кезде бір отбасының тату-тәтті жандары едік. Әкеміз бен шешемізден бөлек бәрімізге ақыл айтатын Айсұлу апамыз бен әкеміздің туған қарындастары Иісжан мен Қарлығаш (Тиішбала), өз әпкем Рымкеш, сіңлім Зәуре — бәріміз бір шаңырақтың астында ғұмыр кештік. Айсұлу апам, әкем мен анам біздің үйдің қыздарының оқу оқып, білім алуларына ерекше мән беретін.  Отбасындағы есею жолы Иісжанның оқуға түсуі, жоғары оқу орнының студенті атануы мектептегі ұстаздық жолынан басталған. Кейіннен осы эстафетаны Қарлығаш, Рымкеш, мен, Зәуре жалғастырғанда үйдегі үлкендердің қуанышында шек болмайтын. Үлкен шешеміз бен әкеміздің еркелете айтатын жылы сөздері, шешемнің қайын сіңлілеріне деген құрметі естен кетпес естеліктер болып қалған. Әсіресе, әкем еркелететін «Иішкеннің», біз атын атамай ерекшелейтін «Ишаның» жөні бір бөлек еді. Оның студенттік күндері мен мектептегі қызметін әкеміз бізге үлгі-өнеге ретінде айтып отыратын.

3-4 жас шамасындағы кішірек кезімде үйдегілердің «Ишаларың  оқу оқып жатыр» жатыр деген сөздерін еститінмін. (Бұл кез Иісжанның Саран қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеде оқып жүрген шағы екен). Апайымыз анда-санда үйге келгенде, сіңлілеріне тәттілер таратып, кәмпит жеп, мәз болушы едік. Арада біраз уақыт өтіп, 1965 жылы мен де мектеп табалдырығын аттап, бірінші класқа бардым. Бұл уақыт Иісжанның педучилищені бітіріп келіп, мектептегі еңбек жолын бастаған шағы. Бір үйдің жандары мектепке барамыз, мектептен үйге қайтамыз. Сондай сәттерде «менің Ишам – мұғалім» деген қуанышты сезім бойымды баурайтын. Балалық көңілмен мақтанғаным да жасырын емес. Мектептен үйге келіп, ертеңгі сабаққа дайындалу Иісжан апайым үшін де, біз үшін де үйреншікті әдетке айналған. Балалық сезіммен Ишама іштей сүйсінетінмін. Жүріс-тұрысына, іс-әрекетіне, сабырлы да салмақты мінезіне қарап, «сондай болсам» деп, еліктеп өскеніміз рас.

Сөйтіп, өмір- өзен өз ағысымен өтіп жатты.

1969 жылы Иісжан ауылдың Естай атты азаматына тұрмысқа шығып, өз отбасын құрды. Иә, дәл қазір Ишамның тұрмысқа шығатын күнгі біздің үйдегі көрініс менің көз алдымнан көлбеңдеп өтіп жатқандай. 10-11 жастағы кезім.  Көршінің балаларымен ойынның қызығына кіріп кетіп, кешірек, кешқұрым мезгілде үйге қарай келе жатып, үйіміздің жанына жақынырақ жерде тұрған Естай ағамызды көзім шалды. Менімен ақырын ғана басын изеп амандасты. Мен де «сәлеметсіз бе?» дедім. (Осы ағайдың кейінірек кезде біздің үйдің маңайын торуылдап жүретінін  жиі көретінмін). Бізден сәл әрірек жерде жеңіл көліктің жанында 2 ересек адам бір-бірімен күбірлесіп сөйлесіп тұр. Үйге кірсем, Айсұлу апам кешкі жайылған дастарханның басында үнсіз отыр. Жайшылықта жарқылдап сөйлеп қарсы алатын апамның мына қылығы біртүрлі екен. Ауыз бөлмеден төргі бөлмеге қарай өттім. Қарсы алдымда Ишам орындықта отыр, сыртқы киімін киіп алған. Дәл қасында үлкен қоңыр чемоданы бар. Мен үшін тағы да тосын құбылыс. Ештеңеге түсінбей, ауызғы бөлмеге қайта келіп, апамның қасына жайғаса бергенім сол еді, Ишам бөлмесінен чемоданын ұстап шығып, сол үнсіз қалпында бізге қарамастан, сыртқа шығып кетті.Сол мезетте Айсұлу апам «бақытты бол, құлыным!» деп, жылап жіберді. Ештеңеге түсінбеген менің «апа, неге жыладың, не болды?», дегеніме: «Ишаң күйеуге тиіп кетті, көршілерге  барып айт»,-деді. Мен де жылап жібердім. «Апа, енді біз не істейміз?»-дей бердім. Ишамды қимағандаймын. Дәл сол сәтте алғаш рет  бауырдың бауырға деген қимастық сезімінің бойымды баурап алғаны анық.  Көп кешікпей, далаға шықтым. Түн мезгілі басталыпты. Көрші үйге барып, «Ишамды күйеуге алып кетті» дегенім бар. Көрші-қолаң жиналып, апама басу айтып жатты. Иә, сол күні Иісжан Естай атты өмірлік қосағын тауып, Кәріпжан атаның үйіне келін болып түсті.

Естай мен Иісжан өте бақытты жандар еді. Ерлі-зайыптылардың ерекше сыйластығы мен сүйіспеншілігі олардың  бір-біріне қараған жылы қабақтары мен үнсіз түсінісетін көздерінен көрініп тұратын.

Естай иманжүзді, қараторы, ойлы қара көзді, қасқа маңдайлы, сымбатты жігіт болатын. Біз жездемізді жатсынбай, жақсы көріп кеттік. Жезде деп емес, ағамыздай сыйладық.  Естай ақжарқын, ақ көңіл мінезімен айналасындағы алыс-жақын ағайын туысқа, ауыл-аймаққа да қадірлі болды. Әкеміз Жұмақаспен күйеу баладан бөлек, інісіндей сырласып, қолдау көрсеткен ерекше жан болатын.

Естай жездеміз 1973 жылы  Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, «материалдық–техникалық жабдықтаудың экономикасы мен жоспарлануы» мамандығы бойынша жоғары білім алып, аталған оқу орнын 1978 жылы бітіріп шықты. Тынымсыз тер төгіп, еселі еңбек етуінің арқасында Естай Кәріпжанов Ақшатау совхозының партиялық комитетінің секретары, бірнеше жылдар бойы Ақшатау ауылдық советінің председателі қызметтерін атқарған айтулы азамат.

Естай балаларына да ерекше мейірімді әке болды. Балапандарын беттерінен қақпай өсірді. «Менің өмірімдегі бар бақытым – осы балаларым ғой!» деген сөзді аузынан тастамай, өле-өлгенше айтып кетті. Олай дейтінім, өкінішке орай, балаларының қызығын енді көретін шағында жұбайы Иісжанмен 20 жыл отасқаннан кейін, 44 жасында ауырып, өмірден өтті.

1970 жылы Естайдың отбасында алғашқы перзенттері Серік дүниеге келді. Кәріпжан ата алғашқы немересінің іңгалаған дауысын естіп, құшағына қысып, сәбидің тәтті иісін иіскеді. Одан кейінгі балаларды ол кісі көре алмады. 1971 жылдың наурызында, Орынғазы дүниеге келерден бір ай бұрын бақилық болған еді. Кешікпей дүниеге  келген нәрестенің атын атасының орнын басқан бала деп, «Орынғазы» қойған екен.

Өмірге Жадыра, Руслан, Жасұландар келді. Үйдегі балалардың үлкен шешелері Рахима әжеміздің де қуанышында шек болған жоқ. Осы жылдары Естайдың отбасымен жиі аралас-құралас қарым-қатынаста болдық. Олай дейтінім, біздер ауылдың «төменгі ауыл» дейтін жағында тұрдық. Естайдың үйі мен біздің үйдің арасы онша алыс емес болатын.

Иісжан ана атанып, балалары дүниеге келген соң, көп ұзамай жұмысқа шығып кететін. Оның себебі сол кездегі Кеңес үкіметінің еңбек туралы заңы бойынша әйел адам нәрестелі болып, баланы қырқынан шығарған күннен кейін, дереу жұмысқа шығатын болған. Заңның аты – заң, Иісжан мұғалім де осы ережеге сәйкес еңбек етуін жалғастырып жатты. Алла берген бес баланы бағып-қағу, тамақ істеу, үй шаруасы, мектептің жұмысы – таусылмайтын ауылдың тіршілігін атқару әйел адамға оңай болмасы анық. Иісжан да осындай қайнаған тіршіліктің қақ ортасында, зырылдап жүріп, бар шаруасын бітіретін. Арасында үйге қонақ келеді. Қонақ күтетін кезде Иісжан апамыз жұмыстан келе сала ас мәзірін дайындаудың қамымен таңға дейін жүретіні бар. Қонаққа арнаған дастарханын жайнатып, балалар тиіспесін деп, қонақ бөлменің есігін кілтпен жауып, мектепке кетеді. Сабақтарын өткізіп келіп, кісілерін қарсы алатын. Көзге көрінбейтін күйбең тіршілікке еш мойынсынбаған осындай жан мектепте ұстаздық қызмет атқарып жүріп, өмірінде бірде бір рет сабақ босатпаған екен! Иә, дәл солай.

Сол жылдары Рымкеш екеуіміздің жоғары кластарда оқып жүрген кезіміз. Мектептен үйге келген соң, кейде екеуіміз бірге, кейде кезектесіп, Иісжанға қол ұшын беріп, көмектесуге жиі барып тұратынбыз. Кейде сол үйге түнеп, ертеңінде мектепке баратынбыз. Қыз баламыз ғой, бірге туған апайымыз бен Рахима әжемізге қолымыздан келгенше көмектесу-біз үшін міндет болатын.

Ендігі ойымды Рахима әжеміз туралы еске түскен естеліктермен жалғастырайын. Иісжан жұмысқа кеткенде, үйдегі кішкентай балаларға Рахима әжелері бас-көз болатын. Сол үйге барғандағы мына бір  жайт ойыма оралып отыр. Бірде Рымкешпен бірге  үйге кіргенімізде, немерелерінің ортасында бір қолымен бесікті тербетіп, «әлди-әлди-әлди-айды» айтып, бір қолымен екінші немересін құшағына қысып, бесікпен қоса тербетіліп отырғанының, үшінші  немересінің әжеміздің кимешегінің астынан басын қылтитып қарап тұрғанынының куәсі болдық. «Әже-әжелеп», бірі сүт сұраса, бірі ойыншыққа таласып, әжелері орнынан тұрайын десе, бірі көйлегінің етегіне жармасып, біресе күліп, біресе жылап, улап-шулап жатқан кішкентай сәбилердің қылықтарына «қыңқ» демей отырған әжені көрдік. Рахима әжемізге қарап, әрі сүйсініп, әрі күлгеніміз бар. Бізді көрген кейуана «көмекшілерім келді» деп, қуанып қалатын. Осы орайда, Рахима әженің немерелеріне қарап  айтқан мына бір сөздері де есімде қалып қойыпты: «Түрім-ұсқынсыз, бетім-қап-қара, көзім-ала, мұрным-пұшық, белім-бүкір. Осылар менің қай жерімді жақсы көреді екен?» деген сөзіне ішек-сілеміз қатқанша күлген едік. Сонда Рымкеш тұрып: «Әже-ау, сізді осы түріңізбен немерелеріңізбен бірге бәріміз де жақсы көреміз!» деген болатын.  Немерелерінің тіпті түн мезгілінде де әжелерімен «бастасып», «аяқтасып», бірге ұйықтайтынын қайтерсің?! Сөйткен Рахима әжеміз балалардың кенжесі Жасұлан алты жасқа келгенде дүниеден озды. Бүгінде есейіп, ел қатарына қосылған немерелері сүйікті әжелерін сағына еске алады.

1972 жылы Иісжан мұғалім ҚарПИ-дің математика факультетін тәмамдап, жоғары білім алды. Мектептің жоғары класс оқушыларына геометрия және алгебра пәндерінен сабақ жүргізді.

Иісжан мұғалім класқа кіріп келгенде, әншейінде улап-шулап жүретін оқушылар, әсіресе ұлдар жағы, тып-тыныш отыра қалатын. (Оқушылар арасында мен де бармын). Иісжан мұғалімнің түрі суықтау болғанымен, оқушыларға тым қатал немесе тым «жұмсақ» болған жоқ. Мұғалім мен оқушы арасындағы этикалық байланысты орынды ұстанатын. Ешбір оқушының жеке басына өтпейтін, субординациядан асып кетпейтін, өзін бір қалыпты ұстайтын, шәкірттерін тым «қыспайтын» мұғалім болды. Бағаны әділ қоятын. Есепті өтірік шығара алмайтының анық. Жалқаулыққа салынбай, еңбектеніп оқысаң, жақсы баға аласың, оқымасаң, керсінше. Есеп шығарудың түрлі тәсілдерін шебер меңгерген ұстазымыз кез-келген тақырыпты жеңіл әдіспен түсіндіре білді. Өз пәнінің майталман маманы Иісжан мұғалімнің өзі оқытқан оқушылары алдындағы беделінің биік болуының бір себебі осындай адамгершілігіне байланысты болар.

Иісжан мұғалім туыстық қарым-қатынаста да әділдікті жақтаған жан. Бірде Иісжан мұғалім мектептен қайтып келе жатып, жолай біздің үйге келгені бар. Дастархан басында өзімізге қатысты әңгімелер айтып, шүйіркелесіп шай ішіп отырғанбыз. Әңгіме арасында Айсұлу апамның Иісжанға қарап: «Мына Ркен (Рымкеш) мен Сәукенге (Сәуле) өз сабағыңнан есеп шығартып, бастарын қатырмай-ақ, еселеп «бес» деген бағаны қоя бермейсің бе? Сіңлілеріңнің онсыз да оқитын басқа сабақтары жеткілікті», — деп, төтесінен қойып қалмасы бар емес пе? Сонда Иісжан мұғалім: «Жоқ, апа, сіз айтты екен деп, өтірік баға қоя алмаймын. «Бес» деген бағаны өз еңбектерімен алсын. Бағаға туыстықтың еш қатысы жоқ!» деп жауап берген еді. Иісжан мұғалімнің жауабын біз де қостап, Айсұлу апамның осындай «қожанасырлығына» күліп жатырмыз.

Иісжан мұғалім ұстанған әділдікті жақтап, апайымның сенімінен шығуға тырысып, үнемі сабаққа дайындалатынмын. Мектептің 8-сыныбын бітіретін жылы геометрия сабағынан ауызша емтихан тапсырғаным бар. Билетте берілген барлық сұрақтарға жауап бердім. Емтиханға қатысып отырған комиссия мүшелері маған бірінен соң бірі жарысып, (мені сынаған түрлері екенін артынан білдім), бірнеше сұрақтар қойды. Мен де еш мүдірместен жауап бере бердім. Мұғалімдердің риза болғандары соншалық, ду қол шапалақтап жіберді. Иісжан мұғалімімнің жүзінен де разылықтың белгісін байқадым. Сөйтіп, өзімнің шынайы бағам «бесімді» алып шыққаныма қатты қуандым.

Иә, бүгінгі күні Иісжан мұғалім 80-нің сеңгіріне келді. Өмірінің саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнау барысында түрлі марапаттарға ие болды.

Жоғары санатты мұғалім еңбек жолында жетістіктерге жетіп, мектепішілік, аудандық сайыстарға қатысып, мектептің абыройын көтерген.

Оқушылары бірнеше рет аудандық олимпиадалардан жүлделі орындар мен алғыс хаттар иеленген. Ұлағатты ұстаздан дәріс алған шәкірттері бұл күндері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мамандық иелері атанып, басшылық қызмет пен бизнес саласында жемісті еңбек етуде. Бұл – ұстаздың тер төккен еңбегінің жемісі.

Мектептегі кәсіподақ өмірі, әр жылдары өтетін түрлі деңгейдегі сайлау науқанының ортасында жүріп, үгіт-насихат жұмыстарына белсенділік танытты. Аудандық партия конференцияларына, облыстық мұғалімдер съезіне делегат болды.

Иісжан Шахина жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін облыстық білім беру бөлімі тарапынан құрмет грамотасымен марапатталады.

Иісжан мұғалім мектепте өз бойындағы еңбекқорлығымен, білім беруге деген адалдығымен, жаңашылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен, өте ұқыпты, тыңғылықтылығымен ерекшеленеді. Сол себепті, 1973 жылы аудандық білім бөлімінің «СОЦИАЛИСТІК ЖАРЫСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ» белгісімен, 1987 жылы ұзақ жылғы адал еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан Жезқазған облыстық халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің шешімімен «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» медалімен марапатталды.

Иісжан Шахина бес баланың анасы болғандығы үшін де, 1978 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Ана» медалімен марапатталды.

1999 жылы 34 жыл еңбек өтілінен кейін құрметті демалысқа шығады. Ал 2017 жылы ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі бағаланып, «Алаш ұстазы» республикалық ғылыми-педагогикалық әдістемелік журналының Қазақстан Республикасы Білім беру үлесіне қосқан үлесі үшін «Алаш ұстазы» медалімен марапатталады.

Иісжан Шахинаның ұрпақтарға білім беру жолындағы үздіксіз еткен еңбегі мен төккен тері текке кеткен жоқ. Биік белестерді бағындырып, түрлі басшылықтар тарапынан жоғары бағасын алды. Иісжан мұғалімнің ел алдындағы абройы асқақ, тұғыры биік.

«Бір кем дүние»… Иісжанның балаларының қызығын көрер шағында  аяулы ұлдары Руслан мен Орынғазының   мезгілсіз өмірден өтуі апайымыздың қабырғасын қайыстырды. Қос қайғыны көтеру ана үшін оңайға түскен жоқ… Әйтсе де өзін сабырға шақырды, Жаратқаннан жақсылық күтті, бүгінгі күніне шүкіршілік етті, ұрпақтарының тілеуін тілеуден жалыққан жоқ. Жақында үйленіп, шаңырақ көтерген немересі Ермұқанның тойының төрінде отырып, зор қуанышқа кенелді.

Аса қымбатты, Иісжан апайым! Мәртебелі мерейтойыңыз құтты, денсаулығыңыз мықты болсын! Туған-туыс, құда-жекжат, бала-шағаңыздың қызық қуаныштарына бөленіп, ұзақ та ғибратты ғұмыр кешуіңізге шын жүректен тілектеспін

Сәуле Жұмақасқызы ШАХИНА,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды

Ұлттық зерттеу университетінің

қауымдастырылған профессоры

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *